Нұр-Сұлтанда Халық әртісі Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған "Айналайын халқымнан еркелеткен" атты концерт өтеді
Халық қаһарманы, Қазақстанның Халық әртісі, әнші Роза Бағланованың туғанына 100 жыл! Осы орайда Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен сахна сандуғашы, қазақ ән өнерінің тұтас бір дәуірін қалыптастырған ән перизаты – Роза Тәжібайқызының 100 жылдық мерейтойына арналған ән кеші ұйымдастырылады.
Халқы аялап "ән перизаты" атанған Роза Тәжібайқызы – бір дәуірдің мәдени келбетін қалыптастыра білген, ел мәдениетінің дамуына зор үлес қосқан сахна саңлағы. Роза Тәжібайқызының өнегелі өмір жолы мен шығармашылығын насихаттау мақсатында елордамыздың төрінде "Айналайын халқымнан еркелеткен" атты концерт өтеді.
Артына өлшеусіз мұра, өшпес із қалдырған, тұтастай бір әншілік өнер мектебін қалыптастырған әнші 1922 жылы қаңтардың 1-і күні Қызылорда облысы Қазалы қаласында дүниеге келген. Өнер жолын Ташкент филармониясының ән-би ансамблінде бастаған. Сол ансамбльмен ІІ дүниежүзілік соғыс жылдары майдан даласында өнер көрсеткен. Роза Бағланова майдан шебінде қойған концерттерінің құрметіне "Жауынгерлік ерлігі үшін" медалімен екі мәрте марапатталған. Марапатты атақты әскери қолбасшылар К.К. Рокоссовский мен И.С. Коневтердің өздері табыстаған.
Роза Бағланова 1945 жылы 9-мамырда Берлиндегі жеңіс концертіне қатысады. 1947-1949 жылдары Қазақ опера және балет театрының, 1949-1960 жылдары Қазақ филармониясының, 1960 жылдан Қазақконцерттің әншісі болып, ұлттық ән өнерін дамытуға үлкен үлес қосты, ерекше сазды әншілік мектептің қалыптасуына ықпал жасады.
Роза Бағланова қазақтың халық әндерін, замандас композиторлар әндерін, шет ел халықтарының (венгр, өзбек, қырғыз, тәжік, украин, грузин, Әзірбайжан, корей, қытай, моңғол, орыс, үнді, чех, швед, т.б.) әндерін нақышына келтіре орындады.
1946 жылы Мәскеуде өткен Бүкілодақтық эстрада әншілері байқауының дипломаты, 1949 жылы Бухаресте өткен Жастар мен студенттердің ІІ Бүкіл дүниежүзілік фестивалінің лауреаты атанды. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, "Халықтар достығы" ордендерімен, "Шапағат" медалімен және көптеген мемлекеттік марапаттардың иегері аталған. 1996 жылы Қазақстанның Халық Қаһарманы атанды.
Аңыз әнші, Роза Бағланованың 100 жылдығына арналған концерт Нұр-Сұлтан қаласы, "Бейбітшілік және келісім сарайында" 13 наурыз күні сағат 18:00-де өтеді.
Кеш қонақтары: С. Нұрмағамбетова, А. Қоразбаев, А. Қосанова, А. Иманбаева, М. Сәдуақасова, Е. Жаңаберген, Т. Асар, Б. Сәмединова, Б. Мұхитденова, Қ. Маханов, Ж. Жексенұлы, Р. Байдүкенова, З. Бажанова, Ә. Әлмадиев, Ү. Бағланова.
Арнайы қонақтар: Бағлановтар отбасы.
Қосымша ақпарат үшін байланыс телефондары: + 7 701 7505078

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
