Нұр-Сұлтандағы LRT құрылысы соңына дейін аяқталады: Нысанды салу үшін тағы 577 миллион доллар қажет
Нұр-Сұлтан әкімі Алтай Көлгінов LRT құрылысын аяқтау үшін тағы 577 миллион доллар керегін айтты. Сөзінше, шығындарды азайту үшін жылжымалы құрам мен станциялар санын қысқарту керек болған, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі BaigeNews.kz басылымына сілтеме жасап.
"Біз жобаны оңтайландыруға көштік. Бастапқы жоба бойынша 18 станция қарастырылған, біз әуежайдан бастап, Қабанбайға бұрылғанша 8 станция салуды ұсынып отырмыз. Сондықтан бұл желінің жүктемесі жоғары болады. Жылжымалы құрамды да қысқарттық, бастапқыда 19 құрам болған, әзірге тек 5 қалдырдық. Интервал 15 минутқа тең. Жоба бойынша әрқайсысының сыйымдылығы 150 жолаушы болатын 4 вагон қарастырылған, барлығы 600 жолаушы", – деді Көлгінов.
Қала әкімі мұндай шаралардың жоба бюджетін екі есеге қысқартуға мүмкіндік бергенін айтты.
"Құрылысты аяқтау үшін бізге 577 миллион доллар қажет болады, Бұл оңтайландыру жұмыстарына дейінгі шығыннан екі есе аз", – деп түсіндірді ол.
Қала басшысы бұдан бөлек жолаушылар ағымы мен жол жүру бағасы туралы да қосып өтті.
"Алдын ала есеп бойынша, жолаушылар ағымы 25-30 мың жолаушы болады. Субсидия беріледі. Жыл сайын субсидиялауға және ұстап тұруға 3 миллиард теңге керек. Ал бағасына келетін болсақ, субсидия есебінен қатты өзгермейді, дегенмен сәл қымбат болады. Біз сатып алу қабілетіне де қараймыз", – дейді Көлгінов.
Әкімнің айтуынша, қазір бюджеттен қаржыландыру бойынша келіссөз жүріп жатыр. Егер үздіксіз қаржы берілсе, екі жылда аяқтау жоспарланған.
Бұған дейін урбанистика орталығы Астана LRT-ны аяқтау бойынша ұсыныстар қабылдаған. Барлығы 400-ден аса ұсыныс келіп түскен. Қала әкімінің сөзінше, ұсыныстардың 51%-ы жобаны жалғастыруды қолдаса, 42%-ы өзгертуді ұсынған, ал 7%-ы барлық нысандарды бұзуды ұсыныпты.
"Барлық ұсыныстар ішінен біз бірнешеуін қарастырдық. Олардың бірі – темір-бетон конструкцияларды бұзу. Бізде олардың саны 500-ден асады. Әрқайсысының салмағы 200-220 тонна. Есептесек, толығымен бұзып, алаңды тазарту үшін 20 миллиард теңге қажет. Бірақ жұмсалған бюджет қаржысын есептей келе, мұның тиімсіз екені белгілі. Оның үстіне біз қаржыны қарызға алғанбыз, қазір қарызды бюджет есебінен төлеп отырмыз", – деп түсіндірді Көлгінов.
Сонымен қатар әкімдік жаяу жүргіншілер немесе велосипед аймағын жасау нұсқасын да қарастырған. Дегенмен бұл қымбат жоба болады екен, әрі Көлгінов мұндай аумақты тек қоғамдық аймақ ретінде қолдана алмайтынын қосып өтті. Қазір желінің ұзындығы 22 шақырым.
"Табиғи-климаттық жағдайды ескерсек, бұл урбанистикалық жобаны тек жылдың жылы мезгілдерінде ғана қолдана аламыз. Ал бізде салқын мезгіл ұзаққа созылады, сондықтан бұл нұсқа да тиімсіз", – дейді Көлгінов.
Бұдан бөлек, электрлі автобустарға арналған эстакада салу жоспарланған екен. Бірақ мұндай жобаны келісімшарт жасасқан серіктестермен талқылау қажет дейді әкім. Ал қытайлық серіктес мұндай жобаға қарсы болған.