Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нью-Йорктегі кездесуде Тоқаев пен Байденнің не туралы әңгімелескені белгілі болды

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Америка көшбасшысы Джо Байден арасындағы әңгіменің егжей-тегжейлері белгілі болды. Әңгіме барысында Мемлекет басшысы АҚШ-тың Орталық Азиядағы ядролық қарудан азат аймақ туралы шартқа теріс кепілдіктер туралы хаттаманы ратификациялауының маңыздылығын атап өтті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Бұған дейін хаттаманы Қытай, Ресей, Франция және Ұлыбритания ратификациялаған болатын. Бұл қадам аймақтың ядролық қарусыз мәртебесін институттандыру процесін аяқтайды және ядролық қарусыздану мен таратпауды нығайту жөніндегі халықаралық күш-жігердің маңызды кезеңі болады.

Орталық Азия солтүстік жарты шарда аумағында ядролық арсеналдарды орналастыруға тыйым салынған жалғыз аймақ екені атап өтілді. Осындай аймақтар Латын Америкасында, Африкада, Оңтүстік-Шығыс Азияда және Оңтүстік Тынық мұхитында құрылған.

Еске салайық, бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Нью-Йоркке сапары аясында Орталық Азия және АҚШ мемлекет басшыларының саммитіне (С5+1) қатысқан болатын. Саммитте Тоқаев АҚШ президенті Джозеф Байденнен кейін сөз сөйледі.

Кездесу барысында стратегиялық әріптестікті, саяси диалогты, сауда-экономикалық, инвестициялық және гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі дамыту перспективалары, сондай-ақ Еуразиядағы бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау мәселелері талқыланды.

Талқылау