Нұр-Сұлтандағы автобуста болған мүгедек балаға қатысты жанжал: Жүргізуші жұмыстан шеттетілді
Елордалық автопарк басшылығы әлеуметтік желіде мүгедек баланы алып, анасы кірер кезде есікті жауып кетіп қалған автобус жүргізушісі туралы жарияланым пайда болғаннан кейін тексеру жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Бұған дейін Facebook қолданушысы сейсенбі күні таңертең №60 автобуста болған оқиға туралы хабаралады. Жазба авторының сөзінше, "Министрліктер үйі" аялдамасында жүргізуші орта есіктен 9-10 жастағы мүгедек баласын салонға кіргізіп, артынан өзі кірейін деп жатқан кезде автобус жүргізушісі есікті жауып тастаған.
Әйел есікті қаға бастаған, бірақ жүргізуші аялдамадан кетіп қалған. Жолаушы жол бойында келесі аялдамада автобусты қуып жете алды, салонда баласының қалғанын айтып, айқайлағанымен, жүргізуші тағы да есікті жауып тастады. Тек одан кейінгі аялдамада әйел салонға кіре алды.
Желі қолданушылары бұл жағдайға наразылықтарын білдірді.
Оқиғаға елорданың көлік жүйесіндегі жобаларға жауап беретін CTS компаниясының баспасөз қызметі түсініктеме берді.
"№1 автобус паркі "АҚ әкімшілігі толық тексеру үшін бұл автобус желіден шығарылғанын, жүргізуші жұмыстан уақытша шеттетілгенін хабарлайды", - деді баспасөз қызметі.
Қазіргі уақытта салоннан видеоны көру үшін диск алынып жатыр. Шағым расталғаннан кейін жүргізушімен еңбек шарты бұзылады, деп қорытындылады баспасөз қызметі.