Соңғы жаңалықтар

"Бір күнге 7000 доллар аламын": Актер Нұржұман Ықтымбаев актерлік, бақытты отбасы құпиясы мен "Томиристен" не себепті көңілі қалғаны туралы

Биыл Халық әртісі, белгілі актер Нұржұман Ықтымбаев 80 жасқа толады. Актердің кинодағы қайталанбас образдары, кесек-кесек рөлдері қазақ кинематографиясының алтын қорына кірері сөзсіз. Одан басқа атақты актер сүйген жарымен 57 жылдан бері бірге екенін көбі біле бермес. Мерейтой қарсаңында Stan.kz тілшісі актердің өзімен тілдесіп, 80 жасқа дейін денсаулық пен дене бітімін қалай жақсы сақтауға болатынын, әйелімен ұзақ жылдар бойы тату-тәтті тұрудың құпиясын сұрап қайтты. 

Нұржұман

Биыл әйеліммен отасып, танысып білгенімізге 57 жыл болды

Әйеліммен таныстығым Жаркенттегі педогигикалық училищеде басталды. Үшініші курста оқимын. Бірінші курстың студент қыздарына көз салатын кезіміз. Кларнетте ойнайтын едім. Бір күні досым қатарда тұрған бір қызды түртіп көрсетті. Қарасам көзі бақырайған, тығыншықтай, дене бітімі әдемі  бір қыз тұр. Кім деп сұрастыра бастадым. Петропавлдың қызы екен.

Таныстығымыз екі айдан кейін басталды. Боксқа қатысатынмын. Залға кірсем брусьтің үстінде жаттығып жатқан бір қызды көрдім. Бұл кім деп жақындап барып қарасам, баяғы өзім көрген қыз. Гимнастикаға қатысады екен. Содан кейін танысып қыз-жігіт ретінде жүрдік. Оның аяғы ауырлады. Шешеме үйленетінімді айтып едім, қуанып кетті. 

 

Ауылдағылар ұйғырдан қыз алыпты деп ойлады

Мен ол кезде 24-темін. Ауылдағыларың бәрі мені бандит Нұржұман деп таниды. Ауылда жүргенде көп тентектік жасадық, соған қарап "әй, бұл үйленбейтін шығар" дейтін. Шолпанды ауылға әкелгенде бүкілі шулап кетті. Шолпанның ауыл қыздарына ұқсамайтын бітімін көргенде көршілер "ұйғырдан қыз алыпты, қазаққа ұқсамайды" деп әңгіме таратқан.

Шолпанның сұлуғы өзгеше. Кәдуілгі ауыл қыздарының бітіміне ұқсамайды. Шешем көз тимесін деп келінін шымылдықтың артына тығып қоятын. Екеуі тез тіл табысып кетті. Шешем қызындай жақсы көрді. Үлкен ұлымыз Ермек туылған соң, шешемізге тастап, өзіміз Жаркентке қайта оралдық. Ол кезде "Қилы кезең" фильміне түсіп, көзге көрініп қалған кезім. Сол кинодан соң жолым болып, "Қазақ фильмге" штатқа алды. 

Нұржұман

Кеңес үкіметі кезінде Мемлекеттік сыйлықты актерлік саласынан алған тұңғыш қазақ - мен

1967 жылы мені директор шақырып жатыр дегенге барсам, "сені Мәскеудегі әйелің шақырып жатыр" демесі бар ма? Бұған дейін 1962 жылы Мәскеуге барып ән айтып бас жүлдемен қайтқан едім. Сол есіме түсіп бүкіл көркемдік кеңестің алдында кірерге тесік таппай қалдым. Сонда сасқанымман "Мәскеуде ешқандай әйелмен жақындасқаным жоқ" деппін. Анау жерде бәрі қарқылдап күліп жіберді. Сөйтсем мені Мәскеуге киноға "Московская жена" деген фильмге түсуге шақырып жатыр екен. Кейін ол фильм "Жетінші аспан" деп аталды. Сол кинодан кейін менің актерлік шеберлігім ерекше аталып, сол кездегі баспа беттерінде жаза бастады.

Одан кейін кинодағы асығым алшысынан түсіп, Свердловскийде 5-6 фильмде, Мосфильмде 6-7 фильмде ойнадым. Сол кезеңдегі қазақ актерлерінде ондай болған жоқ. Ал "Нан дәмі" деген фильмінде Асанбай Асқаровты сомдадым. Осы кинодағы ойнаған шеберлігімді көріп Сахаровтың мақаласы "Известия" журналында шықты. Сонда "қазақ актері Нұржұман Ықтымбаевтың экранда пайда болуы бұл үлкен құбылыс" деп жазды. Шәкен ағаның туған інісіндей болып кеттім. Ол кісі әр киносына өте мұқият қарайтын. Киноның дайындығына жылдап уақыт құртатын. Бір киносына толықтай дайындалмай екіншісін бастамайтын. Қазіргілер ұр да жық ақша алса болды түсіре береді. 

Кеңес үкіметі кезінде Мемлекеттік сыйлықты актерлік саласынан алған тұңғыш қазақ - мен. КСРО сыйлығын алғанымен өз мемлекетіміздің сыйлығы жоқ деп жақындарым жүгіре бастады. Кейін маған тез арада құжат дайындауымды, Дінмұхаммед Қонаев атамыздың өзі қадағалауға алғанын айтты. Мен де қарап тұрмай "халық әртісін" бермесеңдер "еңбек сіңірген қайраткерлік" керек емес деп әзілдедім. Содан кейін қайреткер атандым. 3-4 жылдан соң Халық әртісі атағы берілді.

 

57 жыл бір адаммен жалықпай тұрудың құпиясы ...

Отбасы болған соң ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды. Оның өзінде қатты кетіп, бір-біріміздің көңілімізге қаяу салған кезіміз болмаған. Мен балаларыма қаталдау болдым, сол кезде ғана келіспей қаламыз. Балаларыма қатал болмасам болмайды. Алматы үлкен қала не дегенмен, өмірдің кез келген сынағына дайын болуы керек. Бірдеңеге ұрынып қалмасын деп балаларымызды қатты ұстадым. Менің бұл қылығым оған жақпайды. Содан ұлдың тәрбиесін маған бер, қыздың тәрбиесін өзің ал деп екеуміз бөліп алдық. Осы жерден көп келіспей қаламыз. Ол балаларына өте жақсы. Мен де жақсы көрем, бірақ қатал адамның рөлін ойнауға тура келеді.

Сосын өзім көп ренжи алмаймын. Көп болса он минуттан кейін барып құшақтап, бетін сүйемін.  Ол "өй, не көрінді-ей, сексен жасқа келгенше бетімнен сүйесің" деп күледі. Сексен тұрмақ, жүзге келсең де, мен саған ғашық боламын деп күлем. Ол да мені жақсы көреді.

Шын сүйген адам ығыр болдым, шаршаттың деп айтпайды. Ол бекер сөз. Содан кейін бұл менің бірінші сүйген адамым. Ол да мектепті бітіріп келген соң жолыққан алғашқы жігіті - мен. Міне, осындай адамды қалай ренжітесің?!

Өзім қалжыңбаспын, ойнағанды жақсы көремін. Елдің көңілін көтергенді жақсы көрем. Шолпан сол қасиетімді жақсы көрсе керек. Екі ұл, бір қыз туып берді. Біреуін Аллаға тапсырғанбыз.

Ұзақ үзілістен кейін бір бала туып беруін сұрадым. Үнемі түсірілім алаңында жүрген соң, балаларымның еңбектегенін, қылықтарын көре алмадым. Маған бір қыз, я ұл туып берші деп өтіндім. Солай кенжеміз дүниеге келді. Шынында мен даланың адамымын. Түсірілім деп жүріп аламыз. Үй мен баланың тәрбиесі менің бәйбішемде болды.  

Нұржұман

Қазіргі жастар бір ай болмай ажырасып жатады

Қазіргі заманда енелер бұзылып бара жатыр. Алған келініне қызындай қарамайды. Сынап, мінеп қарайды. Егер бала көтермесе тезірек ажырастырып, ұлдарына бай жердің қызынан алып бергісі келеді. Өз үйін тастап келіп отырған жас қыздың ерлігін сыйламайды. Мысалы, баласын ажырастырып жіберіп байдың қызын алып берген енелерді өз көзіммен көргем. Ондай адамдармен араласпай кеттім. Кінә өзімізде үлкендерде деп ойлаймын. Көбіне келінді кінәлап жатады. Әкемнің бұзылған адам бір күн жөнделеді, бұзылып тұрған заманнан сақтан деген сөзі бар.

 

Қазіргі телесериалда ойнап жүргендердің бәрі актер емес, орындаушы ғана 

Теледидардан жарқ ете қалған актерлердің бәрін актер деп айтуға болмайды. Ең кем дегенде он киноға түсіп, 7-8-ін басты рөлді сомдауы керек. Одан ары тоқтап қалса, ол актер емес, орындаушы ғана. Қазіргі телесериалда ойнап жүргендердің бәрі орындаушы ғана.

Әртістерді қайыршы қылып қоюға болмайды. Кино болсын, театр болсын, олардың жалақыларын көтеру керек деп көп жерде айтам. Мысалы, шетелде маған төленетін сыйақы бөлек. Өзіміздің елде  бөлек. Бұл жердегілер бағамды айтсам, аға жеңілдік жасаңызшы деп жалынып-жалпайып шығады. Бағамды түсіргісі келеді.

Театр актерлерінің алатын 140-150 мың теңге айлығы деген не сұмдық? Олардың отбасы бар, қалай жеткізеді. Олардың жалақысын екі-үш есеге көтерсе той-томалаққа бармаушы еді. Тойға барғандардың бәрі өзінің қасиетінінен айырыла бастайды. 

Ерік Жолжақсынов, Дулыға Ақмолда сынды, тағы басқа талантты актерлер бар. Театрда қор боп жүр. Олар отбасын асырау үшін телесериалдарға түсуге мәжбүр. 

Ал актрисаларға келсе, тіпті, жоқтың қасы. Наташа Аринбасарова күні бүгінге дейін түсіп келе жатыр. Ойнаған дүнесінің бәрін таза ойнайды. Амина, Бекен апаларымыз, Тамара Косыбаева қандай еді. Осы кісілерден кейін актрисалар жоқтың қасы. 

Нұржұман

Түсірілім алаңындағы бір күнім 7 000 доллар

Мені сериалдарға құдайдың құтты күні шақырады. Түсірілім алаңындағы бір күнім - 7 000 доллар. Оған репетицияны қосыңыз. Тағы жеті мың доллар. 14 мың доллар төлеуге шамаларың жетеме деп сұраймын. Олар жата жастана бағаңызд түсіріңізші, жеңілдік жасаңызшы деп жалпаяды. Егер мен өз бағамды түсірсем, жас актерлерге не қалады?! Режиссерлер "Нұржан ағаларыңды осындай ақшаға шақырдық, сен немене қоқаңдайсың" деп шыға келеді. Аштан өліп қалсам да бағамнан түспеймін деп тұрып аламын. 

Жас актрисаларға келетін болсақ, менімен бірге бір кинода ойнаған Қарлығаш Мұхамеджановадан бірдеңе шыға ма десем, ештеме шықпады, адасып кетті. Қыздардан ешкім жоқ. Экранға көп шығып жүрген кейбір актрисаларды білемін, олардың жоғарыда көкелері бар. Аты-жөндерін білмеймін. 

Қазіргі көрермендердің басым бөлігі таңдап, киноны талғаммен көре алады. Шет елдік және отандық киноларды салыстырып қараймын. Бізде кастинг деген дүние бар. Бұл кастингті режиссердің өзі емес, басқа біреу жүргізеді. Оның өзі киноаның сценарийін толық білмейтін адам. Өткен жолы бір кастингке барғанымда сценарийді білесің бе деп сұрадым, тек бір үзігін білетінін айтты. Егер сценарийді толық білмесең, киноны толық көре алмасаң кастинг өткізуге қандай құқың бар деп орнымнан тұрып кеткенім бар. 

"Жақсы актер болам десең, қыз-келіншектен аулақ жүр"

Мен қағынып тұрған жас кезім, қыз-келіншектер де жақсы көреді мені. Қалжыңбастығама салынып, оларды барып күлдіріп кетем. Осыны Шәкен ағам бақылап, көріп жүр екен.

Бір күні Мәскеуге шақыртумен басты рөлді ойнау бұйырды. Сонда Шәкен аға "әй, қалқанқұлақ, бері кел" деп шақырып алды. Кейде "жабайы актер" деп шақырады. "Орыстың қыздарын білесің. Біздің азиаттарға өш болады. Сендерді жақсы көріп тұрады. Сондықтан жақсы актер болам десең, қыз-келіншектен аулақ жүр, таза жүр. Кино деген қасиетті нәрсе, қылтың-сылтыңды көтермейді. Одан кейін араққа өте сақ бол" деді. Ағамның осы айтқандарын тыңдадым. 

Нұржұман

Қазіргі отандық фильмдерді көрмеймін

Қазіргі отандық фильмдерді көрмеймін. Өйткені бір фильмнен қатты ренжіп шықтым. "Томирис" деген киноны көріп, залдан 10-15 минуттан кейін шығып кеттім. Неге десеңіз... Актерлердің ойыны сөзге тікелей байланысты. Сөз адамның ішіне кіріп, көзіңді жайнатады, жүрегіңді ойнатады. Ал сөз болмаса, актер қанша мықты болса да ойната алмайды. Өтірік болады. "Томиристе" сөз жоқ, актерлердің тілі жоқ. Үйдің жанында дүкенде тұратын түрік және әзербайжан жігітті ертіп бардым. Тілін түсінесіңдер ме деп сұрасам, жоқ дейді. Содан қойшы деп қолымды сілтеп, шығып кеттім. Одан кейін кинотеатрға барғаным есімде жоқ.

"Қазақфильмнің" керемет болып дамыған кезі - Ермек Аманшаевтың кезі. Бүкіл Еуропа таң қалды, келіп тәжірибе алып кетіп жүрді. 

Ал бұдан кейін "Қазақфильмнің" жұлдызы қашан жанатынын білмеймін. 

 

Дайындаған: Жанна МӘЛІК

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр