Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Көрермен мәселесінің шешілуіне ықпал етсек, миссиямыздың орындалғаны". Нұржан Жалауқызы Алматы телеарнасының бағыты, қазақ телевизиясының ахуалы жайлы

Ұлт мүддесі мен елдік идеологияның жаршысына айнала білген қазақ телевизиясының қазіргі ахуалы қандай? Дәстүрлі БАҚ заман талабына бейімделе ала ма? Қазақ телевизиясы қазақ көрермендеріне не ұсынып отыр? Аталған мәселелер төңірегінде сөз қадірін өз қадіріндей көретін белгілі журналист, қазақ журналистикасына қырық жылдан астам еңбек сіңірген медиаменеджер Нұржан Жалауқызы осы уақытқа дейінгі қазақ телевизиясының жеткен жетістігі көп екенін айтады. Stan.kz редакциясына берген сұхбатында ол бүгінгі күні өзі басшылық ететін «Алматы» телеарнасының бағыты мен мақсаты, хабар таратудағы ерекшеліктері, телевизияның болашағы жайында ой өрбітеді.

– Нұржан ханым, Алматы телеарнасына басшылық етіп жүргеніңізге бір жылдан асты. Арнаның негізгі ұстанымы, миссиясы қандай?

– Алматы телеарнасы – республикамыздағы ең ірі мегаполистің айнасы іспетті. Бұл ойды бұрынғы сұхбаттарымда да айтып едім, тағы да қайталаймын. Ешкім таласпайтын бір шындық бар. Тәуелсіздігіміздің тал бесігі - Алматы қаласының бәріміздің өмірімізде алатын  орны ерекше. Тіпті еліміздің көптеген өңірі Алматыға қарап бой түзейді десек те артық емес. Оны біз «Алматы» арнасынан айтылған ойлардың басқа өңірлерден шығып жататын  жаңғырығынан байқаймыз және де үнге үн қосылғандай ол өңірлерден  ойларымыз қолдау тауып жатады. 

Телеарнаға басшылық еткен бір жарым жылдың ішінде бірізділікке түскен мәселелерге келетін болсақ, ең алдымен, кез келген телеарнаның жүрегі, жаны, өзегі –  жаңалықтар қызметіне тоқталуға болады. Біз жаңалықтар қызметінің жұмысын барынша жандандырудамыз. Бұрын орыс және қазақ тіліндегі жаңалықтар бөлек берілетін болса, қазіргі таңда  екі тілдегі жаңалықтарды бір сағатқа лайықтап, кешкі сағат 7-8 аралығында эфирге ұсынатын болдық. Яғни, қаланың тыныс-тіршілігінен бастап, елімізде болып жатқан негізгі оқиғалармен  көрерменді кешкі прайм уақытында таныстырамыз. Ал күндізгі жаңалықтар бағдарламалық кестеде сағат  3-те екі тілде: бірінші қазақ тілінде, екінші орыс тілінде 30 минут беріледі.  Яғни эфирлік саясатымызды көрермендеріміздің ыңғайына лайықтадық. 

Өздеріңізге мәлім, БАҚ-ның бір бағыты қашан да халық пен билік арасында көпір бола білу. Осы орайда аптасына екі рет тікелей эфирге шығатын “Akimat LIVE” бағдарламасының атқарып отырған жүгі салмақты. Естеріңізде болар,  Президентіміз Қ.-Ж. Тоқаевтың бастамасымен үкімет ашықтық саясатын ұстанады, яғни «естуші мемлекет» принципі бойынша жұмыс істейді. Осы принципке сәйкес біз мойнымызға  үлкен жауапкершілік алып, халық пен билікті бір алаңда тоғыстырып көрдік. Яғни,  атаулы бағдарламада қаланың басшылығы болсын, коммуналды қызметтері болсын, тұрғындарға  қызмет етуші  жауапты органдардың басшыларын   тікелей эфирге шақырып, халықпен ашық әңгімеге тартамыз. Алматы тұрғындары студиямызға телефон шалып, әлеуметтік желілер арқылы байланысып өз сауалдарын қоя алады. Осылайша қала тұрғындары түйіткілін тікелей эфирде тарқатып, көптеген мәселенің шешілуіне ықпал етуге тырысып бағудамыз. Тікелей эфирдегі тілдесуге қала әкімі Б. Сағынтаевтың өзі де қатысады. Бүгінгі күнге дейін  бағдарламаға 4000-нан аса сұрақ келіп түскен, олардың басым бөлімі дер кезінде жауабын тапты. Бұдан басқа «Басты назарда», «На особом контроле» деп аталатын жобаларымызда да аптасына екі рет көрермендер тікелей эфирде күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге орай сұрақтарын қойып, жауап ала алады. 
Бұл тек жұмысымыздың бір көрінісі. Байқасаңыз,  біз де мейлінше ашықтық саясатын ұстанамыз, халыққа жақын болуға тырысамыз. Оны арнамызға келіп жатқан өтініштер, лебіздер, көрермендеріміздің түрлі мазмұндағы хаттары арқылы біліп отырмыз. Яғни, көрермен бізге сенеді, ал біз олардың сенімін ақтауға тырысамыз. Біздің басты саясатымыз да, басты принципіміз де осы. 

– Бүгіндері ақпаратттық- сараптамалық дүниелерден басқа көрерменді қандай бағдарламалармен көзайым етіп жатырсыздар? 

– Ең алдымен, көрермен ұйқыдан тұрып, көзін ашқанда көзайым болатын бірден бір бағдарлама -  “Таңғы студио”. Мұнда жаңалық айтылады, сұхбатттар жүреді, жеке айдар форматында ұлттық және мәдени құндылықтар насихатталады. Таңғы эфирге келетін қонақтар -  жастар, аға  буын,   бүгінгі қоғамымыздың дамуына және қалыптасуына оң үлесін қосып жүрген  белді қоғам қайраткерлері, мәдениет, әдебиет қызметкерлері.  Қаламыздағы барлық мәдениет орталықтарымен тығыз байланыстамыз. Арнайы  «Қазақстанда жасалған», «Қала тынысы», «Мен алматылықпын», «Афиша», «Қала көшелерінде» деген тұрақты айдарлар бар. Көрерменді жаңа ақпаратпен, рухани азықпен, пайдалы кеңестермен көңіл сергіетін интерактивті, танымдық бағдарлама. Таңғы бағдарламаны жүргізушілеріміз Тәуекел Мүслім, Жұлдыз Өмірғалиева, Жан Байжанбаев, Гүлнар Досматова және басқа да әріптестеріміз ел арасында танымал. Бұлар да кездейсоқ таңдалынған жоқ. Мәселен, Тәуекел мен Жұлдыз – қазіргі алматылықтардың бейнесінің көрінісі, жаңарған Қазақстан тұрғындары. Ал  Досматова мен Байжанбаев 90-жылдардың хитіне айналған «Перекресток» телехикаясының басты кейіпкерлерін сомдағаны белгілі. Бұл жұп еліміз тәуелсіздік алғаннан кейінгі Қазақстанда өсіп-өнген өнер иелері. Яғни сол жылдардың куәгерлері. Бұнымен айтқымыз келгені,  «Таңғы студио» - кез келген жастағы, кез келген дәрежедегі адамдармен емен-жарқын, емін-еркін тілдесуге қауқары жететін, алматылықтардың қалауын ескере отырып арнайы дайындалған  нағыз «алматылық»  бағдарлама.

 Бетке ұстар бағдарламаларымыздың бірі - “Шешімі бар”. Бұл – әдеуметтік ток-шоу, эфирден аптасына төрт рет беріледі. Жаз айларынан бастап бағдарламаның орыс тіліндегі нұсқасын шығардық, ол  “Есть решение”  деген атаумен аптасына бір рет дайындалады.  Аты айтып тұрғандай, қоғамдағы жиі кездесетін әлеуметтік, тұрмыстық проблемаларды нақты бір кейіпкердің оқиғасы негізінде талдау жасап, шешімін табу – басты мақсат. Проблемасы бар адам көп:  жері заңдастырылмаған, кәмелетке толмаған баласының құжаттарын реттей алмай жүрген, тағдырдың тәлкегіне түскен отбасылар... Осылардың бәріне біз Алматы қаласының әкімдігімен бірлесе отырып мейлінше көмек көрсетіп, қол ұшын беруге тырысамыз. Көрермендерімізге айтатын негізгі ойымыз «Кез-келген мәселенің шешімі бар, ешқашан мұңаймаңыз. Сіз жалғыз емессіз!». Кейіпкерлеріміздің бастан өткерген оқиғаларын мысалға ала отырып, кез-келген тұрғынның өз дауысын жергілікті билікке  қалай жеткізуге болатынын әрі мәселенің шешімі бар екенін түсіндіреміз. Адамның  жеке басындағы жағдайдан бастап, жалпы ұлттың руханият проблемаларына дейін талдаймыз. Оны тақырыптарымыздан байқауға болады: «жұмыла көтерген жүк жеңіл», «кітапқұмарлық», «балаларды қорғау күні», «Қазақ циркіне 50 жыл», «Шәмші Қалдаяқовқа 90 жыл», «бала асырап алу», «тұрмыстық зорлық-зомбылық» және т.б.

Шығармашылық ұжымның көмегімен шешіліп жатқан мәселелер де көп.  Мақтанған болмайын, бірақ бұл бағдарлама төңірегінде ауыз толтырып айтатындай үлкен мәселелерді шештік. Мысалы, оншақты адамға  тегін ота жасатуға көмектестік. Бағдарлама арқасында сексенге жақындап, балаларының назарынан тыс қалған әжейдің көзіне дер кезінде тегін ота жасалуына қол ұшын бердік. Бауыры церрозға ұшыраған кейіпкеріміздің бауырын ауыстыратын  ота жасауға қажетті қаражаттың жиналуына сеп болдық .  Баспанасыз жүрген 7 отбасына пәтер алуға көмектестік. Тіпті, «эко» мәселесін қозғап, талай жыл бала көре алмай жүрген жұпқа тегін эко операциясын жасауға көмектесіп,  бір жылдан соң сәби сүйгендеріне куә болдық. Кейін олар  бесік тойын біздің бағдарламаның студиясында жасады, арада жыл салып «Шешімі барға» қайтадан қатысып, баласын дәл біздің студиямызда бесікке бөлетіп, ата дәстүріне сай батасын бергенбіз. Айта берсем,   телеарнамызды  назарынан тыс қалдырмайтын көрерменге біз де бар назарымызбен, ынтамызбен қараймыз. 

“Обо всем без купюр” – белгілі журналист Фаузия Мырзабекова жүргізетін қоғамдық әлеуметтік бағдармала. Фаузия бағдарлама барысында қаламыздағы шешуге тиіс мәселелерді, есте қаларлық және резонанстық оқиғаларды  тізіп отырып, тиісті мамандармен тілдесу арқылы жәйттерді саралайды. Мысалы, соңғы кездегі жиі кездесетін проблемалардың бірі тұрғын үй кооперативтері және пәтер иелерінің кооперативі (ПИК) мәселесіне қатысты: бір тұрғын үйде тұратындардың басқарушы компаниямен арадағы коммуналдық төлемдерге, подъездердің жиналмауына байланысты, балалар алаңының реттелмегеніне қатысты түсініспеушіліктер болады. Не болмаса, біреу бизнес ашып сауда бастайды да, бақталастарының заңсыз әрекеттерінің салдарынан кәсібін жүргізе алмай қалады.  Осы мәселелердің барлығы “Обо всем без купюр” бағдарламасында қарастырылады. Бұл қоғамға, әлеуметке  бей-жай қарамайтын, қала проблемасын назардан тыс қалдырмайтын көрермендердің жібермей көретін бағдарламасы. 

Ал енді отбасылық, адами құндылық, ізгі ілтипат, тұлғаның бет-бейнесін ашу, елімізге белгілі тұлғалардың өмірлік тәжірибесімен көрермендермен бөлісу мақсатында эфирге шығарған  бағдарламаларымыз – “Шынайы Ақберенмен” және “Честно с Сергеем Пономаревым”.  Қазақша нұсқасын елге белгілі ақын, Қазақстан жазушылары Одағы төрағасының орынбасары  Ақберен Елгезек жүргізсе, орыс тіліндегі эфирдің тізгінін  еліміздің  журналистика кеңістігінде кеңінен танымал тележүргізуші, журналист Сергей Понаморев ұстады. Айтып өткендей, бұл  бағдарламада таныман тұлғалар, ел ағалары,  қоғам белсенділері, қаламы қарымды жазушылар, таланты тасыған жастар,  елге танылып, қоғам проблемасын көтеріп, көпшілікке ой сала алатын кейіпкерлер қатысады. Кейіпкерлер өзінің бұрын-соңды айтылмаған сырын ақтарады, көңіл толқынысын көрсетеді. Осы әңгімелер арқылы көрерменге терең  ой салынады. Көптеген адам өмір түйіткілдеріне, кейбір қызықты жағдайға өздері сүйіп көретін, сүйіп тыңдайтын, қызықтайтын тұлғалардың көзқарасымен қарап, солармен өзінің позициясын салыстырып, нәтижесінде белгілі бір ой түйіндейтінтей бағдарламамыз осы. Дәл қазіргі кездегі мынау пандемияның әлемге алып келген тыныс-тіршілігіміз бен болмысымызға әсерімен де кейіпкерлеріміз осы жоба арқылы ақтарыла сөйлегенінің куәсі болып жүрміз.  Шыншыл адамдармен шынайы әңгімені көргісі келетін оқырмандар болса телеарнамыздың сайтында немесе ютуб желісінде таспадан көрулеріне болады.

Соңғы жылдарда тұрақты шығып келе жатқан “Алматинские истории” бағдарламасы мәдени-танымдық бағытта, орыс тілінде аптасына бір рет беріледі. Шілде айынан бастап “Алматы – тұнған тарих” деген атаумен  қазақша нұсқасы көрерменге жол тартты. Алматы қаласындағы ғимараттар, көшелер мен ескерткіштердің мың жылдық тарихы бар. Сол тарихқа куә болған қашама тұлға, қаншама тағдыр бар. Бұл бағдарламада белгілі бір тұлғаның портреттік сипаттамасы арқылы, жеке басындағы оқиғалары арқылы сүйікті қаламыз Алматының кітап беттерінде жазылмаған тарихымен таныстырамыз.  Сонымен қатар, өзіміздің, яғни алматылықтардың бала кезінен баратын жерлері, театр мен музейлер, саябақ және де басқа қала обьекттерінің тарихына терең шолу арқылы, қаламыздың көрікті жерлерінің ел білмеген қырынан таныстырып, сырларын ақтарамыз. Біздің ойымызша, бұл көрермен назарын «ә»   дегеннен үйіріп әкететін, қызық әрі пайдалы танымдық бағдарлама әрі бұл келешек ұрпақтың іздеп жүріп көретін деректі жоба екеніне назар аударамын.

“Сәуле-ғұмыр” – қазақ тарихында түрлі салаларда елеулі  жетістіктерге жеткен, ел алдында зор беделге ие болған, біртуар азаматтарымыздың сәулелі ғұмырын суреттеп, еске алатын танымдық бағдарлама. Биылғы маусымында медицина саласының қызметкерлеріне  көңіл бөлдік. Толық бір хабарын пандемия кезінде көз жұмған дәрігерлерге арнап, республика сарайының сахнасында түсірдік. Сонымен қатар, өмірден жастай кеткен хирург Нұртас Қазыбаевқа бір  түсірілімін арнадық. Ел ішінде “халықтық хирург” деп құрметпен аталған алматылық дәрігердің қысқа ғұмырында атқарған еңбегін әріптестерінің бөліскен ой-пікірлері арқылы таспаға түздік.  Тағы бір бағдарламаны жазушы-сатирик, қоғам қайраткері Шона Смаханұлына арнадық. Шона атамыз осы Алматы қаласындағы қазақ тілінің мәртебесін көтеруге бірден бір ықпал еткен қазақ әдебиетінің  өкілі. Бағдарламада көптеген мысал айтылды. Жазушы өзінің жанкештілігі, талабы, еңбекқорлығы арқылы қаладағы қазақ балабақшаларының, мектептерінің салынуына  әсер еткен. Алайда Шона Смақанұлы жайлы сүбелі бағдарламалар кемде-кем. Сондай-ақ, көрермендеріміз аққан жұлдыздай өмірден өткен Бейсен Құранбектің, Денис Теннің сәулелі ғұмырларына арналған бағдарламаларды біздің телеарнаның эфирінен көре алады.  

“Алматинские каникулы” деп аталатын орыс тіліндегі бағдарламамыз жайлы да айта кетейік. Бұл – Алматының айналасындағы туристік орындарды танытуға арналған танымдық-деректі бағдарлама. Мысалы, біздің жүргізушіміз кез келген Алматының айналасындағы көрікті де танымал жерлерге барып, жол көрсетеді. Бағдарламаны көргеннен кейін еріксіз орныңнан тұрып, әсем қаламыздың табиғатынан нәр алып,  серуендегің келеді. Шыны керек, көптеген көрермендеріміздің бағдарламаны көргеннен кейін дәл осындай ойларымен жиі бөліскенін жасырмаймын.

– Былтыр жастар жылы болды, биыл – волонтерлар жылы. Ел тірегі – жастар дейміз, осы жастарға арналған жобаларыңыз бар ма? 
Жастар да біздің үнемі назарымызда. Күзгі маусымнан бастап “IQ Алматы” телевизиялық интеллектуалдық ойынын  ұйымдастырдық.  . Бұл бағдарламаға жоғары оқу орындарының, колледж студенттері, жоғары сынып оқушылары қатысады. Өздерінің білімін таразылайтын, интеллектуалдық күшін көрсетуге мүмкіндік беретін бағдарламаға тәуелсіз сарапшылар төрелік етеді. Бағдарламаның жүлде қоры – 2 млн теңге. Әр командадағы бес қатысушы жүргізушінің қойған сұрақтарына жауап беру арқылы білім сайысына түседі.  Жүлденің қай мықты командаға бұйыратыны тәуелсізідк күнінің қарсаңында белгілі болады. Яғни, “IQ Алматы” көрермендеріміздің интеллектуалдық деңгейін көтеруге жетелейтін, білімге деген құштарлық туғызатын бірден-бір бағдарлама. Соңғы жылдарда мұндай бағдарламалар азайып кетті. Өзіңіз сұрағыңызда дұрыс айттыңыз, ел тірегі – жастар деп.  Медиа саланың маманы, жастардың жанашыры ретінде мен бұны жақсы түсінемін. Өскелең ұрпақты дұрыс  тәрбиелеп, білім алуға құлшынысын арттыру -  әр қайсымыздың борышымыз деп есептеймін. 

– «Сәуле ғұмыр», «Шынайы Ақберенмен», «Шешімі бар» секілді бағдарламаларда тек әлеуметтік емес, руханият мәселелері де көтеріледі екен. Ұлттық құндылықтарды дәріптеу мақсатында  жасалып жатқан басқа  туындыларыңыз бар ма?  

Әрине. «Алматы» арнасында бұрыннан қазақтың дәстүрлі үлттық музыкасын дәріптеу мақсатында түсірілген  «Інжу маржан», «Сыр перне» ескілді жобалар болған. «Нағыз қазақ - қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дегеннен шығады, атам қазақ әдемі әуен мен асыл аспабымыз - домбыраның көмегімен көңіл-күйін, мұң-қайғысын, кейінгі ұрпаққа деген өсиет-өнегесін жеткізе білген.  Сондықтан, ұлттық музыкамызды кең аудиторияға дәріптеу мақсатында жаңа форматтағы  «Дала сазы» деген жаңа жоба жуырда көрерменге жол тартады.  

– Азаматтық  журналистика дамып, жаңа медиа түрлері дүниеге келіп жатқаны белгілі. Осы орайда, телевизияның болашағы қандай болады деп ойлайсыз?

– Баршамызға мәлім, Covid-19 –ға қатысты ақпараттарды жеткізуде дәстүрлі БАҚ-тардың ішінде телевизиялық арналарға сенімнің артқаны белгілі. Мұны мен емес, телезерттеу жүргізетін сарапшылар айтуда.  Кейде, тек жылдамдық пен қаралымды алға тартып, шынайылыққа, объективтілікке  мән бермейтін көптеген ақпарат көздері бар. Фейк жаңалықтар дегенді де осы жылы жиі естідік...  Менің ұстанымым – қай кезде де БАҚ шынайы болу керек. Біздің басқа ақпарат көздерінен айырмашылығымыз да осында. «Жеті өлшеп, бір пішетін» қағида бойынша жұмыс істеп үйренген БАҚ басқаларға қарағанда сол қырының арқасында өміршең болады.  Міне, осы тұрғыдан алғанда, пандемия  кезінде біздің  «Алматы» телеарнасынан шыққан жаңалықтарды, арнайы мамандардың брифингтерін көпшілік үзбей көргенін айтып жатты, ыстық лебіздерін хабарласып та, жазып та жеткізді. Көптеген бағдарламаны тікелей эфирде ұйымдастырдық. Сол кезде халқымыз  құлағдар болсын деген ниетпен эфир бетін қосымша ақпарат беретін графикалық элемент - жүгіртпе жолдарды  үздіксіз жүргіздік. Індеттен сақтануға байланысты арнайы роликтерден бастап деректі фильмдерге дейін оперативті түрде дайындап, көрермендерге ұсындық. 
БАҚ сөзсіз дамиды, сандық жүйеге көшеміз - соған ілесе дәстүрлі БАҚ-та дамиды. Алматы қаласының өзінде цифрландырыру үрдісі қарқынды жүргізіліп жатыр, бұл жұмысымыздың сапасын арттыруға бағытталған ұтымды қадамдар деп санаймын. Қазір заманауи технологияларды тиімді пайдаланудың арқасында, кәсіби саламызда да ілгерілеу байқалады. Заманауи технология дегеніміз тек техникалық жабдық емес, қазіргі өміріміздің «өзегіне» айналған – интернет платформалар, әлеуметтік желілер. Яғни, әлеуметтік желілердегі белсенділігімізді де біраз арттырудамыз десем болады.

«Алматы» телеарнасының барлық танымал әлеуметтік желіде каналдары бар. Әсіресе, «YouTube» платформасы  - каналымызды көрерменмен кез-келген уақытында қайта қауыштыратын интернет алаңға айналды. Мәселен, біз шығаратын «Өмір иірімі» деп аталатын көп сериалды деректі-драмамыз «YouTube» платформасында қаралымы ең көп туындыларымыздың бірі. Мақсаты – күнделікті  шынайы тұрмыста болатын проблемаларды актерлік шеберлікпен сомдап, арнайы психологтардың көмегімен проблемалардың негізін анықтау, алдын алу жолдарын іздеу. Бағдарламамыз көп көрерменнің көңілінен шығуда. Олар негізінде  эфирде көрген серияны  ютюбқа кіріп қайта қарайды, жаңа көрермендерді тартады, осылайша интернет пен телевизия арасында сабақтастық пайда болады. Тек «Өмір иірімі» емес, біздің «Таңғы студия», «Мәдениет және біз» секілді басқа жобаларымызда да осындай үрдіс қалыптасуда. 

Телеарнамыздың аудиториясы –  6-54 жас аралығындағы көрермендер. Эфирді көріп үлгермеген көпшілік телеарнамыздың сайты, Facebook арқылы тамашалайды. Instagramm желісі арқылы да жаңалықтарымызды біліп отырады. 
Бір сөзбен айтқанда, телевизия әлі талай жылдар өзінің маңыздылығын сақтап қалады және сапа жағынан түрлене түседі. Телевизия –  бұл жаңа технология, технология дамыған сайын оның да сапасы жақсаратындығы сөзсіз. 

 Атап өткендей,  БАҚ-тың ұтымды тұсы, оның мәртебесін өсіретін тағы  бір маңызды маңызды фактор – шынайылық. Шынайы ақпарат бар жерде  БАҚ басты назарда болады. 

– Қазақ телевизиясының жеткен жетістіктері мен кемшіліктерінің қалай саралар едіңіз?

– Елміздің медиа нарығында бірнеше телеарналар бар. Әлемдік тәжірибеден, трендтен шет қалмауымыз керек. Осы тұрғыдан алған кезде отандық арналар да технологиялық, сапалық жағынан жақсы дамып келе жатыр. Елбасымыздың тапсырмасымен отандық БАҚ-тың мәртебесін көтеру мақсатында салынған Қазмедиа орталығы, бірегей жобасы бар. Жақында ғана Алматы қаласының орталығында бұрынғы Аппаратттық-студиялық комплекс қайтадан жөндеуден өткізіліп, ол тарихи ғимаратқа КТК телеарнасы орналасты. Заманауи үлгідегі жаңа кешенде шығармашылықпен еңбек ету әріптестерімізге жаңа серпін береді деп ойлаймын. Еліміздегі бұқаралық ақпарат құралдарының сапалы дамуына Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі тарапынан да үлкен қолдау бар. Бүгінгі күні министрлік пен БАҚ арасында іскерлік байланыс орнатылған. Медианарықтағы өзекті мәселелерді бірге талқылау тұрақты түрде жүргізіліп келеді. 

Әрине, проблемаларымыз да бар. Ең басты проблема –бұл медиа зерттеуге қатысты. 2000 жылдардың басынан бері осы мәселе жиі көтеріліп келеді. Осы жылдың басында Үкіметтің арнайы тапсырмасымен, БАҚ-қа тиімді болатын үлкен медиа өлшем жүйесімен айналысатын жаңа құрылымды ұйымдастыру жөніндегі арнайы жұмыс тобы да іске кіріскен болатын. Медиа зерттеумен айналысатын TNS Gallup жекеменшік ұйымы зерттеуімен, өлшеуімен көптеген телеарна келіспейді. Біз зерттеуге қатысатын 850 респондент отбасылардың бағалау жүйесіне тәуелдіміз. Осы 850 отбасы, барлығы екі мыңға жуық адам қазақстандықтардың талғамы  мен танымын таразылайды. Олар кімдер? Бұл сауалдың жауабы коммерциялық құпия болса да елдегі ақпараттық саясаттың ілгерлеуі үшін еңбек етуі қажет-ақ деп ойлаймын. Тек шетелдік телехикаялармен немесе қалаймын, қаламаймын, татуласамын, татуласпаймын деген тақырыптармен ұзаққа бармайтынымыз айқын.

Ойға жетелейтін туындыларды ұсынғанда рейтингісінің төмен болуы, ал жұлдыздардың өмірін, қандай көйлек кигенін көрсететін хабарлардың кейде рейтингісі жоғары болады. Әрине, жұрттың көңілін аударатын дүниелерді арасына “тұздық” ретінде қосып отыруға тура келеді. Бірақ, меніңше, кез-келген телеарнада ұлттық тәрбиені насихаттайтын, ұлттық құндылықты дәріптейтін, тәрбиелік мәні бар бағдарлама шығуы керек-ақ. Ол рейтинг бере ме, жоқ па ол басқа мәселе. Бастысы ұрпақ тәрбиелеуге келгенде бәсекелестік емес, бірауыздылық қажет. Танымдық бағыттағы туындылар қалай болғанда да елдің назарын аударады. Көрерменін табады.  

Теленарық үшін тағы бір өзекті мәселе – бюджет. Ресей, Украина, Түркия елдерінің компаниялары телехикая түсіруге әбден маманданған. Бізде де едәуір  ілгерілеу бар. Ақпарат министрлігінің  қолдауымен біз отандық телехикаялар түсіру мүмкіндігін алып отырмыз. Бірақ жылына көп дегенде 2-3 телехикая түсіре аламыз. Жыл сайын нарықта шығатын телехикалардың санын есептесек, 50 шақты ғана. Өзіндік өнім өндіру едәуір қаржыны қажет етеді. Сол себепті, сырттан  сатып алатын өнімдерден де бас тарта алмай отырмыз. Десек те, көрермендердің көңілінен шығатын жобаларымыз (олар туралы жоғарыда айттым), телехикаяларымыз жоқ емес. Тек бір ғана мысал, осы жылы телеарна тарихында тұңғыш рет «Өткінші жаңбыр» деп аталатын 12 бөлімнен тұратын драмалық телехикая түсірдік. Жас келіншектің нарық заманында бала-шаға қамымен ғана емес, өзінің арман еткен кәсібімен де айналысуы жолындағы қилы оқиғалармен өрілген шығарма көрермендердің көңілінен шықты десем болады. Әлеуметтік желіде телехикаялар арасында алғашқы орындардан көрінді. Телеарнамыздың шығармашылық ұжымы үшін бұл айтарлықтай жетістік. 2021-де  осы бағытты жалғастырсақ деген жоспарымыз бар. 

– Карантин кезінде шығармашылық топ қалай  жұмыс істеді, қандай форматта қызмет етті?

– Пандемия кезінде алдымен телеарна қызметкерлерінің қауіпсіздігін ойладық. Өздеріңіз білесіздер, көп адамды қашықтан жұмыс істеуге жіберуге мәжбүр болдық. Қызметкерлердің саны азайса да,  біздің мойынымызға жүктелген міндетіміз азаймады. Халықты дәл мұндай кезде бар мүмкіндікті пайдаланып ақпараттандыру БАҚ үшін  міндет, жұмыс  емес - парыз.
Сақтық шараларын қатаң сақтай отырып, бар күшімізді жаңалықтар қызметін күшейтуге жұмсадық. Төтенше жағдай жарияланысымен біз сағат сайын жаңалық тараттық, эфир де, интернет желілеріміз де тыным таппады. Арнамыздың қызметкерлері бұл сынақтан сүрінбей өтті деп санаймын. Себебі, біздің тілшілер қауіпке басын тігіп жұмыс істеді десек те болады. Ең алғаш боп, барынша сақтық шараларын сақтап, «қауіпті зонаға» кіріп, ішіндегі аурулардың жағдайын біліп қайтқан да біздің телеарнаның тілшілері. Қала әкімдігінің қолдауының арқасында үнемі шынайы, тексерілген және ресми   ақпарат тараттық. Сонымен қатар, карантин кезінде әлеуметті сақтық шараларын сақтауға шақырған жүздеген бейнеролик түсіріп эфирден бердік, әлеуметтік желілер арқылы тараттық.

Пандемия кезінде түсірілген туындыларымыздың ішінде ерекше атап өтерім «Коронавируспен бетпе-бет» және «Бой с тенью» деп аталатын деректі фильмдер. Екі фильмде де біз алғашқылардың бірі болып «қауіпті аймақта» жұмыс істеген дәрігерлердің жағдайын көрсеттік. Ең алғаш «соққыны» қабылдап, үй түгілі ұйқы көрмей, дәм-тұз татпай еңбек еткен дәрігерлердің оқиғалары көп көрерменнің жүрегін шымырлатты, көңілінен шықты.   Осылай көрермендерді бүгінгі күннің батырларымен таныстырдық.
Шынымен, елімізде ковидпен алғашғы ауру тіркелген наурыздың 12-сінен бастап бәріміз белгісіз жаумен айқасқа шықтық, үрей де болды, уайым да болды. Мүмкіндікті пайдаланып, мен өз ұжымымызға алғыс білдіремін.  Бірлігіміз бен берекеміз барында әр сынақтан өтерміз деп ойлаймын.   

– Пандемиядан соң еңсесі түскен қазақ көрермендеріне қандай тілек айтасыз? 

– Әр телеарнаның маусымға, ұстанымына байланысты өзінің ұраны болады. Біз осы күзгі жаңа маусымды “Әр сәтті бағалайық” деген ұранмен бастадық. Өйткені осынау індет адамзатқа әрбір сәттің қадірін ұғындырды. Өмір деген қамшының сабындай ғана екенін бәріміз жүрекпен сезінгендейміз. Сондықтан, бүгін мен ата-анасы бар жастарға «ата-аналарыңызға күніне бір рет хабарласып, қал-жағдай сұрауды ұмытпаңыздар» деп ескерткім келеді. Бала-шағаға көңіл бөлуді, жақындарымызбен хабарласуды да естен шығармайық. 

Әр сәтімізді бағалайық, білімге, білуге ұмтылайық. Бұл өмірде өтпейтін сынақ, шешілмейтін сұрақ жоқ.  Қандай жағдай болмасын адам өзін жалғызбын деп ойламауы керек. Біздің телеарна әрдайым көмекке келуге, қол ұшын беруге дайынбыз. Осы орайда оқырмандарды, көрермендерді қала өмірін, өз өмірімізді жақсартуға бірге ат салысуға шақырамын, қандай да ұсыныстар, ой-пікірлер болса біз ашықпыз. 

Алматы телеарнасы қаламызбен бірге дамиды, алда жоспарлар көп. Кез келген жоспардың артында көрермен тұратыны анық. Солардың жетістігі, жақсылығы, олармен қоса  проблемалары да бар. Көрермен мәселесінің шешілуіне ықпал етіп жатсақ, бұл біздің мақсатымыздың орындалғаны. Еліміз аман болсын!

 

Сұхбаттасқан: Назерке МҰСА
 

Талқылау