Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Қар ериді, кетеді": Елорда әкімі төтенше жағдай кезінде Дубайға неге кетіп қалғанын түсіндірді

Нұр-Сұлтан қаласының әкімі Алтай Көлгінов "Сұхбат" бағдарламасына арнайы интервью берді. Онда қаладағы төтенше жағдайға байланысты қандай жұмыстар атқарылып жатқанын, қаладағы қиын ахуалға қарамастан Дубайға неге кетіп қалғанын түсіндірді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агентігі. 

Алтай КөлгіновҚаладағы қар тазалау жұмыстарына көңіліңіз толады ма? 

- Біріншіден, табиғат бізді сынап тұр. Қар өте көп. Оның үстіне бір аптадан бері боран соғып тұр. Бір күн тынышталғанда біраз қарды жинап үлгердік. Енді қайтадан боран басталды. Біздің коммуналдық мекемелер күндіз-түні жұмыс атқаруда. Олардың жұмысын бағалау керек. Боран басталып жатқанда бірден ескерткен болатынбыз, жаяу жүріп немесе машинамен қар тазалап жатқан қызметкерлердің жалақысына сыйақы қосып береміз. Нағыз еңбек азаматтары солар. Еңбекті бағалау керек. 

Бізде "Астана-Тазалық" деген ең негізгі мекеме бар. Сонымен қоса 60 жекеменшік орындар бар. Төрт ауданды бөліп тазалайды. Қазір біздің міндетіміз жолды тазалау. Елордамызға бүкіл республикамыздан кіретін-шығатын трасса тас жолдары жабық. Боран басталғалы бері өзімнің әріптестерім Қарағанды, Ақмола облыстарының әкімдерімен жеке байланыстамын. Толық тәулік бойлы жұмысқа өткен кезде ТЖҚ, Ұлттық гвардия мен әскерилерді көмекке шақырдық. Боранды күндері елорда 1020 адамды құтқарып алдық. Оның ішінде 7 аяғы ауыр әйелдер, 46 бала болды. Ол енді үлкен жұмыс. Жай көліктердің барлығы қарға көміліп қалған. ТЖҚ көліктерімен 15-30 шақырым жердегі боранда қалып қойған адамдарды шығарып, қалаға жеткіздік. 

Қазір үлкен сын болып тұр. Табиғат салмақ салуда. Оны мойындау керек. Қар жауғанымен қоймай, боран соғып тұр. Ол бүкіл қаладағы қардың бәрін бұрыш-бұрышқа үйіп, тротуардың бәрін жауып тастады. 

- Кеше ауа-райының қолайсыздығына байланысты қалада төтенше жағдай жарияланды. Тап осы күні сіз БАӘ сапарлап жүрдіңіз. Осы жаңалықты естіген халық "бұл қалай болғаны", "жұмыстың нағыз қауырт кезінде бел ортасында әкім жүрсе" деген ойларын айтып жатты. Осыған жауабыңыз. 

- Іс-сапарда мемлекеттік мүддемен жүрдік. Салынып жатқанына 10 жылдан асқан, жыры бітпейтін "Абу-Даби Плаза" деген құрылыс бар. Сол мәселемен шейхтармен кездесіп, биыл бітіруді айтып, тоқ етерінен сұрақты қойдық. Олар келісті. Себебі мынаның құрылысы созылып кетті. Сол жердегі менеджменттің сапалы жұмыс істемегенінің арқасында жергілікті біздің мамандарға уақытылы жалақы да төленбеді. Соның бәрін айтып, келісіп, енді қайталанбауын сұрап қайттық. 

Екіншіден, бізге инвестиция тарту керек. Қар ериді, кетеді. Ал инвесторларды кім алып келеді. Сондықтан жүйелі түрде ойлану керек. Әкім бар болса жұмыс бар, әкім жоқ болса жұмыс жоқ деп ойлау дұрыс емес. Коммуналды қызметкерлер дұрыс жұмыс атқарып жатыр. Менің бір күнге барып келгенімнен, ештеңе бола қойған жоқ. Кеше түнде келіп, қарды қайтадан бақылауға кірісіп кеттік. Онда тұрған ештене жоқ. 

БАӘ-нің үлкен инвесторы 35 млн АҚШ долларға жеке инвест-жобаны осында салатын болды. Ол бізге жақсы қолдау. Оның үстіне біз тағы үш инвест-жобамен келіссөздер жүргіздік. 

Қазіргі әңгіменің барлығы қарда болып тұр. Сондықтан қазіргі уақытта дүрлігуге себеп жоқ. Шамалы сабыр ету керек. Бұл табиғаттың тосын мінезі. Оған қарсы келер ештеме жоқ. Бірақ біз оған қарап отырмаймыз. Бүкіл күшімізді жұмылдырып, күндіз-түні қар шығарып жатырмыз. Кеше қаланы түнгі он бірден үшке дейін аралап қарадық. Полигандардың барлығын қар басып қалған. Біздің камаздар қарды тоқтаусыз тасып жатыр. Жүргізушілердің еңбегі орасан. Ал полигонға барған машиналар кері шыға алмай қалды. Оны да мойындау керек. Себебі, жол көрінбейді. Жұмыла көтерген жүк жеңіл. Осындай кезде біздің жастарға рахмет айтқым келеді. Тұрсынбек Қабатов сияқты елге танымал азаматтар мен спортшыларымыз "біз біргеміз" деген хештегпен президентіміз жариялаған "Еріктілер" жылында бұл да бір жақсы, пайдалы іс болды деп ойлаймын. Балалар үйіне, мектептерге барып, осындай кезде бірлігіміз күшті екенін, қолдау беретінін көрсетті. Бұл да бір біздің қоғамның жанашырлығы, дамығанының көрсеткіші. 

Ең басты мәселе - жолдарды ашып беру. Қаланың қақ ортасында жол мүлде жабық болды. Үш-төрт метрлік қардың қала ортасында тұрғанын көріп пе едіңіз?! Менде ҚазГидромедтің статистикасы бар. Норма бойынша 16 мм қар түсу керек болса, қазір 50 мм түскен. Үш есе көп. Ал өткен жылы 10 мм түскен. Бұл дегеніміз өткен жылмен салыстырғанда 5 есе көп. Демек, бес есе көп жұмыс істеу керек деген сөз. Көп екен деп қол қусырып отырмаймыз, жұмысымызды атқарамыз. 

- Боран соғып, қыс бет қаратпай тұрған кезде қоғамдық көліктер сиреп кеткендей болып көрінеді. Өзіңізде халық ішінде көп жүресіз. Әсіресе, кептеліс уақытында аялдамаларда бүрсең қағып тұрған адамның қарасы көп. Ал автобустың өзіне бас сұға алмайды. Өйткені іші толған адам. Осы мәселе немен байланысты? Бізде автобус тапшы ма?

- Жоқ, бізде автобус тапшы емес. Табиғаттың мінезін көрсетіп тұрғанда сондай мәселелер болады. Жолдың барлығы жабық. Қаланың ішінде құрылыс, үлкен-үлкен үйлер болғандықтан желдің екпінін бәсеңдетеді. Ал елді-мекендерде қар жолды жауып тастап жатыр. Соны тез арада ашу жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. 

Сондықтан халық сабырлық сақтап, сыртқа шықпай тұру керек.  

- Осылай автобус сирек болып тұрғанда, кептеліс  күшейіп жатқан кезде, қаладағы №2 автопарк жабылып қалды. Осыны түсіндіріп өтіңізші. 

- Ол автопарктің алған кредиті, қарызы бар. Басқарып отырған азаматтардың жұмысқа деген қабілеті болу керек. Қарыздары басынан асып жатыр. Сондықтан ол жердегі автобустарды басқа автопарктерге бөліп бердік. Сондықтан оның жабылып қалуы кері әсер тигізген жоқ. Оның жұмысы жалғаса беретін болса, жағдайы одан сайын қиындайтын еді. Жекеменшік автопарк еді. Егер ол міндетін атқара алмай жатса, онымен біз жұмысты тоқтатамыз. Ол басқа автопарктерге сабақ болуы керек. 

Қазіргі таңда автобустарды көбейтуге келген қаланың экологиялық жағында ойлауымыз керек. Сондықтан 100 электр автокөлігін іске қосуға шешім қабылдадық. Елорда болғандықтан біздің жұмыс жаңа модернизациялық, стандартты талаптарға жауап беру керек. Бір бірте-бірте "Жасыл экономикаға" өтуіміз керек. 

- Қаланың кейбір көшелерінде автобус жолақтары берілгелі біраз жылдың бедері болды. Халық арасында осындай тәжірибе оң нәтижесін беріп жатыр. Кептеліс сейілді. Халық арасныда неге осыны қаланың басты көшелеріне енгізбеске деген әңгіме бар.

- Дұрыс, өйткені, әлемдік тәжірибеде бұл бар. "Баслейн" деген біріншіден қоғамдық көлікті пайдалануға ынталандырады. Әр қайсысы бір-бір көлік мініп алып, кептелісте тұрасыз немесе қоғамдық көлікпен тез жетесіз. 

Біз бірінші кезекте қоғамдық көлікке басымдық береміз. Қазіргі уақытта 24 көшеде "Баслейн" бар. Алдағы уақытта осыны кеңейтуді ойлап отырмыз. Бірақ тар көшеге қандай "баслейн" қоясың? Қай көше кең, сол жерлерге береміз. 

- Шаһардың шеткері көшелері мен аудандарында транспорттық мәселе нашар. Бұны президенттің өзі үкімет отырысында атап өтіп, бұл мәселеге тек сіз ғана емес, аудан әкімдері де білек сыбана кірісуі керек деген тапсырма берді. Қандай жоспарларыңыз бар?

- Қаланың аймағына кіретін 16 елді-мекен бар. Ол жерде 280 мыңнан астам азаматтар тұрады. Бұл қаланың 25 % азаматы сонда тұрады деген сөз. Ол жерлерде инженерлік желілер, жолдың сапасы, жарықтандыру, әлеуметтік нысандар және абаттандыру мәселелері бар. Біз оның барлығын "Нұр-Сұлтан қаласын дамыту" жөнінде жүйелі жоспарға арнайы бөлік ретінде бекіттік. Үкімет осы сұранысымызды қолдап, өткен жылдың желтоқсан айында қаулы шығарды. Алдағы үш жылда республикалық бюджеттен 80 млрд теңге бөлінетін болды. Оның үстіне өзіміз жергілікті бюджеттен қосымша қаржы бөлетін боламыз. 

Сонда қазірдің өзінде бекіткен жоспар бойынша, биылдың өзінде қаланың сыртындағы 100 көшені жөндемекпіз. 4 спорт нысанын, 6 мектеп, 5 денсаулық сақтау орнын саламыз. Бұның бәрін алдағы үш жылға жоспарлап отырмыз. 

Талқылау