Нұр-Сұлтанда "Елорда жастары есірткіге қарсы" науқаны өтті
Нұр-Сұлтанда 26 маусым - Халықаралық нашақорлық пен есірткі айналымына қарсы күрес күніне орай “Елорда жастары есірткіге қарсы” акциясы өтті, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Науқанға қазақстандық эстрада әншілері және спорт саңлақтары қатысты. Олардың арасында Досымжан Таңатаров, Гүлнұр Оразымбетова, Серік Сәпиев, Айқын Төлепбергенов, Нұрлан Еспанов, Дәнекер Оразбай, басқа да танымал тұлғалар тұрғындарды салауатты өмір салтын ұстануға және есірткімен бірігіп күресуге шақырды.
Аталмыш іс-шара елорда аумағында жыл сайын өткізіледі. Негізгі мақсат – қоғам назарын нашақорлық проблемасына, жасөспірімдер мен жастардың мәселелерін шешуге кешенді жұмыстар жүргізуге, салауатты өмір салтын сақтау ұстанымын қалыптастыруға және нашақорларға қажетті медициналық-әлеуметтік көмек беруге аудару.
Науқанды өткізуге әсіресе, қалалық полиция департаментімен тығыз байланыс орнатқан мемлекеттік емес ұйымдар, атап айтсақ, психикалық денсаулық орталығы, "Ренессанс" оңалту орталығы белсене атсалысты. Акция аясында психотропты заттарды қолданудың зияны мен қаупі жайлы ақпарат көрсетілген 1500-нан буклеттер таратылды.
“Бұл науқанды ұйымдастыру арқылы біз өскелең ұрпаққа есірткі қолданбай, уақытты қалай қызықты әрі пайдалы өткізуге болатынын көрсеткіміз келді. Шараға мыңға жуық қала тұрғындары мен қонақтары қатысты. Аталмыш акцияны жыл сайын ұйымдастырып тұру жоспарымызда бар”, – дейді Нұр-Сұлтан қалалық ПД қарасты есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының орынбасары, полиция подполковнигі Сергей Ильиных.
Айта кетсек, Нұр-Сұлтан қалалық психикалық денсаулық орталығының мәліметінше, сәуір айында мегаполисте есірткіге тәуелді 1166 адам тіркеуде тұр, былтырмен салыстырғанда олардың саны 577-ге кеміген.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
