Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Өгей әкесі қарамаған: Ақтөбеде анасынан айырылған 4 жасар қыз ВИЧ жұқтырып, сал ауруына шалдыққан

Ақтөбеде ВИЧ жұқтырып, сал ауруына шалдыққан 4 жасар қыз бір апта бойы қараусыз қалған. Шешесі қайтыс болған соң өгей әкесі мен ағайындары балаға бас-көз болудың орнына, ішімдік ішуден қолдары тимеген. Тіпті, ешкім біліп қоймасын деп қызды жасырып қойған дейді көршілері.

Әбден арып-ашып, әлсіреп, кір-қожалақ болған бала туралы да көмек сұрап, дабыл қаққан  солар екен. Бүлдіршіннің қазіргі жағдайы қалай? Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Евразия арнасына сілтеме жасап хабарлайды. 

4 жасар қыздың тек құр сүлдері қалыпты. Бүлдіршіннің қараусыз қалғанын көршілері еріктілерге айтады. Қоңырау түскен бойы инспекторлар да айтылған мекен-жайға келіпті. 

«Баланың әлсіздігі сондай, жылағанда дауысы шықпай, қарлығып жатты. Шашы ұйпа-тұйпа, кір-қожалақ, төрт жастағы бала деуге аузың бармайды, құр сүйегі қалған. Оған ешкім күтім жасамағаны көрініп тұрды», - дейді еріктілер ұйымының жетекшісі Екатерина Голотина. 

Полицейлер баланы ішімдікке сылқия тойып алған адамдардың арасынан алып шығып, сәбилер үйіне орналастырған. Мамандар оның жағдайы орташа ауыр деп отыр. Үш күннен бері еріктілерден басқа, бірде-бір туысқаны іздеп келмепті. Ем тағайындау үшін медициналық тексеруден өткізіп жатыр. 

«Бала сал ауруы бойынша диспансерлік есепте екен. Туғаннан кейін, 2015 жылы жүрек ақауы бойынша Астанада оперативті ем жасалған. ВИЧ-инфекциясы диагнозы ғой, сол аурумен мамасы ауырған, сол күйі туған бала, сол бойынша да баланы дәрігерлер есепке қойды», - дейді "Үміт" сәбилер үйінің бөлім меңгерушісі Нұргүл Сарманова. 

4 жасар қыз-тұлдыр жетім. Бір апта бұрын анасынан айрылған. 28 жастағы келіншектің неден қайтыс болғаны белгісіз. Азаматтық некедегі күйеуі жүрегі кенеттен тоқтап қалғанын айтқан. 

4 жастағы қыз мына біздің артымыздағы саяжайда өгей әкесімен, нағашыларымен бірге тұрыпты. Көршілерді олардың үнемі ішімдік ішіп алып жүретінін айтады. Мән-жайды өз ауыздарынан естуге келгенбіз, алайда өгей әкесі біздің инспекторларды ертіп келгенімізге қарамастан, боқтық сөз айтып, үйінің маңына да жолатпай қойды.

Марқұм келіншектің азаматтық некедегі күйеуінен екі айлық қызы болыпты. Бірақ, он күн бұрын өкпесі қабынып, шетінеп кеткен. Полицейлер келіншек ВИЧ-дертімен есепте тұрғанына қарамастан,ем-домға уақытылы бармады дейді. Ал 1-топтағы мүгедек қызы үшін отбасы ай сайын 80 мың теңге жәрдемақы алып отырған. 

«Біз келіп баланы алып кеттік. Өгей әкесіне берілмейді. Қалған тумалары ішімдікке салынып кеткен. Сондықтан, оларға да берілмейді» - дейді қалалық ІІБ кәмілетке толмағандар ісі жөніндегі инспектор Салтанат Күшқалиев.

Көршілерінің өзі бұл отбасымен «байланыспауға тырысамыз» деді. Айтуларынша, ешқайсының тұрақты жұмысы жоқ. Марқұм келіншектің азаматтық күйеуі бұрын да істі болып сотталған. Кішкентай қыздың ендігі тағдыры арнайы комиссияның қолында. 

Талқылау