"Өгей әке-шешеден зомбылық көру – әлеуметтік қорғауда жүйелі жұмыстың жоқтығын көрсетеді": депутат Елнұр Бейсенбаев
Мәжілістің жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсембаев балаларға қарсы қылмысқа барғандарды өмір бойына бас бостандығынан айыру керектігін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
фото: ҚР Парламенті Мәжілісі/ видеодан скриншот
Үкіметке сауал жолдаған депутат жыл сайын елімізде балаларға қарсы 2000-ға жуық қылмыс жасалатынын айтты. Айтуынша күн сайын кемі 6 қылмыс тіркеледі.
"Мемлекет басшысы халқына Жолдауында кәмелетке толмағандарға жасалған зорлық-зомбылықтың кез келген түріне қатысты жазаны күшейтуді талап етті. Президенттің бұл мәселеге қайта тоқталуы, қоғам үшін үлкен дабыл. Президенттің бұл позициясын "АМАНАТ" Фракциясы толығымен қолдайды. Және аталған мәселені соңына дейін жеткізу үшін біз бар күш жігерімізді саламыз. Өкінішке қарай, күн сайын балаларға қарсы жасалған жантүршігерлік қылмыстар туралы жаңалық оқып жан-дүниеміз бен сана-сезіміміз сансыз соққылар алуда", - деді депутат үкімет басшысына жолдаған сауалында.
Сонымен қатар Елнұр Бейсенбаев жыл сайын 4 мыңнан астам бала бейімдеу және оңалту орталықтарына жеткізілетінін де айтты. Сонымен қатар, бір жыл ішінде 150-ге жуық сәби қараусыз қалғандықтан көпқабатты үйлердің терезесінен құлап кетуі туралы мәліметті де атап өтті. Депутат осындай сұмдық жағдайлар біздің елде орын алып жатқанын алға тартты.
“Осы депутаттық сауалымды жазып отырған сәтте Ақмола облысындағы мектептердің бірінде 5-сынып оқушысының зорланғаны туралы жаңалықты оқып, төбемнен жай түскендей болды. Өкінішке қарай, мұндай оқиғалар біздің қоғамда жиілеп барады. "Бала – біздің болашағымыз, еліміздің ертеңі" дейміз. Бейкүнә балаға қол көтерген азаматтар, арам ойдың алдында осыны ойланса екен. Мұндай қылмыс жасағандарға "бостандығын шектеу" деген жаза қолдану тиімсіз екенін көріп, көзіміз жетті. Қылмыскерді бостандыққа жіберіп, оның тағы басқа қылмыс жасауына өзіміз жағдай жасап береміз. Сарыағаштың Жібек Жолы ауылындағы кішкентай Еркежанның өлімі осы сөзіме дәлел бола алады”, – деді Мәжіліс депутаты.
Депутат осындай жағдайларға бей-жай қарамау керегін айтып, басты назарды бала құқығын қорғау мәселесіне аудару қажет деп санайды.
“Мәселен, Алматыда өгей анасының қолынан қайтыс болған 7 жасар Каринаның жанұшыра айқайлаған дауысын көршілері естіген, бірақ ешбірі ара түспеген! Кеше ғана Алматы қаласында 44 жасар әкесі 2 жыл бойы өз қызына көрсеткен зорлығы үшін 20 жылға сотталды. 20 жылға ғана, бұл нонсенс. Мұндай қылмыскерлер өмір бойына бас бостандығынан айрылуы керек. Бұл – аксиома”, – деді депутатөз баяндамасында.
Сондай-ақ ол мектептегі буллинг пен кибербуллинг мәселесіне де тоқталды. Бұл қылмыс түрі де өршіп тұрғанын ашып айтты.
“Кеше ғана Алматы облысындағы 13 жастағы жеткіншектің мектептегі әлімжеттіктің себебінен өз-өзіне қол жұмсамақ болғанын естідік. Заң бар, бірақ орындалуы әлсіз”, – деді депутат.
Сөзін қорытындылай келе, депутат үкімет пен әкімдік тарапынан атқарылуы тиіс бірнеше жұмыстарды атап өтті.
“Балалардың терезеден құлау фактілеріне байланысты, әкімдіктер, КСК тарапынан түсіндірме жұмыстары күшейтілуі тиіс. Отбасындағы ішімдікке немесе есірткіге тәуелділікке салынған азаматтардың барлығы қатаң бақылауға алынуы тиіс. Олармен пробациялық жұмыстарды жүйелі деңгейде өткізу маңызды.Бала қауіпсіздігін сақтауда барлық мемлекеттік органдар бірлесіп, жүйелі әрі жылдам жұмыс жасауы қажет”, – деп мәлімдеді депутат Бейсенбаев