Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

200 мың теңгеден бастап: Қазақстанда ЖОО оқытушыларының жалақысын көтеру туралы бұйрық шықты

Елімізде жоғарғы оқу орны оқытушыларының жалақысы өсіп, оларға міндеттелетін жүктеме көлемі азайтылады. Бұл туралы ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов мәлім етті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

2019 жылғы қыркүйекте Білім және ғылым министрлігіне тікелей бағынышты ЖОО оқытушыларының жалақысы 20%-ға, кейін 2020 жылғы қыркүйек айында тағы 20%-ға ұлғайтылды.

"Дегенмен, қабылданған шараларға қарамастан жалақы көлемін әлі де арттыру қажет. Бұл ретте, болған жалақының базасының төмен болуына байланысты, тіпті жалақыны 20-40%-ға ұлғайту шаралары да жеткіліксіз болып отыр", - деді Аймағамбетов. 

Министрдің дерегінше, ҚазҰУ-да оқытушының орташа жалақысы 108 мың теңге, Х. Досмұхамедов атындағы Атырау университетінде 105 мың теңге, Қорқыт Ата атындағы Қызылорда университетінде – 101 мың теңге, ал Қарағанды индустриалды университетінде оқытушының орташа жалақысы 99 мың теңгені құрайды. 

Бас педагогтың айтуынша, оқытушылардың тағы бір проблемасы шамадан тыс жүктеменің берілуі. 

"Нәтижесінде бірқатар оқу орнында оқытушы ставкасының көлемі 900 сағатқа дейін жетті. Осыған байланысты Мемлекет басшысы Қ.К. Тоқаевтың тапсырмасын орындау үшін, ақпан айында өткен кеңесте БҒМ-ге ведомстволық бағынышты жоғары оқу орындарымен талқылап, бұйрыққа қол қойып, онда екі норманы бекіттік", - дейді ол. 

Білім және ғылым министрлігінің ЖОО оқытушыларының жағдайын жақсартуға қатысты 2 шешімі: 

БІРІНШІ. 2021 жылдың қыркүйегінен бастап штаттағы оқытушылар үшін минималды жалақы мөлшерін белгілеу.

Яғни, 2021 жылдың қыркүйегінен бастап БҒМ-ге ведомстволық бағынышты жоғары оқу орнында штаттағы оқытушы айына кем дегенде 200 мың теңге, аға оқытушы – 230 мың теңге, қауымдастырылған профессор – 260 мың теңге; профессор 350 мың теңге (ұлттық жоғары оқу орындарында – 400 мың теңге) алуы тиіс.

Бұл жалақының ең төменгі мөлшері болуы тиіс. Сондай-ақ әр жоғары оқу орны оқытушылардың белгілі бір жетістіктері үшін басқа да ынталандыру төлемдерін белгілеп, төлей алады.

ЕКІНШІ. Педагогикалық жүктеменің максималды көлемін 1 ставка үшін 680 сағаттан асырмау.
Әрине, бұл педагогикалық жүктемесі аталған көрсеткіштен төмен ЖОО-ларды (жылына 450 немесе 500 сағат) ештеңеге міндеттемейді. Яғни, сағат санын белгіленген 680-ке дейін жеткізу міндеті тұрған жоқ.

Оқытушыға берілген 1 ставка көлемі 700-900 сағат немесе одан жоғары болатын жоғары оқу орындары сағат санын 680-ке дейін төмендетуі керек.
Бұл бұйрықты ерте қабылдап жатқанымыздың өзіндік себебі бар: 2021 жылдың қыркүйегіне дейін ЖОО басшыларына өздерінің шығыстарын қайта жоспарлап, оңтайландыру және кірістерін ұлғайту үшін уақыт береміз.

Аталған шешім жоғары оқу орындарындағы әкімшілік-басқару персоналы мен педагогикалық-оқытушылық құрамның арақатынасын өзгертуге, басқа да маңызы басым емес шығыстарды қысқартуға және бюджеттердің шығынын қайта қарауға мәжбүрлейтіні анық.

Талқылау