Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

“Өкінемін”: Алагөзовамен ұзақ уақыт дос болған продюсер онымен араласпай кетуінің себебін айтты

Баян Алагөзова мен Гүлнұр Мамасарипованың достығы 2000 жылдардан бастау алған. 20-25 жас шамасындағы қыздардың телеарнаға енді келген кезі. Алайда бүгінде қос продюсер бір-бірімен араласпайды. Екеуінің араздасып қалғаны жайлы ел арасында әңгіме көп. Алайда қос продюсер де бұған дейін жанжалдың себебін ашып айтқан емес.

"Өкінемін": Баян Алагөзовамен ұзақ уақыт дос болған продюсер онымен араласпай кетуінің себебін айтты

Тимур Балымбетовтың “Шыны керек” бағдарламасында Мамасарипова болған жайтты баяндады, деп жазады Stan.kz.

“Ол кезде жап-жас, жаңалықтардың бір сюжетін шығару үшін дүниені төңкеріп жүрген кезіміз ғой. Сол кезден бастап арамызда жұмыстан бөлек, достық пайда болды. мен кіші қызым Ғайникамалға аяғым ауыр кезде, Баян Айаруға жүкті кезде, олардың дүниеге келуі, мектепке баруы, бірінші көлік сатып алуымыз – адам ретінде қалыптасуымызда қатар жүрдік, дос болдық. Әртүрлі арнада жұмыс істеп жүрсек те, бір-бірімізді іздейтінбіз, сағынатынбыз”, – дейді журналист.

Кезекті қызметінен кеткен соң, Мамасарипова телеарнаға қайта бармайтынын айтқан. Баянның КешYou тобын алғаш құрған кезі. Экс-Есентаева топпен қатар, жұлдыздар туралы журнал шығара бастаған. Сонда құрбысын жұмысқа шақырған. Ресми жаңалықтармен жұмыс істеп үйренген Мамасарипова бұл ұсынысқа бірден келіспегенін айтады. Алайда көп ойлана келе, ол құрбысының шақыртуын қабыл алған.

– Алғашқы экономикалық дағдарыс болған жылы журнал жабылып қалды. Мен тағы жұмыссыз қалдым, – деп еске алады журналист.

Бұдан кейін продюсер Ұлттық арнадан шыққан “Екі жұлдыз” бағдарламасына шақырту алып, бас редактордың қызметін атқарған. Баян Мақсатқызын сонда жүргізуші етіп шақырған.

“Біз неге осындай бағдарламаны өзіміз жасамаймыз деп намыстанып кеттік. Мен болсам, радиода жаңалықтар оқимын. Баян біреудің бағдарламасында жүргізуші”, – деп содан бастап кеттік.

Алайда біраз жыл бірге жұмыс істеген соң Мамасарипова мен Алагөзованың ортақ жұмысы да, достығы да аяқталған.
“Мені ешкім қуған жоқ, өзім сондай шешім қабылдадым. Орнымнан тұрдым да шығып кеттім. Біз бұл тақырыпты Баян екеуміз осы күнге дейін отырып талқылаған емеспіз. Менің де қызбалыққа салынып кеткенім рас. Менің үлкен балаларым, отбасым бар. Сондай кезеңге түсіп қалды деп ойлаймын. Ешқандай “конфликт” болған жоқ. Қазір ойласам, болған сияқты. Сыртқы күштер әсер етті. 8 жыл бірге жұмыс істедік. Біз екеуміз ешқашан ұрысып я болмаса сөзге келген емеспіз.

Өзімді ешқашан Баянның қол астында істейтін қызметкер ретінде сезінген емеспін, екеуміз қатар жүрдік. Бірақ менің кім екенін анықтап сұралмаған. Жалпы осы компанияда кіммін деп анықтап сұрамаппын. Бізде жұмыс та, отбасымыз да, балаларымыз да бәрі араласып кетті де, мен тіпті ол туралы ойланбаппын ешқашан. Сондай бір кезең келгенде шешім қабылдап шығып кеттім. 1-2 күн өткен соң, не істедім деп ойлана бастадым. Мен Баянға қатысты жақсы нәрсе істемегенімді түсіндім, мойындадым”, – дейді Мамасарипова.

Бұдан кейін продюсер арада болған жайттың басын ашу үшін Баянмен ашық сөйлеспек болған. Алайда осы кезде екі жаққа екі түрлі әңгіме “тасыған” адамдардың кесірі тиген.

“Маған келіп: – Баян, сіздің қадіріңізді білмеді, – десе, Баянға барып: – Ол сізден кетемін деп екі жыл бұрын жоспарлап қойған екен. Өзінің кеңсесі бар екен, телеарналармен де келісіп қойған. Өзі аутсорсинг жасағысы келіп, әдейі араздасып кетті”, – деп әңгіме айтып барған адамдар бар”, – дейді Мамасарипова.

Гүлнұр Баянмен кездесуге екі рет ұсыныс тастағанын, алайда экс-құрбысының бас тартқанын айтты. Ол болған жайтқа ешкімді кінәламайды. Тек тағдырдың соған алып келгеніне сенеді. Бір өкініші – Баянмен достық қарым-қатынасты сақтап қала алмағанында.

“Соңғы басынан өткен жағдайлардың бәрін айтатын болсақ, Баян жақсы адам. Ол ешқашан жаман адам бола алмайды. Ол да ет пен сүйектен жаралған тірі адам. Егер ол сондай қадам жасаса, демек соған негіз болды. Шыдамының шарықтау шегі жететін кез болады. Ол қуыршақ не робот емес. Сондықтан да ол туралы неше түрліні айтып жатқанда жүрегім ауырады. Ол өте әділ, шыншыл адам. Соның арқасында шығар, бүкіл құпиясының ашылып қалатыны”, – дейді Мамасарипова.

Қазақстандық жұлдыздардың өмірі жайлы t.me/kzshow арнамыздан оқыңыздар.

STAN.KZ
Бейсенбі, 28 Ақпан, 2019 12:29
Талқылау