Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Нумерологиялық сыры жоқ": Алматыда бір отбасы мүшелері тек бір күнде үйленеді

Алматы қаласында 30-шы наурыз күнін отбасылық мерекелік дата ретінде бекіткен ерекше отбасы бар. Бүгінде пайғамбар жасына ту қадаған Жанат Ибраев осыдан 36 жыл бұрын өмірлік серігі Ботакөз Нұқатова екеуі отбасын құрып, шаңырақ көтерсе, ұл-қыздары да отбасын құруға дәл осы күнді таңдаған. Отбасының бұл датаны таңдауының сырымен Stan.kz тілшісі танысып қайтты. 

"Асыл жарым Ботакөз екеуміз 1984 жылы 30 наурызда отбасын құрып, үйлену тойымызды өткіздік. Өмірге Алланың берген екі ұлы мен бір қызы келді. Тұңғышымыз Шыңғыс есейіп, отбасын құру туралы жоспарын айтты. Көктемге сәйкес келіп тұрғандықтан, біз 30-наурыз күнін ұсындық. Олар құп көрді. Одан кейінгі ұл-қыздарымыз айтқызбай-ақ, осы дәстүрді жалғастырып кетті. 30-наурыз күнін таңдауымыздың ешқандай нумерологиялық сыры жоқ. Жан-дүниені тірілткен, елдің аққа аузы тиген, қытымыр қыстың ызғарынан құтылып, алдағы шуақты күндерден үміттендірген Наурыз айы ырыс пен молшылық айы саналатындықтан, осынау күнді таңдадық", – дейді отағасы Жанат Қинашұлы.

Отбасының үлкен келіні Айнұрдың Ибраевтар әулетінің ақ босағасын аттағанына биыл 13 жыл толыпты.

"Жолдасым Шыңғыс екеуміздің үйлену тойымыз 2007 жылдың 30-наурызында аталып өтті. Одан кейін қайным Сәкен мен Мадина осыдан сегіз жыл бұрын дәл осы күні шаңырақ көтеріп, тойларын дүмандатып өткіздік. Одан кейін қайынсіңлім Дананың алты жыл бұрын, яғни 2014 жылдың 30 наурызы күні ұзату тойын жасадық. Ол да осынау отбасылық атаулы датада ақ келін атанды. Осылайша, отбасылық дәстүрдің сабақтастығын үзбей жалғап келе жатырмыз. Ата-анамыздың жүріп өткен жолы біздер үшін тағылымы мол жол. Отбасы құндылығын сақтаудың мәні – сыйластықта жатқандығын біздер жақсы түсінеміз. Қазіргі таңда біз келіндер тарапы ата-анамызды айтқызбастан, қас-қабағынан ұғатындай деңгейге жеттік", – дейді ол.

Жыл сайын отбасы мүшелерінің барлығы қарашаңырақта бас қосып, атаулы датаны тойлауды дәстүрге айналдырған. Бұл күні Ұлыстың Ұлы күнінің құрметіне Наурыз көже пісіріліп, ұлттық тағамымыз ет асылып, отбасы мүшелері бірін-бірі құттықтап, игі тілектерін арнайды екен. 

Енді төрт жылдан кейін ата-аналарының шаңырақ көтергеніне 40 жыл толуына орай, лағыл тойын да 30-наурызға орайластырып, жасап беруді армандап жүргендерін де тілге тиек етті ұл-қыздары. 

Бүгінде ұл-қыздарынан өрбіген сегіз немеренің атасы мен әжесі атанып отырған Жанат аға пен Ботакөз апай болашақта осы отбасылық дәстүрді немерелерінің одан әрі қарай жалғайтынына сенімді. 

"Бұл тұрғыда саннан бақыт іздеп отыр деген түсінік болмауға тиіс. Әрбір мемлекеттің мерейтойларға байланысты бекітілген күндері бар екені белгілі ғой. Сондықтан, отбасы шағын мемлекет десек, әрбір отбасы өздеріне атаулы бір датаны белгілеп қойса, артықтық етпейді. Керісінше, бұл отбасылық құндылықты дәріптеуге жол ашады", – дейді медбике болып қызмет атқаратын отанасы Ботакөз. 

 

Арнайы Stan.kz үшін   

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр