Оксана Тен: Дәл осы елде Денистің болмашы затқа бола өліп кеткені өкінішті
Денис Теннің анасы 4 қаңтар күні өткен сот отырысында ұлының болмашы затқа бола өліп кеткеніне күйінетінін айтты. Оксана Тен Денистің қаншалықты патриот болғанын айтып, сырттан келген қонақтардың Қазақстан туралы пікіріне Денистің қаншалықты әсер еткенін айтып берді, деп хабарлайды Stan.kz тілшісі сот залынан.
“Елдің атын шығарған, елі үшін жаны ауырған, мемлекетін барынша жақсы етіп көрсетуге тырысқан Денистің осындай жағдайда қаза болғаны өкінішті. Ол неше түрлі жұлдыздарды елімізге шақырып: – Бізде қандай керемет, – деп айтатын. Оның шақыртуынан кейін барлығы да Қазақстанға ғашық болатын. Бұл – қонақжай әрі ақкөңіл қожайын ретінде Денистің еңбегі еді. Келген қонақтардың бәрі: – Неткен жақсы адамдар, қандай керемет өмір сүресіздер, тағамдарыңыз қандай дәмді, қыздарыңыз қандай сұлу деп айтып кететін. Денистің дәл осы елде, осындай болмашы затқа бола өліп кеткені өкінішті”, – деп мәлімдеді Оксана Тен.
Марқұм спортшының анасы күдікті үшеудің бірінші кезекте, еліміздің беделіне нұқсан келтіргенін айтты. Оксана Теннің айтуынша, қылмыскерлер ел имиджіне түсірген дақты ұзаққа дейін жуып шая алмаймыз.
“Мен күдіктілерге еліміздің масқарасын шығарғаны үшін де жауапкершілік артамын. Мемлекеттің имиджіне үлкен нұқсан келтіргені соншалық, біз мұны ұзаққа дейін жуып шая алмаймыз. Бұл – сіздердің үлкен минустарыңыз, бірінші кезекте елдің масқарасын шығарғандарыңыз үшін кінәлісіздер”, – дейді Оксана Тен.
Бұдан бөлек анасы Денистің тіпті, халықаралық деңгейде жауы болмағанын мәлім етті. Оксана Теннің айтуынша, Денистің жетістігін әлдекімдер көре алмаған.
“Ана ретінде Денистің кез келген қиындықтан жол таба білетін, ешкіммен ұрсыспаған, дипломат болғанын айта аламын. Оның тіпті халықаралық деңгейде де жауы болмаған.
Болған іске не түрткі деп ойландым. Ақша сынды себептерді қарастырмадым. Оның өмірлік ұстанымы, жетістігі біреуге ұнамаған шығар.
Денис ешқашан өзін жұлдыз санамаған. Қарапайымдылықты жақсы көретін. Журналистер біледі, ешқашан сұхбаттардан бас тартпаған. Бірақ оған ондай “жұлдыздық” өмір ұнамайтын. Бергенді жақсы көретін. Қуана-қуана көмек көрсететін”, – деп еске алды ұлын Оксана Тен.
Stan.kz сайтын Telegram арқылы оқыңыз. Арнамызға жазылыңыз.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
