Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әнші Калия мен блогер Әлішер Елікбаев карантинге жіберілді. Олар орналыстырылған жерлердің айырмашылығын қарап көріңіз

Қазақстанға жақында Мәскеуден оралған әнші Калия мен блогер Әлішер Елікбаев карантинге жатқызылыпты. Stan.kz редакциясы Алматы мен Нұр-Сұлтандағы карантин орындары несімен ерекшеленетінін анықтап көрді.

Әнші Калия Алматыға ұшып келген. Сөзінше, ұшақ жолаушыларын бірнеше сағат бойы ешқайда шығармай қойыпты.

"Әуежайға келместен жатып, бізді суық бөлмеге екі сағат отырғызып қойды. Төлқұжаттарымызды алып алды, ешкім ешнәрсе айтпады, түсіндірмеді. Содан кейін суық автобусқа отырғызып, сынама жасатуға жатақханаға алып барды. Тағы екі жарым сағат бізді суық автобусқа қамап ұстады. Онда балалар мен қарттар да болды. Не сыртқа шығуға, не су сатып алуға рұқсат бермеді. Полицейлер "Шыдаңдар" деп дөрекі жауап қайтарды", - дейді әнші. 

карантин

Сөзінше, сол күйі сараптама ешкім жасамапты, себебі азаматтардың құжаттары әуежайда қалып қалған. 

"Жатқан жеріміз мынау. Төрт адам бір бөлмеде жатыр. Бір ғимаратта бір шайнек. Бөлмелер суық. Қабат-қабат киініп алып жүрміз. Айта кетерлік жайт, арамызда vip-класспен келген бірде-бір адам жоқ", - дейді Калия. 

Ал Нұр-Сұлтанда карантинде жатқан блогер Әлішер Елікбаевтың жайы мүлдем бөлек. 

"Сынама нәтижелері теріс болып шықты. Менімен келген ұшақ жолаушыларың бәрі сау. Десек те бас ұра үймізге жүгірмедік, өйткені барлығымыздың жанұямыз бар. 14 күнге карантиге жаттық.  Кейбіреулерінің бойынан коронавирус біраз уақыт өткен соң табылып жатты", - дейді блогер. 

Сондай-ақ ол әуежайдан қайтар кезде ешқандай даудың болмағанын, медициналық қызметкерлер мейірімді, қажет кезде қатал болатынын атап өтіпті. 

Блогердің бұл жазбасына желі қолданушысы "қонақ үйге тек байларды жатқызады ма, жоқ әлде қарапайым адамдардар да бар ма?" деген сауал қойыпты. Оған жауап ретінде Елікбаев ұшақта болғандардың барлығы да қонақ үйде екендігін айтқан. 

Блогер төрт жұлдызды Comfort дәрежелі қонақ үйде жатқан көрінеді. 

Еске салайық, Нұр-Сұлтанда бірнеше қонақ үйді кәсіпкерлер карантинге жіберілгендерді жатқызуға арнапты. Атап айтсақ, елордалықтар үшін  "Турист", "Рамада", "Алау", "Дипломат" қонақ үйлері арналыпты. Ал Нұр-Сұлтанның рестораторлар клубы карантинде жатқандарды тамақпен қамтамасыз еткен. Алматыда болса, тұрғындарды жатақхана мен шипажайларға жіберілуде. 

карантин

 


 

 

STAN.KZ
Дүйсенбі, 30 Наурыз, 2020 13:54
Талқылау