ОҚО тұрғыны 7 жылдан бері өзге ағымға кіріп кеткен қызы мен немересін үйіне қайтара алмай жүр
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Ақсукент ауылындағы кейуана 7 жылдан бері туған қызы мен немересін үйіне қайтара алмай зар илеп жүр. Пайғамбар жасынан асқан апа жанына жақын адамдарын «Иегова куәгерлері» діни бірлестігінің өкілдері үгіттеп алып кетті деп отыр.
Көз жасы көл болған ана қазір қара басы қаңыраған үйде жалғыз қалдым деп налиды. Діни бірлестіктен зәбір көрген бұл жалғыз адам емес дейді тұрғындар.
Барно Юлдашева қырықтан асқан қызы мен бозбала немересін шаңырағына шақырта алмай зар илеп жүр. Дүкендегі жұмысынан оралмаған қызы хат жазып кетіпті. Содан бері ұшты-күйлі жоқ. «Иегова куәгерлері» бірлестігіне кеттім деген Гүлмира өзін іздемеуін өтінді дейді кейуана. Тіпті, немересін де бірге әкетіп қалыпты.
“Міне жеті жыл болды, толды. Бір екі мәрте үйге барды. Кел үйге, үй-жайымыз бар десем, келе алмаймын, ол жақтан келу мүмкін емес. Лажым жоқ дейді”, – дейді Барно Юлдашева.
Зәбір көрген бұл жалғыз кейуана емес. Аудан орталығындағы сауда орындарының иелері де заңсыз үгіт-насихатшылар әбден мезі еттті дейді.
“Олар дүкендер мен сауда дүңгіршектеріне барады. Жаяу жүргіншілер мен жолаушыларға да уағыз жүргізеді. Әртүрлі кітаптарды, парақшаларды таратып, жұртты өзіне айналдырып жүр”, – дейді Ақсукент ауылының тұрғыны Яша Члингаров.
Айта кету керек, қазір «Иегова куәгерлері» ұйымына аудан бойынша 59 адам мүшелікке енген екен. Сондықтан жергілікті жұртшылық дәстүрлі емес діни ұйымдармен күресті күшейтпесе болмайды деп отыр. Бұған тіпті, қоғамдық бірлестіктер де ат салысуға әзір.
“Біздің ауданда көбейіп кетті. Көп жастарды өздеріне қарай тартып жатыр екен. Үгіт-насихат жасап жатыр екен. Үйлерге барып, домдарға барып, кітаптарын таратып”, – дейді «Халық бірлігі» ҚБ төрағасы Қаныбек Төлеметов.
Діни ұйымның маңында түсірілім тобын көргендер қуана қоймады.
Қазір аудандық ішкі істер басқармасы мен әкімдікке тұрғындардың атынан діни ұйымға қатысты бірнеше арыз келіп түстіпті. Шағымның көбі отбасылық араздастық тудыруға себепші болғанын көрсеткен.
“Біз алдағы уақытта осы діни бірлестіктің уағыздарына талдау жұмыстарын жүргіземіз. Өзіміздің құзыреттілігімізге сәйкес. Егер де заңдылықтар бұзылған жағдайда құқық қорғау органдарына ұсынатын боламыз”, – дейді Сайрам ауданы ішкі саясат бөлімінің бас маманы мағжан Аймағанов.
Енді ұйымның жұмысын құзырлылар жіті тексермек. Ал ресми ақпаратқа сүйенсек, бұл діни бірлестіктің жұмысына Ресейде былтыр сәуірде шектеу қойылған екен.
Тағы да оқыңыз:
Елімізде сұранысқа ие мамандықтар тізімі өзгерді
Енді атаулы әлеуметтік көмекті ай сайын емес, бірден алуға болады