ОҚО-да анасынан таяқ жеген 7 жасар бүлдіршін мүгедек болып қалды
Оңтүстік Қазақстан облысында 7 жасар ұлын өлімші етіп сабаған әйел аналық құқығынан айрылды. Сот осындай шешім шығарған. Мұны «Астана» телеарнасының тілшілеріне Ордабасы аудандық білім бөлімінің қызметкері хабарлады.
Қорғаншылық және қамқоршылық бөлімі әдіскері Еркінай Жамалова аудандық ауруханада оңалту жағдайында жатқан Асыл Батталғазиевке мүгедектік құжаттар рәсімделіп жатқанын айтты.
«Қыркүйек айында Батталғазы Асылға мүгедектік тағайындалады. Сол мәселе қаралып жатыр. Ол мүгедек болып қалды. Өйткені аяғының ақсақтығы әлі бар. Әлі басының жаралары кішкене жазылғанымен, ол психологиялық зардап шеккен бала, оған әлі көп көмек керек», – дейді Ордабасы аудандық білім бөлімі қорғаншылық, қамқоршылық бөлімінің әдіскері Еркінай Жамалова.
7 жасар Асылдың толық сауығып кетуі үшін, оған мейірім де қажет. Сондықтан бүлдіршін балалар үйіне жіберілмегені дұрыс деген білім бөлімі қызметкерлері оны бауырына басқысы келетін адам табылғанын хабарлады. Қазір бұл мәселені арнайы комиссия қарап жатқан көрінеді. Еске салайық, оңтүстіктегі Ордабасы ауданының тұрғыны бауыр еті баласын аяусыз ұрып, жеткіншек ауруханаға түскен еді. Мәселеге араласқан полиция осы жайтқа байланысты «қасақана адамды ұрып-соғу, дене жарақаттарын салу» бабымен қылмыстық іс қозғаған. Тергеу жұмыстары әлі жалғасып жатыр.
Жіберіп алмаңыз:
Әйелін 22 жерінен пышақтап өлтірген азамат сот залында жылап жіберді
Оралда автобустар жарысынан зардап шеккен жолаушыларға бір тиын да төленбеуі мүмкін