Нұртас Адамбай: Орыс тілін білуіміз – біздің әлсіздігіміз емес мықтылығымыз
Белгілі кинорежиссер әрі актер Нұртас Адамдай “қазақ бола тұра орысша сөйлейді” деп сынайтындарға өз жауабын берді. Ол кезінде елімізде орыс тілді мектептердің сапалы білім бергенін алға тартып, бұл үшін ана тілін білмейтін жастарды кінәламау керектігін мәлімдеді, деп хабарлайды Stan.kz.
Адамбай тіл мәселесін өзінің Facebook-тегі парақшасында көтерді.
Stan.kz назарларыңызға Адамбайдың толық жазбасының қазақша нұсқасын ұсынады:
“Ара-тұра менің жазбаларыма: «Қазақша неге жазбайсың?», «Қазақша сөйле», деген сынды пікірлер қалдырылады. Жақында бір егде жастағы кісіден: «Бұл қазақтың жері! Қазақша сөйлеу керек!» – дегенді естідім. Және оның көзқарасынан жай ғана ұнатпаушылықты емес, агрессияны байқадым… Бұл жазбамда ана тілін меңгергендерді асыра жақтайтындарға жауап бергім келеді.
Сіздер расымен де өз ана тілін еркін меңгермеген қазақтарды (үлкен өкінішке қарай), яғни бізді аспаннан түсті деп ойлайсыздар ма? Әлде біз ғайыптан тайып бір сағаттың ішінде пайда болыппыз ба? Кезінде біздің елімізде қазақ тілді мектептерден қарағанда орыс тілді мектептердегі білім сапасы әлдеқайда жоғары болса, оған біз кінәліміз бе? Сол мектептерді біз салдық па? Бүгінде бізді сынға алып жатқан егде жастағы кісілер сол кезде қайда қалды? Сол уақытта қазақ мектептерінің көп болуы жолында неге күреспедіңіздер? Қазақ тіліндегі кітаптар мен оқулықтар сапалырақ болу үшін сіздер не істедіңіздер? Сіздер әлі күнге дейін тілді ретке келтіре алмай келесіздер: әуежай, пәлсапе, ғаламтор және т.б.
Әр азамат мемлекеттік тілді білуі тиіс дегенмен келісемін, бірақ оны «жария сөгіске» айналдырудың қажеті жоқ.
Кейбір «ана тілінің қамқоршылары» қазақ бола тұра орыс тілінде сөйлейтіндерді Отанды сатып кеткендерге теңеп жатыр. Сіздер, алдымен, не айтылып жатқанына мән беріңіздер, содан кейін барып қандай тілде…
Иә, мен орыс тілін кез-келген басқа тілден артық білемін. Және мен бұл тілге алғысымды айтамын. Бұл «құдіретті тілді» білуіміз – біздің әлсіздігіміз емес, керісінше мықтылығымыз.
Бұл сұраққа қатысты айтылар сынға баяғыда-ақ үйреніп кеттім. Не істейтінімді өзім білемін. Өз елім мен халқымды қалай жақсы көремін – ол менің жеке жұмысым!
Осыны басқаша қабылдайтындар үшін алаңдаймын. Соңғы кездері Қазақстаннан кетуді жоспарлап жүрген адамдарды жиі кездестіремін. Олардың арасында «тіл білмесең, сен кеміссің» деген сыннан қорқатындар аз емес.
Достар, бұл біздің ортақ Отанымыз және біздің әрқайсымымыз оған тек жақсылық тілейміз.
Бүгінде біздің еліміз бірлікке мұқтаж. Әлемде не болып жатқанын қараңыздаршы, алысқа арбалаудың да қажеті жоқ.
Неге бізді «таза қазақ» пен «шала қазаққа» бөлесіздер? Бөліну арқылы біз мемлекетіміз бен тәуелсіздігімізге қызғана қарайтын дұшпандарымызға өзімізді жығып береміз.
Күн санап қазақ тілінде сөйлейтін жастардың артып келетінін көпшілігіңіз байқаған да шығарсыз. Гәккудің концертінде, Алматыдағы ескі алаңда 40 мың жас тыңдарманның қазақтілді әншілермен қосыла ән айтқанын өз көзіммен көрдім. Бұл дегеніңіз керемет! Мемлекеттік тілді білетін өскелең ұрпақ өсірдік! Сондықтан да кезінде белгілі бір себептермен өзінің ана тілін жетік меңгере алмағандарға «тас лақтырудың» қажеті жоқ.
Мен өз елімді шынайы жақсы көремін және оның болашағы үшін алаңдаймын. Сондай-ақ, мен халқымызды қандай да бір белгілерге қарап бөлгенге қарсымын! Бізде барлығы жақсы болады.
«Сәбинка келін» фильмінде басты кейіпкер біраз уақыт ауылда тұрғаннан кейін қазақ тілі курсына жазылды. Оны ешкім мәжбүрлеген жоқ, ол өзі сондай шешім қабылдады”.
Жіберіп алмаңыз:
Айсәуле Бақытбек енді модельдік кәсіппен айналыса бастады (видео)
Ерке Есмаханның ресейлік олигархпен көңіл қосқаны рас па?
Қазақстандық жұлдыздар өздерін балағаттайтындарға қатысты пікір білдірді