Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Оқиға орнынан қашып кеткен": Павлодарда курьер өзін мас полицей қағып кеткенін мәлімдеді

Павлодарда жол-көлік оқиғасынан зардап шеккен 30 жастағы ер адам әділдікті талап етеді. Айтуынша, оны қағып кеткен полиция қызметкері жазадан құтылып кетуі мүмкін.  Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның Информбюро жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан скриншот

Мас күйінде погон киген құқықбұзушы өз әріптестерінен қашқан. Ол курьерді қағып кетті. Жігіт ауыр жарақат алды.

Полицейлер көлікті қуған. Ол өз көлігін тастап, басқа көлікке мініп, қашпақ болған. Жәбірленуші ауруханаға жатқызылып, оған ота жасалды. Енді оңалу үшін оған кемінде бір жыл керек.

“Екі жерде жамбас сүйегі, тізенің асты сынып, миы жарақат алды. Бүгінгі күні науқастың жағдайы орташа ауыр”, – деді №1 қалалық аурухананың травматолог-дәрігері Ержанат Шахатов.

Жігіт Павлодарға алты жыл бұрын Баянауылдан көшіп келкен. Балалар үйінен інісі мен қарындасын алып, олардың тәрбиесімен айналысады. Курьер, жүк тиеуші, күзетші болып жұмыс істейді. 

“Ол қарсы жақтан келе жатты. Күрт бұрылғандықтан, мен ештеңе істей алмадым. Қалай құлағанымды білмеймін. Есімді жоғалтқан жоқпын, жаныма адамдар жиналып, тоқтап жатты”, – деді жәбірленуші Владимир Щербаков. 

Ер адам оны қағып, жаралы күйде тастап кеткен полиция қызметкері жауапкершіліктен қашып кете ме деп алаңдайды.

Полицейлер қызметтік тергеу жүргізгенін хабарлады. Қызметкер құқық қорғау органдарының беделін түсіретін теріс қылық жасағаны үшін қызметінен босатылды. Бірнеше басшылар да атқарған лауазымдарынан айырылды, кейбіреулері тәртіптік жауапкершілікке тартылды.

“Полиция қызметкері жасаған жол-көлік оқиғасы фактісі бойынша Павлодар қаласының полиция басқармасы ҚК  345-бабы “Көлiк құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы” бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізуде. Күдіктіге қатысты бұлтартпау шарасы ретінде үй қамағы белгіленді”, – деді Павлодар облыстық полиция департаментінің ресми өкілі Жанар Белялова. 

Талқылау