Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұр-Сұлтанда балалар үйіне бөлінген 26 миллион қаражатты қолды қылған қызметкерлер ұсталды

Қаржылық мониторинг агенттігі елордада орналасқан балалар үйінен 25,9 миллион теңгенің ұрланғанын әшкереледі. Орын алған қылмыс бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды, деп мәлімдеді департаменттің баспасөз қызметі. Бұл жайында Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

детдом еда

Сурет ғаламтордан

Министрліктің хабарлауынша, Qamqor жедел ұйымдастыру шаралары аясында астаналық балалар үйлерінің біріне жетім балаларға азық-түлік сатып алу үшін мемлекеттік бюджет тарапынан қаржы бөлінген.

"Тергеу нәтижесінде балалар үйінің директоры мен бас бухгалтері мемлекеттік сатып алу ережелері бойынша рәсімдерді орындамай, еншілес бақыланатын кәсіпорынмен азық-түлік өнімдерін жеткізуге келісімшарт жасасқаны анықталды. Сонымен қатар атаулы компанияның басшысы бас бухгалтердің жұбайы болып шықты", – деп хабарлайды ҚР Қаржылық мониторинг агенттігінің баспасөз қызметі.

Басқарушы тұлғалар осы компания арқылы жетімдерге азық-түлік алуға арналып бөлінген 130 миллион ақшаның 25,9 миллион теңгесін қалтасына басқан. 

Тергеу жұмыстары әлі де жалғасуда. Басқа ақпараттар тергеу шаралары аяқталған соң белгілі болады.

Ақберен Амангелді
Сәрсенбі, 08 Қыркүйек, 2021 11:25
Талқылау