Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Нүкенова қаза тапқан күні Bau мейрамханасында Путин делегациясы кешкі ас ішуі керек болған

Салтанат Нүкенова өлтірілген күні Bau мейрамханасында Ресей президенті Владимир Путиннің делегациясы кешкі ас ішуі керек еді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Яндекс карта

Сотта Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты екінші айыпталушы – "Гастроорталық" директоры Бақытжан Байжановтың ұялы телефоны тексерілді. Прокурор Байжанов пен мейрамхана әкімшісі Қарлығаш Аймағамбетованың 2023 жылғы 9 қарашада, яғни Салтанат Нүкенова қайтыс болған күнгі хат алмасуын оқыды. Байжанов әкімшіден мейрамханада өтуі тиіс барлық іс-шараны тоқтатуды сұраған.

"Бақытжан, бізде банкет бар, кешегі сіздердің қонақтарыңыз, мен оны қалай тоқтатамын? Айтыңызшы? Онда Путин делегациясы болады", – деді әкімші Байжановқа.

Ол Бишімбаев пен Нүкенова паркингке түсіп, кетіп қалса деген ұсыныс айтты. Байжанов Аймағамбетоваға делегацияның бронін көрші мекемеге ауыстырып, оларға Bau мейрамханасында "форс-мажор" болғанын хабарлауды тапсырды.

Осыдан кейін мейрамхана жабылып, барлық қызметкер үйіне таратылған.

"9 қарашада Путин Астанаға делегациясымен келді. Talan Towers-те болды. Ұйымдастырушылар біздің вип-кабинада отыруға тиіс еді", – деп түсіндірді Байжанов.

Бұған дейін "Гастроорталықтың" бірінші қабатының әкімшісі Гүлзада Смайылова шетелдік президенттің келуіне байланысты сағат 6.00-ден кешке дейін мемлекеттік күзет қызметінің қызметкерлері кезекшілік еткенін айтқан еді.

Айта кетейік, Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында әйелін өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың қылмыстық ісі қаралып жатыр. Жәбірленуші тараптың адвокаты Жанна Оразбақова бөлмеде марқұмның саусақ іздері мүлдем анықталмағанын айтып, олар қайда кеткенін сұрады.

“Саусақ іздерін сүрткен мүсәтір қайда кетті? Бұл бөлмеде Салтанаттың бірде-бір саусақ ізі табылған жоқ. Бишімбаевқа қояр сұрағым бар. Сіз Салтанатпен бірге ішімдік ішкеніңізді айттыңыз. Бірақ қалайша стақанда, бөтелкеде, шыны ыдыста тек сіздің саусағыңыздың ізі тұр, ал Салтанаттікі жоқ?" – деп сұрады адвокат Жанна Оразбақова.

Қуандық Бишімбаев алкогольді өзі құйып бергенін айтты.

"Шынымды айтсам, білмеймін. Кейбір сараптамаларда күртешеде оның саусақ іздері бар. Жарайды, бәлкім, мен өзім құйып бергендіктен, солай болды. Мүмкін ол вазаларды ұстаған жоқ. "Мұны түсіндіре алмаймын", – деп жауап берді Бишімбаев.

Талқылау