Нұр-Сұлтанды түтін басты: Қазгидромет мәселенің себебін түсіндірді
Нұр-Сұлтан қаласының үстінде қою түтінің жиналу себебін Қазгидрометтің мамандары түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
7 желтоқсан таңертең елорданы түтін басты. Тұрғындар әлеуметтік желілерде қала үстінде пайда болған түтіннің суреттерін жариялап, өткір иіске шағымданған. Мамандардың айтуынша, 7 желтоқсанда Нұр-Сұлтандағы ауа-райына синоптикалық антициклон әсер еткен.
"Қазгидромет" РМК экологиялық мониторинг станциялары 2020 жылғы 6-7 желтоқсан күндері Нұр-Сұлтан қаласында ауадағы ластаушы заттардың шекті-рұқсат етілген шоғырланудан асып кету жағдайларын тіркеді. ШРШ "асып кетуі" 6 желтоқсан сағат 19.00-ден бастап тіркелді.
"Атмосфералық ауаның ластануы барлық бақылау бекеттері бойынша байқалды. Ең жоғары ластану Көктал-1 аудандарында, Тұран даңғылы мен Түркістан көшесінде тіркелді. Синоптикалық жағдайлар бойынша 2020 жылғы 07 желтоқсанда елорданың ауа райына антициклон әсер етеді. Ауа райы негізінен жауын-шашынсыз, 24-28ºС-қа дейін бірқалыпты аяз болып, тұман байқалады. Мұндай ауа райы жағдайлары жоғары қысым аймағына тән – жел тұрмайды, ауа салқын болады, аздаған бұлт торлайды. Атмосфераның жоғарғы қабаттарында ауа массаларының араласпауы тұманның пайда болуына әсер етеді", - дейді мамандар.
2020 жылғы 06 желтоқсан күні 13 сағат 55 минутта 7 желтоқсанда Нұр-Сұлтанда кей уақыттарда тұман күтілетіні туралы дауылды ескерту жарияланған болатын.
Мұндай метеорологиялық жағдайлар қаланың жеке секторын жылытудан шығатын ластаушы заттардың ауада жиналуына ықпал етті. Нәтижесінде қалың түтін пайда болды.