ОҚО-да ерлі-зайыптыларды 5 ай бойы құлдықта ұстап, сатып жібермек болған (фото)
Оңтүстік Қазақстан облысында егде жастағы ерлі-зайыптыларды қинап ұстап, оларға мал баққызған. Алпысты алқымдаған ел ағасы мен зайыбы Өзбекстаннан жұмыс іздеп келіп, бес ай бойы азапты күндерді бастан өткерді, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА тілшісі.
Ерлі-зайыпты Қуатбек Нұрымбетов пен Аягөз Шатабаева 2012 жылы Өзбекстаннан көшіп келген. Оларды бір кісі бастапқыда екі күн мал бағып бер деп жалдапты. Алайда екі күн бес айға созылады. Осы уақыт аралығында олар құлдықта болып, өміріміз тозаққа айналды деп ашынады.
«Қой бағуға жарамаймын. Инсульт алғанмын. Төлқұжаттарымызды алып қойды, айлығымызды бермеді. Мұздай үй, көмір жоқ. Су жоқ. Қиналдық енді әбден. Небір суықта жаттық», – дейді Қуатбек Нұрымбетов.
Сорақысы сол, іздеу-сұрауы жоқ екеуді қожайыны пұлдамақшы да болыпты. Мал иесінің аяздай қарыған ауыр сөздері Аягөз апаның есіне түссе, әлі күнге дейін денесі түршігеді. «Бізді біреуге 200 мың теңгеге сатпақшы болды. Осының алдында телефон шалды. Ол қорықты ма әйтеуір алмады бізді. Құл қылам, сенің ешкімің жоқ деді. Осы жерде өлесің деді. Аудандағы тәртіп сақшыларының бәрі танысымыз, қолдарыңнан ешнәрсе келмейді, ештеңе істей алмайсыңдар, көші-қон полициясына ұстатып жібереміз деп қорқытты», -дейді Аягөз Шатабаева.
Азапты күндерді бастан кешіп, амалы құрыған ерлі-зайыптыларға жақсы адамдар кездесіп, қол ұшын созған. Кейіннен екеуіне Шымкенттегі «Сана-Сезім» әйелдер бастамалық-құқықтық орталығы көмек көрсетті. Орталықтың әлеуметтік қызметкері Шахло Юсупжанованың сөзінше, көрші елден келген екеудің мүлдем азаматтығы болмай шыққан. Қазір Кеңес дәуіріндегі төлқұжатпен жүргендер еш жерде тіркелмепті. Орталық мамандары қазір Өзбекстан елшігіне сұраныс хат жолдап, құжат жасатудың қамына кірісіп кетіпті.
«Ерлі-зайыптыларға қорлық көрсеткендердің тиісті жазасын алуы үшін құқықтың кеңес беріп, құзырлы органдарға арыз жолданды. Бүгінде олардың Қазақстан азаматтығын алу үшін жұмыстар жүргізудеміз. Себебі, бұл кісілер бұрын біздің елдің азаматтары болған да, кейіннен тоғыз жыл бойы көрші елде тұрып келген. Енді бір айдан кейін, олар жеке куәлігін алады. Осылайша, еліміздің толыққанда азаматы болып шығады», – дейді Шахло Юсупжанова.
Орталық мамандарының айтуынша, көп жағдайда адамдар құлдыққа ұшырап, құжаттарынан айырылады. Өткен жылдың алты айында 1500-дей адам осындай мәселемен көмек сұрап келіпті. Басым көпшілігі Ресей, Корея, Араб Әмірліктері мен Түркия, Португалия елдеріне жұмыс іздеп барып, құлдық өмір сүрген азаматтар екен. Ал, жыл басынан бері құлдыққа салынған 8 адамға орталық тарапынан көмек көрсетілген.
Жіберіп алмаңыз:
Мәскеуде құлдықта болған қазақстандық қандай қорлық көргенін айтып берді
Мәскеуде қазақ жігіттерін құл, қыздарын күң қылған дүкен жабылды
Бізді ұрып-соғып, арақ ішуге мәжбүрледі: қазақстандық әйел Мәскеудегі құлдық туралы айтты