"Өкпесі ісініп, шіріп кеткен": Ақтөбелік дәрігерлер бірнеше ай бойы 18 жастағы науқастан қатерлі ісікті анықтай алмаған
 Фото: Видеодан скрин
Фото: Видеодан скрин
Ақтөбеде дәрігерлер бірнеше ай бойы 18 жастағы науқастан қатерлі ісік диагнозын анықтай алмаған. Осы уақыт ішінде ол әскери қызметке жіберіле жаздаған. Жігіттің денсаулығындағы ақау ұзақ уақыт байқалмаған. Ол мерзімдік шегерім берілгеннен кейін ғана міндетті флюорографиядан өтіп, оның нәтижелерін әскери-медициналық комиссияға алып барған. Сол кезде ғана дәрігерлер оның ағзасындағы қауіпті өзгерісті көрген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Светлана мен Олег – 18 жастағы Ярослав Горбуновтың ата-анасы. Олардың ұлы қазір Астанадағы клиникада емделіп жатыр. Биыл шілде айында жігіттің аяғы ауыра бастаған. Денесінің сол бөлігінде түйін байқалып, дереу ауруханаға барған. Бірақ рентген аурудың себебін анықтай алмаған.
“Хирург суретті қарап: “бұл жерден ештеңе көріп тұрғаным жоқ. Сенің әскерге шақырылатын жасың келді, мүмкін әскерге бармас үшін әдейі жасап жүрген шығарсың” деді. Ұлымда уақыт өте келе ауырсыну күшейіп, аяғы қатты ақсай бастады. Ұлыма балдақ сатып әпердік. Кейін оны әскерге шақырды. Әскери комиссариатқа барғанда да: “Сен сияқты ақсағандар көп. Жылдам емдел, әскерге барасың!” деп айтқан”, – дейді Ярославтың анасы Светлана Горбунова.
Соңында Ярославқа алты айға дейінгі мерзімдік шегерім берілген. Бірақ оған аяғындағы ауырсыну емес, көзге жасалған ота себеп болды. Жігіттен флюорография нәтижесін алып келу талап етіледі. Ол флюорографиядан өтіп, оның нәтижелерін әскери-медициналық комиссияға алып барған. Осылайга комиссия ауруды байқап, жігіттің үйіне бірден хабарласқан.
“Менен паразит – эхинококкоз тапты” деді. Біз қатты таңғалдық. Барсақ: “Мына жерде жеті киста, мына жерде бесеу бар. Шұғыл ота жасау керек, біреуі тым үлкейіп кеткен” деді. Ота кезінде хирургтің өңі өзгеріп кетті. Ол мені жеке шақырып: “Операция жоспар бойынша өтпеді. Кеуде қуысы ашылғанда, бұл эхинококкоз емес екені анықталды. Оның сол өкпесі ісініп, шіріп кеткен. Бұл қатерлі ісік” деді”, – дейді жігіттің анасы.
Алайда өкпедегі бұл өзгерістер негізгі аурудың салдары ғана. Мұны медицинада метастаз деп атайды. Олар сүйек пен бұлшық ет тіндерінен дамитын қатерлі ісік саркоманың нәтижесінде пайда болған. Саркома ағзаға тез тарайды. Ярославқа дұрыс диагноз дер кезінде қойылмағандықтан, ауру өршіп кеткен.
“Ақтөбедегі №3 емханада да, жеке ортопедке барғанда да “артроз” деген диагноз қойды. Стелька, массаж, қыздыру емдерін жазып берді. Ал қыздыру мұндай жағдайда жасалмайтын ем. Ол сол емге өз аяғымен барып жүрді”, – дейді жігіттің әкесі Олег Горбунов.
Ақтөбе онкологиялық орталығы бұл жағдайды сирек кездесетін онкологиялық аурумен байланыстырады. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы дәрігерлердің іс-әрекетінде қателік бар-жоғын тексеріп жатыр.
“Саркома сирек кездесетін ісік. Ақтөбе облысында жылына 20 жасқа дейінгі миллион тұрғынға шаққанда шамамен 11 жағдай ғана анықталады. Өкінішке қарай, олар көбіне ерте кезеңде анықталмайды. Қазір толық тексеріс жүргізіліп жатыр. Пациенттің бүкіл медициналық жолы зерттеледі, медицина қызметкерлерінің жауапкершілігі қаралады”, – деді М. Оспанов атындағы Батыс Қазақстан университетінің онкологиялық қызметі үйлестірушісі Олжас Оразаев.
Денсаулық сақтау министрлігі әзірге іске араласпаған. Ведомство өкілдері ата-аналар министрлікке ресми түрде жүгінген жағдайда ғана орталықтан тексеріс тағайындалатынын айтты.
Горбуновтар отбасы бірнеше аптадан бері Астанада. Ярослав химиотерапияның бір курсын өтіп үлгерді. Әзірге ауырсынуды басатын дәрісіз жүр. Алдағы уақытта ұзақ ем қабылдауға тура келеді. Сондықтан отбасы қаржылай көмекке мұқтаж екенін айтады.
Байланыс нөмірі:
8-707-630-68-84 (Светлана, мама)
Банк деректері:
Kaspi Gold: 8-707-630-68-84, Карта нөмірі: 4400 4302 3884 1420;
Halyk Bank: Карта нөмірі 4003 0351 2488 8277.
 
