Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұр-Сұлтандық келіншек 47 адамды түрлі жолмен алдаған

Нұр-Сұлтанда келіншек 47 адамды түрлі жолмен алдаған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Адамдарды жұмысқа орналастырып, балаларды балабақшаға кіргізіп беремін деген келіншек ақшасын алғаннан кейін уәдесін орындамаған. 

"Әбділдина алаяқтық жолымен 47 азаматтың 3 миллион теңгеден астам қаржысын иемденіп алған. Алматы ауданының №2 аудандық сотының үкімімен ол бас бостандығынан айырылды. Тіпті Әбділдина өзін білім бөлімінің қызметкерімін деп таныстырып, балаларды балабақшаға орналастыруға көмектесетінін айтқан. Бұл хабарландыруға қызығушылық танытқан жәбірленуші Әбділдинаға хат жазыпты. Олар 30 000 теңгеге баланы балабақшаға орналастыруға келіскен. Жәбірленуші Әбділдинаға көрсетілген соманы аударған. Кейін әйелдің телефонын бұғаттап, ақшаны өз қажеттілігіне жаратқан", –  деді прокурор Маратбек Мирзамұратов.

Дәл осындай жолмен 8 адам алданғанын баса айтты.

"Әбділдина балаларды балабақшаға орналастыруға уәде берумен қатар, сайтта денсаулық паспортын ақылы түрде беру, Ана мен бала орталығына жеткізу, медициналық жеңілдіктер, екпе паспортын беру туралы хабарландырулар жариялаған. Зейнетақы жарналарын алу үшін ақша беріп, алданған 14 жәбірленуші тағы бар”, – делінген ақпаратта.

Прокурордың айтуынша, Әбділдина оңай жолмен ақша табудың басқа да жолдарын қолданған.

"Бір тәулікке пәтер жалдап тұрып, оны ұзақ мерзімге жалға беру туралы сайтқа хабарландыруды орналастырып, мүдделі тұлғалармен жалға беру шартын жасап, 20-дан 100 мың теңгеге дейін ақша алып, із-түзсіз жоғалып кеткен. Осылайша 18 жәбірленуші алданып қалған", – деп қосты ол.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 25 Мамыр, 2022 18:16
Талқылау