Нұр-Сұлтан сотының жаңа төрағасы тағайындалды
ҚР Жоғарғы Сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Әбдірашит Жүкенов сот ұжымына Нұр-Сұлтан қаласы сотының жаңа төрағасы Жұмағұлов Ақан Маратұлын таныстырды.
Бұрын Алматы қалалық сотының қылмыстық істер жөніндегі сот алқасын басқарған Ақан Жұмағұлов президенттің 2022 жылғы 11 шілдедегі Жарлығымен елорданың қалалық сотының төрағасы қызметіне тағайындалды.
Жоғарғы сот алқасының төрағасы осы жарлықпен тағайындалған аудандық соттардың төрағалары мен елордалық қалалық соттың судьяларын да таныстырды.
Есіл аудандық сотының төрағасы болып Алмас Сәлімов, Есіл ауданының №2 аудандық сотының төрағасы болып - Дәуренбек Даумов тағайындалды.
Нұр-Сұлтан қаласы сотының судьясы лауазымына Айбек Әмірғалиев, Гүлнәр Дәулешова, Анар Кәрімова тағайындалды.
Соңында Әбдірашит Жүкенов тағайындалған төрағалар мен судьяларды қызметке кірісуімен құттықтап, жұмысына табыс тіледі.
Айта кетейік, 2022 жылдың 3 маусымына дейін Нұр-Сұлтан қаласы сот төрағасы қызметін Тілектес Бәрпібаев атқарды. Ол аталған қызметке 2013 жылы тағайындалған.

Астана әкімдігі сенбілікте пластик жинағандарға қағаз салфетка таратқан: Экологтар бұның үлкен қате екенін айтып, дабыл қақты
