"Одорант газы тарады": Ақтөбе облысында ауыл тұрғындары газға уланып, аурухана түсті
Ақтөбе облысындағы Кеңқияқ ауылының тұрғындары газ тарату станциясында жөндеу жұмыстары кезінде газдан уланды. Бұдан бөлек Саркөл, Шұбарши ауылының тұрғындары да өткір газ иісін сезген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото:sn.kz
4 қыркүйек күні сағат 20.00 шамасында Ақтөбе облысының Кеңқияқ, Сарқұл, Шұбарши ауылдарының тұрғындары газдың өткір иісіне шағымданған. Облыс әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, сегіз адам уланған.
Алдын-ала анықталғандай, Шұбарши газ тарату станциясының жұмысы толығымен тоқтап қалғаннан кейін, оны жөндеу бойынша жоспарлы ажырату жүргізілген. Газ тоқтатылып, бұрандалы кран ауыстырылғаннан соң талапқа сай, жүйеге өткір иісі бар "одорант" деп аталатын газ жіберілген. Осыдан кейін халықтан шағымдар түскен.
“Жергілікті тұрғындардың шағымдары түскеннен кейін "Техногаз" ЖШС мамандары Кеңқияқ, Саркөл ауылдарының тұрғын үйлерін аралап шықты. Нәтижесінде газдың таралу деректері анықталған жоқ. Ал Кеңқияқ ауылының ауруханасына 8 тұрғын газбен улану белгілерімен жүгінді. Қазіргі уақытта барлығына алғашқы медициналық көмек көрсетілді. Өмірі мен денсаулығына қауіп жоқ. Басқа зардап шеккендер жоқ. Осы дерек бойынша экология, СЭС және Төтенше жағдайлар департаменті уақытылы хабардар етілді. Жағдай бақылауда”, – деп мәлімдеді Ақтөбе облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі.