Нұр-Сұлтанда құрылыс компаниясы уәде етілген балабақшаның орнына тағы бір үй салған
Нұр-Сұлтанда құрылыс алаңдарына қатысты тағы дау шықты. Тұрғындар уәде етілген балабақшаның орнына тағы бір үйдің салынатынына наразы. Айтуларынша, бірнеше жыл бұрын құрылыс компаниясы пәтер сату кезінде балабақша салып беруге уәде берген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Элиталы тұрғын үй кешенінің тұрғындары өз талаптарын айтып жиналған. Олар құрылыс компаниясының жоспары өзгеріп кеткеніне қарсы екендерін мәлімдеді.
"Пәтерді сатып алу кезінде тұрғын үй кешенінде үйлердің тығыз салынатынын білген жоқпыз. Қазір Bazis компаниясы алдын ала бекітілгенін алға тартып, жоспарды өзгертіп жатыр. Нәтижесінде 200 орындық балабақшаның орнына 9 қабатты 4 үйдің құрылысы басталды. Құрылыс компаниясы балабақшалардың бірін үлкейтетінін, мұның жеткілікті екенін атйты. Ол 400 адамға арналмақ. Екіншісі салынбайды", – деді "Городской Романс" тұрғын үй кешенінің тұрғыны Сағадат Асансейітова.
Тұрғындар жаңа үйлердің салынуы электр қуаты мен кәріз жүйесіне қосымша ауыртпалық алып келе ме деп алаңдайды.
"Бұл жер 9 қабатты 4 үйге арналмаған. Су және жылу жүйесі, электр қуаты мен кәріз жүйесі бар. Бір балабақшаға аз кетеді, ал 4 үйге бірнеше есе көп керек. Қазірдің өзінде су баяу көтеріледі, дұрыс жылымайды. Сонымен қатар бұл ауданға бір балабақша аз деп есептеймін", – деп қосты Дидар Заркумов.
Ал құрылыс компаниясының өкілі тұрғындардың сауалына толық жауап бере алмады. "4 үйде қанша адам тұратынын айта алмаймын. Ал техникалық есеп дегеніміз – сандар, оларды көбейту қажет", – деді компания өкілі Павел.
Кейін компанияның басқарушы директоры мүлде басқа түсініктеме берген.
"Біздің жер телімімізде төрт кіреберісі бар бір үй салынады. Жанында аллея мен 400 орынға арналған балабақша болады. Сыртқы желімен мәселе туындамайды. Құрылыс компаниясы ретінде барлық мәселе құрылыс жұмыстарының аяқталуымен шешіледі", – деді құрылыс компаниясының басқарушы директоры Евгений Валов.
Компания директоры жаңа тұрғын үй кешенінің құрылысы туралы шешімді әкімдік қабылдаған дейді. Ал әкімдікте 2 жыл бұрын құрылыс жоспарына өзгеріс енгізілгенін растады. Алайда мұндай шешім қабылдауға не түрткі болғаны белгісіз.