Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

ОҚО-да зорланған оқушы қызға араша түспеген полицей істі болуда

Зорланған қызға қорған бола алмаған полицей істі болуда. Оңтүстік Қазақстан облысында дерек бойынша дер кезінде тергеу шарасын қабылдамаған полицейдің енді өзіне тергеу басталды.  «Салғырттық» бабымен қылмыстық іс қозғады.

2443400

Фото: Табылды Қадырбеков

Ал аудан прокуроры лауазымынан уақытша шеттетілді. Тергеп-тексеру жұмыстары жалғасып жатыр, деп хабарлайды Евразия бірінші арнасы.

Бұл жағдай мамыр айының 10-ы күні болған. Бәйдібек ауданының орталығы Шаян ауылында сабақтан үйге қайтқан 8-сынып оқушысын белгісіз жігіт көлігіне күштеп мінгізіп, Шымкентке алып кеткен. Жәбірленушінің апасының айтуынша, ер адам жас қызды пәтерде бірнеше рет зорлаған.

«Сол 3-этажға келген соң, қыз көнбедім дейді. Үстінде мектеп формасы ғой, костюмін шешті, киімімді шешті, мен көнбедім, сөйтіп қолымды қайырып, екі рет жыныстық қатынасқа түсті дейді. Өзі мойындап тұр прокурордың алдында» — жәбірленуші қыздың апасы Ырыс Өксікбаева.

Қылмыстың жасалғанына 20 күн өтсе де, аудандық ішкі істер бөлімі жәбірленуші тараптың арызын тіркеу кітабына енгізбеген. Шұғыл іске кірісіп, сезіктіні ұстаудың орнына, зардап шегушілердің өздерін арлы-берлі сабылтып жіберген. Содан анасы амалсыз Бас прокуратура мен Ішкі істер министрлігіне әлеуметтік желі арқылы үндеу жариялады. Онда  күдікті қыз балаға психологиялық қысым көрсетіп, ұрлағанын, электрошокермен қорқытқанын, қала берді берді күштеп зорлағанын айтқан.

«Міне аудандық прокурорға бардық, шығарып жіберді мені. Қыздарыңыз аман-есен. Ешқандай не жүргізе алмаймыз. Не деп жүргіземіз деп. Содан енді шықтық та, РОВД-ға қайта бардық, онда түсініктеме жаздырып алды да, қайта шығарып салды» — жәбірленуші қыздың анасы Гүлжазира Елеусізова.

Іске Бас прокуратура араласқан соң барып тәртіп сақшылары күдіктіні бірден қамауға алды. Сот шешімімен ол екі айға абақтыға жабылды. Тергеу басталды.

«Түлкібас ауданының тұрғыны 1996 жылы туылған азаматқа байланысты ҚР ҚК 122-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып жатыр. Және де тергеушілермен бірнеше сараптама тағайындалған. Сараптама қорытындысы бойынша нақты процессуалдық шешім қабылданатын болады» — облыстық Ішкі істер департаментінің ресми өкілі Салтанат Қаракөзова.

Қыз баланың құқығы аяққа тапталып жатқа тұста, Бәйдібек ауданының прокуроры республикалық басылым тілшісіне сұхбат беріпті. Онда аудан прокуроры Әбутәліп Мұстафаев  мектеп оқушысының жеке өміріне қатысты кейбір ақпараттарды жайып салған. Бұл сұхбат «жығылғанға жұдырық» болды. Ізінше, қоғам қайраткері Мұрат Әбенов әлеуметтік желі арқылы прокурордың сөзіне наразы болды. Кейіннен бұл мәселе бойынша облыс прокуроры  Ибраһим Имановтың өзі түсінік берді. Айтуынша, ауданының прокуроры Мұстафаевтың міндетін уақытша өзге прокурор атқарып отыр және қызметтік тексеру шараларының қорытындысына сәйкес, нақты шешім қабылданатын болады.

«Құқық қорғау қызметі туралы» заңының 38-бабына сәйкес, қызметтік тергеу аяқталғанға дейін Ә.Мұстафаев атқарып отырған Бәйдібек ауданы прокуроры лауазымынан шеттетілді. 2 маусымда жәбірленушіден жауап алу нәтижесімен бұл қылмыс ҚК 120-бабының 3-бөлігінің 3-тармағына қайта дәрежеленді. Осы күні күдікті ұсталып, уақытша ұстау абақтысына жабылды» — Оңтүстік Қазақстан облысының прокуроры Ибраһим Әлжанов.

Осы іс бойынша Бәйдібек аудандық ішкі істер бөлімінің тергеушісіне де қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары басталып кеткен. Қызметіне жүрдім-бардым қарағаны үшін облыстық ІІД Өзіндік қауіпсіздік басқармасы  полиция қызметкеріне қатысты «Салғырттық» бабымен қылмыстық іс қозғады. Рас, әзірге бұл іске қашан нүкте қойылатыны белгісіз.

Тағы да оқыңыз:

Ақтөбеде 60-қа жуық садақа жәшігі заңсыз қойылған

Маңғыстауда түлектер мектеп бітіру кешінен бас тартып, науқас қызға көмектесті

Зейнеткер әжей алғаш рет 65 жасында тұрмысқа шықты

Талқылау