Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Нокаутқа жіберер еді": Әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлымен жұдырықтасудан бас тартты

Отандасымыз Жәнібек Әлімханұлы кезекті жеңісінен кейін орта салмақтағы WBO белбеуіне міндетті үміткер атанған. Белбеу қазіргі әлем чемпионы Деметриус Андрадеге (31-0, 19 КО) тиесілі. Жекпе-жекке қатысты бәссауда 28 қаңтар өтуі керек болған. Алайда әлем чемпионының өз белбеуін қорғамай, жұдырықтасудан бас тартатыны белгілі болды, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

әлімханұлы

Промоутерлік сауда алдында инсайдер Крис Мэнникс Деметриус Андраденің өз белбеуін қорғаудан бас тартып, екінші орта салмаққа көтерілетінін мәлімдеді. Мұнда ол британиялық Зак Паркермен (22-0, 17 КО) "WBO" уақытша чемпиондық белбеуін сарапқа салуды жоспарлап отыр. Андраде-Паркер жекпе-жегінің жеңімпазы Сауль "Канело" Альварестің міндетті қарсыласы атанады. 

Крис Мэнникстің мәлімдемесіне Жәнібек Әлімханұлы жауап беріп, орта салмақта өзінің үздік екенін жеткізді. 

"Орта салмақта мен патша екенімді айтқанмын. Қайдасыңдар чемпиондар?", - деп жазды отандасымыз. 

Бұдан кейін Әлімханұлы кез келген жекпе-жекке дайын екенін мәлімдеді. 

Андраденің кездесуден бас тартқаны жайлы пікір білдірген инсайдер Рик Глейсер Әлімханұлының жеңіске жететіні анық екенін айтты.

"Жәнібек Андрадені нокаутқа жіберетін еді. Сондықтан ол чемпиондық белбеуді босатты", - деп жазды Глейсер. 

Деметриус Андраде белбеубен бас тартқан жағдайда Дүниежүзілік бокс ұйымы Әлімханұлына рейтингі жоғары қарсылас таңдайды. Бұл тізімнің басында мексикалық Хайме Мунгия тұр. Алайда ол 19 ақпанда америкалық Димитриус Баллардпен жұдырық түйістіреді. Сондықтан Жәнібек бразилиялық Эскива Фалькаомен (29-0, 20 КО) чемпиондық белбеуге таласуы ықтимал. 

Фалькао WBO рейтингінде үшінші орында, ал Жәнібек екінші орынға орналасқан. 

Айта кетейік, бұған дейін қазақстандық Р4Р-боксшылар рейтингінде Жәнібек Әлімханұлының көш бастағаны туралы хабарлаған едік. 

Талқылау