Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нұржан Қалжан көрінбей кетуінің себебін түсіндірді

Нұржан Қалжан екі жылдай уақыт халық алдына шықпады. Ол мұны өзінің шақырылмаған жерге бармайтынымен түсіндірді. Мұнымен қатар, әнші әріптесі Димаш Құдайбергеновке америкалық продюсерлердің ұсыныс жасағаны туралы айтып қалды.

c0f122e462b3d9cf4153c876a124f0b6

Бұл туралы Қазақстан арнасының “Бүгін жексенбі” бағдарламасында айтылды.

– Нұржан, сізді бір емес, екі апта іздедік. Әрең дегенде байланысқа шықтық. Ғаламтор арқылы сұхбат бермегеніңізге біраз уақыт болғанын байқадық. Қайда жүрсіз?

– Арнайы Алматыдан алдырып шақырғандарыңыз үшін көп рахмет! Сұхбат бермегеніме біраз болып қалғанын өзім де байқаймын. Шамамен екі жыл болған шығар. Жуырда Ләйлә Сұлтанқызының бағдарламасына келіп кеткен болатынмын.

– Не себепті? Сіз шақыртуларды қабыл алмайсыз ба әлде сізді шақырмай ма?

– Жоқ! Сіздің бірауыз сөзіңізге бола мен осында ұшып келдім. Жалпы “Шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма. Шақырылмаған қонақ сыпырылмаған жерге отырады” деп айтады ғой. Шақырып жатса, қалмауға тырысамыз. Кейінгі кезде, шыны керек, шақыртулар сиреп кетті. Бұрын мерекелік кештердің түсіріліміне қоңырау шалып шақырып, өздері іздейтін. Бұған себеп осы, осының кесірінен осылай болып жатыр деп дөп басып ешнәрсе айта алмаймын.

– Нұржан, кезінде қыздауысты әншілерді біраз сынға алды. “Милизимді қосады” деп айыптады. Бәлкім, сол сын көрінбей кетуіңізге әсер еткен шығар?

– Иә, осы секілді сындарды естідім. “Осы өнерді қойып кете салсам ба” деген ой да келді. Мен ол дауысты балшықтан жасап немесе ағыштан ойып алған жоқпын. Бір Алланың сыйы деп білемін. Мен тек оны пайдаланып жүрмін.

– Қазір өнерге деген көзқарас өзгеріп келе жатқан сияқты. Отандасыңыз Димаш Құдайбергеновтың қазір Қытай елінде өнер көрсетіп жатқанын білесіз. Ол бүкіл әлемді аузына қартты. Сіздің де дәл осылай танылатын уақытыңыз келген сияқты?

– Димаш Құдайбергенов жұртты таңғалдырып жатыр. Аллаға шүкір, қазір шын дауысты, дұрыс өнерді бізде де бағалап жатыр. Бізде байқауға лайық, тойда өнер көрсетуге лайық дауыс деп бөлінеді. Шыны керек, байқауға қатысуға лайық дауыстарды бізде бағалаған жоқ. Димаштың өзін де бағалаған жоқпыз ғой. Кезінде “Айқайлағанның барлығы әнші емес” деп те сыналды. Димаш қазір бүкіл әлемнің назарын өзіне аударып отыр. Керек десеңіз, Америкадан продюсерлер оған ұсыныс жасағанын естіп жатырмын. Мен өзім жарысқа қатысқан адаммын. “Жас қанатта”, “Шабытта”, Қытайдағы байқауларда өнер көрсеттім. Димаштың қазір қандай күйде жүргенін жақсы түсінемін. Оның өнерін көрген кезде, “Жарайсың!” деп көзімнен жас шығып кетеді.


Жіберіп алмаңыз:

“I am singer” жобасындағы Димаштың қарсыластары кім?

Жанкүйерлері Димаш отырған ұшаққа билет алуды шығарған

Димаш пен оның досы жұртты Бағым Мұхитденованы қараламауға шақырды

Үшінші орын алған Димаш Құдайбергенов жалпы есепте бірінші орында келеді

STAN.KZ
Дүйсенбі, 06 Ақпан, 2017 11:15
Талқылау