Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұр-Сұлтандағы ардагерлер ауруханасынан коронавируспен ауырған соңғы науқас емделіп шықты

Бүгін ҚР денсаулық сақтау министрлігінің "Отан соғысының мүгедектеріне арналған орталық клиникалық ауруханасынан" коронавирус инфекциясымен ауырған соңғы науқас емделіп шықты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

7 апта ауруханаға COVID-19 індеті болуы мүмкін 18-90 жас аралығындағы 730 науқас түсіп, оның ішінде 335 науқастың сынақ нәтижесі оң болып, олар басқа стационарларға жіберілген. Қалған науқастар аталмыш ауруханада ем қабылдады. Ауруханада өлім тіркелген жоқ.

"Жасым 68-де. Бұған дейін Жамбыл облысының Жамбыл ауданы Аса ауылында 10 күн ауруханада жаттым. Ол жақтағы дәрігерлер де аянбай еңбек етіп, қолдан келгеннің бәрін істеді. Оларға да рахмет! Кейін осы жерде ауыстырылып, тағы 12 күн емделдім. Ауа жетпей, ентігіп келіп едім. Өкпені жасанды желдету аппаратына қосып, дәрі-дәрмекпен емдеді. Осы қиындықтың бәрі артта қалсын. Алдымен бір Аллаға сыйынамыз, одан кейін дәрігерлер халықтың жанын аман алып қалып, емдеп жатыр. Осы жердегі ұжымға көп рақмет!", - дейді емделіп шыққан соңғы науқас Кенжетай Көшетов.

23 маусымнан бастап ҚР денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бұл медициналық ұйым провизорлық ауруханаға айналған.

"Осы госпитальде емделген соңғы науқас бүгін шығарылды. Аллаға тәубе, науқастарды жақсылап емдеген дәрігерлерге рахмет! ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен 23 маусымнан бастап бұл госпиталь провизорлық госпиталь болды. Екі айдың ішінде 700-ден астам адам емделді. Оның ішінде 356 адамды өзіміз емдеп, осы жерден үйіне жібердік. Қалған науқастар басқа ауруханаларға ауыстырылды. Коронавирус инфекциясын жұқтырған адамдарды емдеу барысында өлім жағдайы болған жоқ", - дейді "Отан соғысының мүгедектеріне арналған орталық клиникалық госпиталі" директорының орынбасары Серік Шахметов.

Шахметов бұрын мұндай тәжірибе болып көрмегенін айтты.

"Бастапқы екі аптада қиын болды. Уақыт өте келе қиындықты еңсеріп, үйрендік. Енді коронавирус инфекциясының екінші толқыны болмай қойсын деп тілейміз. Тіпті бола қалған күннің өзінде оны да жеңеміз. Енді біз жабылып, екі апта бойы ғимараттың іші-сыртын тазарту жұмыстарын жасаймыз. Бәрі жақсы болса 1 қыркүйектен бастап бұрынғы режимде жұмыс істей бастаймыз", - дейді ол.
 

STAN.KZ
Сәрсенбі, 12 Тамыз, 2020 13:25
Талқылау