Нұр-Сұлтанда оқушыларға тегін жол жүру билетін алуға келген ата-аналар сағаттап кезекте тұруға мәжбүр болған
Нұр-Сұлтанда оқушыларға тегін берілетін жол картасын алу үшін "CTS" компаниясының кассасының алдында ата-аналар жаппай жиналды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап.
“Екі немерем бар. Екеуіне де жол картасы мектептен берілген. Бірақ мынау автобус тексерушілері аяқ астынан түрлерің оқушыға ұқсамайды деп оларды автобустан шығарып жібереді. Амалсыздан бүгін келіп тұрмын. Содан 1 сағат 10 минут маршрутпен жүріп келдім. Әр жерде аудан-ауданмен ашуға болмайды ма? Неге осында халық жаппай жиналады? Қазір кешкі 6-ға дейін алып үлгереміз бе, жоқ па ол белгісіз”, – дейді Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Үмітай Сейсенбаева.
Айта кетсек, елордада 18 жасқа дейінгі жасөспірімдерге тегін жол жүру картасын беретін бір ғана орталық бар. Сондықтан ата-аналар мұндай картаны алу үшін 5-6 сағаттап өз кезегін күтуге мәжбүр. Жиналғандардың сөзінше, мектептерден арнайы пунктер ашылса, уақыт үнемдеуге болатын еді.
Дегенмен, құзырлы мекеме өкілдері мұнда кезек күтпей-ақ, кез келген азамат онлайн түрде өтініш бере алатынын, ол бес жұмыс күні ішінде дайын болатынын айтып ақталды. Осындай онлайн өтініш беріп, дайын болған картаны алуға құлықсыз мыңға жуық адам бар екен. Ал бүгінгі жағдайға олар осы уақытқа дейін немқұрайлық танытқан ата-аналардың өздерін кінәлап отыр.
“Кейбір жауапты ата-аналар өздері жаз бойы келіп өздерінің балаларына карта алған болатын. Ал өзіңіз көріп отырсыз, карта жоқ екендігін бүгін ғана біліп отыр. Көріп отырғандай үлкен кезек пайда болды”, – дейді "CTS" ЖШС қоғаммен байланыс қызметінің басшысы Науат Азанбаева.