Қарағанды тұрғыны балалар үйіне жұмысқа тұрып, ол жақтан 10 қыз асырап алды
Соболевскийлер отбасы асырап алған қыздарына туған ата-анасынан көрмеген жылулықты көрсетіп отыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Казахстанская правда басылымына сілтеме жасап.
Фото: Казахстанская правда
"Кей кездері жұмыстан үйге қайтуға қиналатынмын. Балаларды қолынан жетектеп үйге өзіммен алып кеткім келетін", – дейді "Таңшолпан" балалар үйінің тәрбиешісі, он қыздың патронаттық анасы Татьяна Соболевская.
Олар қала шетіндегі үш бөлмелі пәтерде тұрады. Оның екі бөлмесі қыздардікі, үшіншісі, яғни залы ата-аналарының бөлмесі.
Көпбалалы отбасының әкесі Николай Соболевский – қалаға белгілі адам. Ол төтенше жағдайлар министрлігінің қызметкері. Өткен жылы Николай Анатольевич Түркиядағы құтқару операциясына қатысып, жер сілкінісінен кейін қираған ғимараттардың үйінділерінен адамдарды құтқаруға көмектесті. Қыздары әкелерін мақтан тұтады.
"Анамыз – қатал, ал әкеміз – мейірімді", – дейді Маруся.
"Анамыз рұқсат бермегенді істеуімізге кейде әкеміз рұқсат береді", – дейді екінші қыз Настя.
Екі қыз бен олардың Рима есімді әпкелері сабақтан келісімен бөлмелеріне шағын экскурсия жасады. Олардың бірінде шкаф, кішкентай үстел және екі қыз жататын төсек тұр. Екінші бөлменің көп бөлігін екі қабатты кереует алып тұр. Олар Татьянаның тапсырысы бойынша жасалған. Ол шеберден төсектерді әдеттегіден кішірек етіп жасауды өтінген. Өйткені жиһаз орнатылғаннан кейін бөлмеде бос орын қалмас еді.
Қабырғаларға ерлі-зайыпты Соболевскилердің асырап алған қыздары мен есейіп, өз алдына отбасы болып кеткен туған балаларының бақытты сәттері бейнеленген фотолары ілінген.
Біздің кейіпкерлеріміз Татьяна мен Николайдың махаббаты мен қамқорлығы барлық балаға жететінін айта кету керек. Қыздарды асырап алмас бұрын олар қазір бөлек тұратын қызы Нинель және ұлдары Кирилл мен Денисті тәрбиеледі.
Ал ата-анасының қамқорынсыз қалған балаларға көмектесу туралы ой осыдан 20 жыл бұрын басталған. Ол кезде бастауыш сынып мұғалімі Татьяна "Таңшолпан" балалар үйіне жаңадан кірген. Ол жетім балардың жанын түсіну үшін қосымша психолог мамандығын оқыды.
"Ксюша – менің бірінші асырап алған қызым. Балалар үйіне түскенде ол 13 жаста еді", – деп еске алды Татьяна.
"Көп жетім сияқты бұл қыздың да тағдыры қиын еді. Әжесі қайтыс болды, ал өз анасы баланы тәрбиелеуден бас тартқан. Сол кезде Ксюшаның қандай дәрменсіз болғаны есімде. Ол менің артымнан бір елі қалмайтын. Оны қараусыз қалдырса, жоғалып кететінін түсіндім. Алаңғасар қыз жаман топқа түсіп кете ме деп алаңдадым. Сондықтан оны өз отбасыма қабылдадым. Бақытымызға орай, күйеуім мені қолдады. Ол жағынан мен өте жолы болған адаммын!", – дейді қыздардың анасы.
Ксения мектепті бітіріп, медбике мамандығын оқып, тұрмысқа шықты. Қазір оның үш баласы бар, онкологиялық орталықта жұмыс істейді. Асырап алған қызы анасымен байланысын үзбейді. Ол қонаққа келеді, телефон соғады, бала тәрбиесіне байланысты кеңес сұрайды.
"Одан кейін отбасымыз Карина, Алина және Марусямен толықты. Олардың барлығы –балалар үйіндегі тәрбиеленушілерім. Олардан кейін "Таңшолпаннан" Настяны алдым. Настя ол кезде 14 жаста болатын. Мен қыздың суицидке бейімділігіне назар аудардым. Оның анасы басқа жігітке кетіп, қызын нағашы апасына тастап кеткен. Настя менен анасы неге тастап кеткенін жиі сұрайтын. Бұл жасөспірім үшін ауыр жарақат", – деп есіне алды Собольевская.
Соболевскийлер отбасы одан кейін тағы екі қызды асырап алды. Олар ата-анасынан балалар үйіндегі қос құрбысын да асырап алуды өтінген. Бір күні олар мектептен келе сала әкесіне Рима есімді қоңыр көзді жетім достарының хатын береді. Онда "Коля аға, Таня анамды мені де алып кетуге көндіріңіз" деген бірнеше жол ғана жазылған. Николай еш ойланбастан әйеліне: "Римканы да ал!" деген. Татьяна тағы да білім бөліміне барып, төрт оқушыға қамқоршылық рәсімдеді. Ондағы қызметкерлер оның әрекетіне таңғала қарады, бірақ бұл оны тоқтата алмады.
"Рима – тамаша қыз", – деп күлді көпбалалы ана Татьяна.
"Мен Марусяны балалар үйінен аламын деп жоспарлаған жоқ едім. Оның сыныптасы Алинаны алып кеткелі жүргенмін. Бұл туралы білген Маша қарсылық білдіріп: "Мама, сіз оны аласыз, мені алмайсыз! Бірақ сізді мен бірінші жақсы көргенмін!" дегеніне қарап тұра алмай, оны да асырап алдым", – дейді көпбалалы әйел.
Осылайша, отбасында әр түрлі жастағы және түрлі ұлттан тұратын он қыз пайда болды. Неге тек қыздарды асырап алады? Жауап қарапайым – тұрғын үй алаңының тарлығына байланысты. Асырап алушылардың пәтерінде тек екі бөлме бар. Ұл асырап алу үшін, оған жеке бөлме керек. Айта кету керек, Соболевскийлер ұл асырап алу үшін пәтерге өзгеріс жасауға рұқсат сұраған.
"Біз заңгерге жүгіндік, бөлмені ұзарту жобасын әзірледік. Барлық құжатты жинадық, біраз қаражат жұмсалды. Бірақ соңында бұл істі кейінге қалдыруға тура келді", – дейді Татьяна.
Асырап алған үйі балаларды еңбекке баулиды. Қыздар пәтер жинап, анасына кешкі ас әзірлеуге, ыдыс жууға көмектеседі. Ал жазда олар ата-аналарымен бірге үйдің жанындағы бақшаға қияр, қызанақ, сәбіз, пияз, аскөк, ақжелкен егеді. Бұл көпбалалы отбасы үшін үлкен көмек.
Бос уақытында ас үйде бірге шай іше отырып, педагог аналары қыздарымен сырлы әңгіме жүргізеді.
"Балалар үйіндегі қыздар әдетте анасының махаббатына зәру. Оның салдары неге әкеледі? Ондай қыздар бірінші кездескен адамның құшағына асығады. Одан кейін жүкті екенін біледі. Ал босанғаннан кейін өздері сияқты балалар үйіне түседі. Жетімдердің қалыпты өмір сүруіне жағдай жоқ, басқа барар жер де жоқ. Қыздарыма мамандық алып, жұмыс тауып, аяққа тұру керек екенін, содан кейін ғана өз отбасын құруды ойлау керек екенін айтып, үнемі әңгімелесіп отырамын. Әкелері екеуміз оларды әрқашан қолдаймыз.
Бала отбасында тәрбиеленуі керек. Ол анасының махаббатын, оның нәзік алақанының жылуын сезінуі керек. Ол үшін жақын жерде оны барлық қиындықтан қорғайтын әкесі бар екенін білу маңызды. Толық отбасында балалар өз-өзіне сенімді, табысты және тағдырдың соққыларына төтеп бере алатын болып өседі. Сондықтан бүгінде Қазақстан жетімсіз ел болуға ұмтылып жатыр. Мемлекет балалар үйінің тәрбиеленушілерін қамқорлыққа алған отбасыларды көтермелейді, өйткені ешқандай баланың бөтендігі жоқ", – деді кейіпкер.