Нұрболхан Шарапов: Ринат Зайытов билікке қарсы шығып еді, басшылыққа отырғызып қойды
Белгілі әзілкеш Нұрболхан Шарапо Ринат Зайытов туралы айтты. Әзілкеш айтыскердің билікке қарсы келіп, алайда басшылықты тізгіндегенін атап өтті. Ол айтыскердің билік жайлы көзқарасы өзгерген болуы мүмкін деп топшылайды.
Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Талқылайық бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.
Нұрболхан Шарапов қоғамдағы қате-кемшіліктерді айтудан бас тартпаймын дейді. Саяси қызметке келуге ұсыныс алмағанын да айтты. Тіпті қызметке барған күннің өзінде көзқарасымды өзгертпеймін дейді ол.
“Маған қызмет ұсынған жоқ. Билікке қарсы шыға бастағанда әдетте басшылық қызметті ұсынып жатады. Мәселен, халқым, жұртым деп жүрген Ринат Зайытовты басшылық қызметке отырғызып қойды. Мүмкін, Зайытовтың билік жайлы көзқарасы өзгерген шығар. Бұрын айтып жүргенім орынсыз болған екен деген болар. Бала-шағасын асырау керек болған шығар. Ол жағын білмеймін”, – дейді Шарапов.
Егер өзіне қандай да бір қызмет ұсынылса, белгілі бір шартпен баратын едім дейді әзілкеш.
“Ақшамды алмай қоймаймын": Нұрболхан Шарапов Ләйлә Сұлтанқызымен соттасқаны туралы айтты
“Мен шақырту алсам, біріншіден, бармас едім. Егер мәдениет министрлігіне шақырса, барар едім. Бірақ шарт қояр едім. Қате-кемшіліктер болса, оған көз жұма алмаймын, сіздер араласпаңыздар деп ашық айтар едім. Көзқарасымды өзгертпес едім. Ең әуелі эфирлерді тазалайтын едім. “Қалалаулымды” жабатын едім. Оның орнына рейтинг беретін басқа нәрсе ұсынатын едім. Дәл қазір не ұсынатынымды айта алмаймын. Ол туралы ойланған жоқпын. Алдымен халықты дайындау керек. Халық арзан шоуға үйреніп алды. Халықтың көзқарасы өзгергенде арзан дүниелелерді көрмейтін еді”, – деді жайдарманшы.
Нұрболхан Шарапов елбасының 30 жылдағы еңбегін жоққа шығармайды. “Елбасының еңбегіне көңілім толады. 30 жылдағы еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Еліміздің дамуына, көрші елдермен татуластығына, қала салуына қосқан үлесін жоққа шығара алмаймыз. Астанамыздың сәулетіне көңілім толады. Шетелде мынау біздің елдің астанасы деп ұялмай айта аламын”, – деді ол.