Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұрғиса Әділетұлы: “Ислам ойындарындағы жетістігімізден кейін қолдау болса — ол үлкен мотивация болар еді”

Ауыр атлетикаФото: ҰОК

Ауыр атлетикадан 2024 жылғы әлем чемпионы Нұрғиса Әділетұлы жуырда өткен Ислам ынтымақтастық ойындарында үш бірдей алтын жүлдені ел қоржынына салды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Алайда спортшы осы жетістігінен кейін ешқандай сый-сияпат болмағанын, егер қолдау көрсетілсе, ол спортшылар үшін зор ынталандыру болатынын айтып отыр.

“Біздің елде Ислам ойындарынан кейін марапаттау, сый-сияпат беру деген жоқ екен. Берілсе деген үмітіміз бар, әрине. Онда жақсы болар еді. Біз Қырғызстан мен Өзбекстандағы бауырларымыздан сұрасақа олардың айтуынша, ол жақта мұндай жетістіктерге арнайы сыйақылар беріледі екен. Бізде де сондай қолдау болса дейміз. Ол – біз үшін үлкен мотивация. Тұтас өміріміз бен уақытымыздың барлығы дерлік жаттығу залында өтеді. Сондықтан ондай қолдау бізге шабыт сыйлайтыны анық”, – дейді Нұрғиса Әділетұлы.

Айта кетейік, Нұрғиса Әділетұлы Ислам ойындарынан кейін бірден Қазақстан чемпионатына қатысып, тағы да топ жарды. Спортшының айтуынша, алдағы басты мақсат – Олимпиада ойындарында жеңіске жету.

Нұрғиса Әділетұлы 2024 жылы Манамада өткен әлем чемпионатында Жасұлан Қыдырбаевтан кейін араға он жыл салып әлем чемпионы атанды. Сонымен қатар, ол 2020 жылғы Азия чемпионатының күміс жүлдегері.

Ақерке Өмірхан
Жұма, 12 Желтоқсан, 2025 18:40