Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Дәрігерлерге тәртіптік жаза тағайындаған: Нұр-Сұлтанда 10 айлық сәбиінен айырылған ана ақ халаттыларды кінәлайды

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Әсима Уатаева қалалық инфекциялық аурухана қызметкерлерін сәбиінің өліміне кінәлі деп санайды. Жұмыстарына салғырттық танытты деген ана Бас прокуратурадан көмек сұрап, жауаптылар жазалансын деген талап қоюда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 7 арнаның “Айбат” жаңалықтар бағдарламасына сілтеме жасап.

Қайғыдан қан жұтқан ана үшінші сәбиінен айырылған. Жыныс мүшесі ісіп туылған нәрестеге дәрігерлер шап жарығы диагнозын қойған. Кейін Әсима ота жасалынуы керек деп ауруханаға қанша барғанымен дәрігерлер бала өміріне ешқандай қауіптің жоқ екенін айтып, өсе келе емделетінін жеткізген. Салдарынан баланың ауруы күн санап асқынып, 10 айға толғанда инфекциялық ауруханаға түсіп, сол жерде көз жұмған. 

“Реанимация шақырыңдар деді. Дәрігерлер келіп қараған кезде баланың іші қатты ісіп тұрды. Содан соң олар хирургті шақырыңдар деді. Алайда ол жақта хирург болмады, узист жоқ тіпті ренген жасайтын дәрігер болмады. Балаға уақытында тиісті көмек көрсетілмеді. 

Әділ шешім шығып, кінәлілер сот алдында жауап берсе екен деймін”, – деді Әсима Уатаева.

Сот медициналық сараптаманың қорытындысы бойынша сәби шап жарығынан туындаған гангренадан көз жұмған. 

“Анықталған кейбір ақаулар болған. Бірақ оған біз дәрігерлерді негізсіз, дәлелсіз кінәлай алмаймыз. Оның бәріне полиция департаменті, сот медициналық сараптама жауап беретін болады”, – деді медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің бөлім басшысы Азиза Ескендір. 

Нәтижесінде департамет өкілдері педиатр маманының жұмысында қателіктер болғанын айтып, сол күні кезекшілікте болған дәрігерлерге тәртіптік жаза тағайындаған. Полицейлер істі жауып тастағандықтан баласынан айырылған жесір әйел әділдік іздеп соңына дейін баруға бекіген.

Талқылау