Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нүкенованың адвокаты Бишімбаевтың бұрынғы әйелін сотқа шақыруды өтінді: Судья өтінішті қанағаттандырмады

Әйелі Салтанат Нүкенованы азаптап өлтірді деп айыпталған Қуандық Бишімбаевтың қылмыстық ісі бойынша кезекті сот отырысы өтіп жатыр. Жәбірленуші тарап сотқа Бишімбаевтың бұрынғы әйелі Назым Қаһарманды куәгер ретінде шақыруды сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Видеодан скриншот

Айтбек Амангелдінің адвокаты Жанна Оразбақова сот отырысына Назым Қаһарман келіп, сотталушымен неке кезінде қысым көрген/көрмегенін сұрау туралы өтініш білдірді.

“Бишімбаевқа тергеу кезінде” бұрынғы некеңізде жұбыңызға қысым көрсетіп, қол көтердіңіз бе?” деген сұрақ қойылған еді. Осы сұрақтың жауабын білу үшін Бишімбаевтың бұрынғы жары Назым Қаһарманның куәгер болуын сұраймыз. Ол интернет-басылымға сұхбат беріп, соққысына қалғанын, оны Бишімбаев туалеттің басымен ұрғанын айтқан екен”, – деді адвокат.

Қуандық Бишімбаев бұрынғы әйелінің келгеніне қарсылық білдірмеді. Десе де, судья өтінішті қанағаттандырған жоқ. Айтуынша, оның сөзінің шын-өтірігін анықтау мүмкін емес.

Сот отырысында тергеу аяқталды. Енді жарыссөз басталды. 

Бұған дейін Бишімбаев пен марқұм Салтанат Нүкенованың WhatsApp арқылы сөйлескен хаттарының скриндері оқылды. Онда Салтанат Бишімбаевтан үйге қайта оралуын сұраған.

Бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деген күдікпен ұсталған. Кейіннен қылмысты жасырды деген айыппен Салтанат Нүкенова көз жұмған мейрамхананың директоры да тұтқындалды. Қазір олардың сот отырысы ашық түрде өтіп жатыр. 

Сондай-ақ экс-министр Қуандық Бишімбаевқа Қылмыстық кодекстің 110-бабы 2-бөлігі ("Азаптау"), Қылмыстық кодекстің 99-бабы 2-бөлігі 5-тармағы ("Аса қатыгездікпен адам өлтіру") бойынша жаңа айыптар тағылған еді. Ал оның туысы Бақытжан Байжанов қылмысты жасырғаны үшін айыпталды.

Талқылау