Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Жұрт “ң” әрпін дұрыс айта алмауымды сынайды": Қазақ тілін қазақтарға үйретіп жүрген орыс қызы өзіне жасалатын хейтинг жайлы айтты

Оксана Набиева (Павлова) – қазақ тілін кәсіби түрде қазақтарға үйретіп жүрген орыс ұлтының қызы. Мектеп табалдырығын қазақша аттаған отандасымыз бала кезінен мемлекеттік тілді үйренуге деген құлшынысы зор болғанын айтады. Айтуынша, тілді білуі үлкен мүмкіндіктерге жол ашып, табысты кәсіп дөңгелетіп әкетуіне әсер еткен. Алайда кәсібіне қатысты сын мен мін де жиі кездесетінін айтқан Оксана қазақтар тарапынан хейтинге де ұшырайтынын жеткізді. Stan.kz тілшісіне берген сұхбатында ару қазақ тілін еркін меңгеруінің құпиясын ашып, жағымсыз пікір айтатын оқырмандарға не деп жауап беретінін айтты.  

Оксана Набиева (жеке архивтен)

Қазақ тіліне қызығушылығым мектеп қабырғасынан басталды

Бала кезінен қазақ тілді ортаға түскен Оксана тілдің “қызығына кіріп”, осы жолда кәсіби маман боламын деп шешкен. Мемлекеттік тілді таза меңгеруі ару үшін үлкен мүмкіндіктер сыйлаған. Соның бірі – Ұлттық арнаның төрінен эфир жүргізіп, көрермен көзайымы болу еді.

“Жамбыл облысы Жаңатас қаласында дүниеге келіп, бес жасымнан бастап Тараз қаласында өстім. Қазақ тілін үйренуім туған өлкеме байланысты туындаған мүмкіндік деп білемін. Тұрғылықты жерімде орыс мектебі 30 шақырым жерде орналасып, жақын маңнан да табыла қоймады. Қашықтағы орыс мектебіне қатынап оқуға жағдайымыз келмеді, ата-анамыз жұмыста жүрді. Осылайша қазақ тілді мектепке жолым түсті.  Қазақ сыныбының табалдырығын аттаған мен төртінші сыныпқа дейін барлығын жаттанды түрде айтып жүрдім, себебі жалпы тілді түсіне қоймадым, қиын болды. Алтыншы сыныпқа келген кезде саналы түрде қазақ тіліне деген қызығушылығым артып, грамматика мен тілдің заңдылықтары негізінде қазақ тілін үйреніп алдым. Осы кезде Абайдың 49 өлеңін жатқа айтып, республика көлемінде 1-орын алғаным бар. Абайдың өлеңдері сөздік қорымды байытуға үлкен мүмкіндік сыйлады. Сонымен не керек, сегізінші сыныпта қазақ тілін еркін меңгеріп, жоғары деңгейде сөйлейтін дәрежеге жеттім. 

Мектеп қабырғасынан басталған қазақ тіліне деген қызығушылығым өмірімдегі түбегейлі бетбұрысқа алып келді. Университет қабырғасында конференцияларға қатысу барысында журналистердің назарына ілігіп, мені "Qazaqstan" ұлттық арнасына кастингке шақырды. Кастингтен сәтті өтіп, 2-курста "Менің Қазақстаным" атты жобаның 2019 жылдың жазына дейін жүргізушісі ретінде қызмет атқардым”, – дейді Оксана Набиева.

 

Қазақ тілінен тегін сабақ беріп жүріп, өз платформамды аштым

 

Болашағын қазақ тілімен тікелей байланыстырамын деп түбегейлі шешкен Оксана "қазақ тілінен орыс тіліне, орыс тілінен қазақ тіліне" аудармашы, яғни "ілеспе аудармашы" маманы. Қазіргі таңда отбасы, кішкентай қызы бар.

“Алматының Достық үйіне "Қазақша сөйлейік" атты клубын тегін жүргізген кездер болды. Оқушыларым көбейе берді, бірнеше сабақтан соң олардың ұсынысымен сабақты ақылы түрде жүргізуге көштік. Себебі олар қазақ тілін тезірек үйреніп, нәтижеге жеткісі келді, ал аптасына тек бір реттік сабақ өте аз көрінді. Тікелей оқушылардың ұсынысы, бастамасы негізінде студенттік шәкіртақыма орындық, үстел, тақта алып, кішігірім кеңсе жалдап, кәсіпкерлік оқиғам осылай басталып кетті. 2-курстан бері Алматы қаласында екі үлкен қазақ тілін оқыту орталығын аштым.

2020 жылдың наурыз айнына дейін жұмыс істеп тұрған орталықтар ковидке байланысты өз жұмысын оффлайн түрде тоқтатып, онлайн форматқа көшкен болатынмын. 2021 жылы қыркүйек айынан бастап мен өзімнің платформамды аштым. Аталмыш платформада қазір 300-ден астам оқушы, ал ZOOM арқылы  70-тен аса кішкентай балақайлар оқып жатыр”, – дейді Оксана.

 

Кез келген жерде басқа ұлт өкілдері үлкен құрметке бөлейді

“Мен үшін ешқашан шаблон бойынша, тек кітапта берілген ақпаратттармен бөлісіп отыру дұрыс шешім болмайтын. Үнемі өзімнің ойымды, пікір білдіріп отыруды жақсы көремін. Ақпараттарды жиыстырып, кереғар екі ақпартты салыстырмалы түрде талдау жүргізе отырып, эмоция мен дауыс ырғағын ауыстырып сабақ айтатынмын. Кез келген жерде қазақ халқынан, басқа ұлт өкілдерінен үлкен құрметке бөленіп жүрмін. Оның себебі тілді біліп қана қоймай, мәдениетін, салт-дәстүрін сыйлағаннан, оның өміріне белсенді араласқаннан деп білемін”, – дейді қазақ тілін оқытушы. 

 

"Қалай үйрендің? Қай жерден үйрендің? деген сансыз сұрақ астында қалдым

“Таңданыс білдірген адамдар көп болды. "Қалай дәл осылай қазақ тілінде таза, еркін сөйлейсің?" деп сұрап жатады. Дегенмен мен мұны таңданыс білдіретіндей жағдай деп есептей алмаймын. Бұл – қалыпты жағдай. Қазақтың жерінде тұрып, барлығы қазақ тілінде еркін сөйлей алу тиіс. 

“"Қалай үйрендің? Қай жерден үйрендің? Қалай үйренуге болады? Керемет екен, жарайсың!" деген пікірлерді жиі естимін, сондай-ақ, қазақтар бауырларына тартып, "Қарындасым, көмек керек болса айт", –  деп менің жақын достарыма айналады. Кез келген сәтте көмек қолын созуға, жәрдем беруге дайын адамдар”, – дейді Оксана өзіне қатысты пікірлер жайлы.

 


“Тілімді қорламай, елден кет” дегендер болды": Қазақ тілін қазақтарға үйретіп жүрген корей азаматы өзіне жасалған хейт туралы айтты 


Қадам-қадаммен әрекет еткен адам тілді қалай үйренгенін байқамай қалады

“Кез келген шет тілін үйренуге жүйе керек. Ол – оңайдан қиынға қарай жүреді. Және де әр сабақ сайын деңгейге байланысты грамматиканың бір түрін қосу арқылы, оқылымды, тапсырманы, ойындарды, тыңдалым жасап үйренетін болса кез келген адам сабақты оңай алып кетеді. Себебі ешқандай қиындығы жоқ. Ақпаратты жаттау арқылы қабылдай алмаймыз. Яғни грамматика түрінде, аудио, ойын, оқылым түрінде, сондай-ақ екі адамның арасында жарыс түрінде ұйымдастыруға болады.

"Қазақша сөйлейік" клубында біз оқыту жүйесін дебат түрінде өткіземіз. Яғни бір ақпаратты тыңдарманға, үйренушіге әртүрлі формада жүйелі түрде  беру керек. Қадам-қадаммен адам қалай тілді үйренгенін байқамай да қалады. Және де сабақтың осындай формасы адамға ұнайды, түсінеді. Түсініп, үйренген сайын адамда қуаныш сезімі пайда болып, үсті-үстіне құлшынысы арта түседі, жалығып кетпейді”, – дейді оқытушы методикасы жайлы.

 

Қазақ тілін үйренуге деген сұраныс өте жоғары

Айтуынша, алты ай бұрын, қыркүйекте ісін алғаш бастаған кезде бірден 150 адам курсына қатысуға ниет білдіргенде таңғалған. Қазіргі уақытта сұраныстың көптігіне байланысты платформа арқылы жұмыс істейтінін айтады.

“Менің әдістемемнің ең басты ерекшелігі – адам өзіне қолайлы кезде сабақты ашып, қарай алады. Тіпті автобуста, шет мемлекетте жүріп болсын оқи алады”, – дейді Оксана. 

Маған келетіндердің 70 пайызы – қазақтар

“Кейбір адамдар таза әдеби тілде сөйлегісі келеді, кейбірі түсінеді, бірақ ойын жеткізе алмайды, кейбір адамдар мүлдем тіл білмейді. Мысалы, Ресейде тұратын қазақтар өте көп.  Олар өздерінің туған ана тілін білгісі келеді, сол себепті маған келіп жүгінеді.  Ресейде тұрып, қазақ тілін үйреніп жатыр. Сондай-ақ министрліктен, шенеуніктер де жиі қатысады”, – дейді оқытушы.

“Қазақша сөйлейік” курсында 5 жастан 75 жасқа дейінгі адамдар қатысады. Қазіргі таңда зейнетке шығып, бірақ қазақ тілін үйренемін, оқимын деп қызығушылық танытып жатқан адамдардың қарасы қалың.

“Мен өмір бойы Қазақстанда тұрып келемін, қазақ тілін үйрену менің арманым” деп келетін адамдар да көп.  Мысалы менің Евгения Федоровна есімді 70 жастағы оқушым бар. Неге сіз қазақ тілін үйренгіңіз келеді? 70 жаста кеш емес пе деген сұрағыма: “Жоқ, кеш емес. Менің өмірім алда” деп жауап берді.  Бірақ бұл кісілер қабылдау деңгейінің нашарлау болуына байланысты балалар курсы бойынша оқиды”, – дейді курс авторы.

Жұрт “ң” әрпін дұрыс айта алмауымды сынайды

“Менің "ң" әрпін дұрыс айта алмауыма көп адам негативті пікір білдіреді. Бірақ, мен Қазақстан Ұлттық арнасында 3 жыл бойы жүргізуші болып  жұмыс істедім.  Ешқандай кедергі болған емес. Қазақ тілінің төл дыбыстарын дұрыс айта алмау – өрескел қателік деп санамаймын. Бұл – қазақтың қанымен берілетін нәрселер деп есептеймін. Бұл нәрсе менің басқа ұлттан, яғни орыс ұлтынан екенімді дәлелдейді. Мұны бірақ, қазақтар, жалпы халық түсінбей жатады. Бірақ, мен мұндай пікірлерге көңіл бөлмеймін.

Алғашында бұған қатысты жабығатынмын. Кейіннен ойласам, мен қазақ тілін 400-ге жуық адамға үйретіп жатырмын. Олар қазақша еркін сөйлеп, нәтиже жасап жатыр. Бұл тек диванда жатып жағымсыз пікір қалдырып отырған адамдар. Қазір жағымсыз, орынсыз пікірлерге мән бермеуге тырысамын. Сонымен қатар жақсы пікір қалдырып, мотивация беріп отыратын оқырмандарым бар. Жасаған аудармаларыма қатысты маған ұсыныстарын білдіріп отыратын адекват адамдар көп. Сол арқылы біз қызу талқыға түсеміз”, – дейді ол. 

Неге мен тегін қызмет ұсынуым қажет?

“Тағы бір хейт менің курс ашып, сол арқылы табыс тауып отырғаныма қатысты. Көпшілігі "Қазақстанда қазақ тілін тегін үйрету керек дейді. Сіз сондай патриот болсаңыз, неге тегін үйретпейсіз?" – деген пікір білдіріп жатады. Мен бұл пікірмен келісер едім, егер үкімет тарапынан көмек, қаржы алып отырған болсам. Маған ешқандай бюджеттен қаржы бөлінбейді. Мен неге тегін үйретуім қажет?

Алматы қаласында  қазақ тілін тегін үйрететін клубтар бар. Ол клубқа бюджеттен қаржы бөлінеді. Егер қазақ тілін тегін үйренгіңіз келсе, сол клубқа барыңыз. Бірақ менің курсымның ол клубпен ешқандай байланысы жоқ. Мысалы мен Достық үйінен желтоқсан айында кабинет сұрағанмын, алайда әлі күнге дейін ешқандай жауап келмеді. Тіпті “оқушыларыңызды тегін оқытып беремін” деген ұсынысымның өзінде әлі күтіп жатырмын. Маған үкіметтен көмек жоқ, неге мен тегін қызмет ұсынуым қажет? Маған ешкім нанды тегін ұсынбайды.  Мен ұсынып отырған курстың бағалары  8 мың мен 15 мыңның арасында. Қолжетімді баға деп есептеймін. Негізінен осы екі мәселе үнемі алдымнан шығады”, – дейді Оксана Набиева.

 

 

Талқылау