Ноғайлар, қарақалпақтар мен қазақтар бір халық па? Ғалымдар жауап берді
Ғалымдар ноғай, қазақ пен қарақалпақ ұлтының этногенезін, ал лингвистер сөйлеуі мен тілін зерттеген. Ғалымдардың айтуынша, аталған үш халық XVI ғасырға дейін бір тілде сөйлеген. Дегенмен 5 ғасырда көп нәрсе өзгерген, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.
Airan YouTube-арнасында тарихшы Жақсылық Сәбитов пен филолог Қайрат Жаңабаев үш ұлттың тарихы туралы сөз қозғады. Филолог Қайрат Жаңабаевтың пайымдауынша, Қырымға дейін бұл халық бір мемлекеттің құрамында болған. Тек осыдан кейін Ноғай және Қырым ордасы, Қазақ хандығы болып ыдырап кеткен.
"Бірақ біз Жәнібек пен Керей сұлтандар кезінде бір халық болдық. Шайбанилер кеткен соң Ноғай мемлекеті болды, әрі бұл үлкен, қуаттты ел еді. Бөліндік, саяси тұрғыдан бөлінгенімізбен, тіліміз бір, бір халық. Кейін климат салдарынан өзгерістер енді. Далалы аймақта тіліміз еркін, музыка секілді. Ал қалалық мәдениет бар жерде тілге сауда да әсер етеді. Ал таулық мәдениетте, ноғайларға жақын аймақта, мысалы Солтүстік Кавказда дауыс қатты шығады. Себебі тауда естілу үшін қатты сөйлейді. Ал қарақалпақтар бізбен бір аймақта орналасқан. Дегенмен өзбек тілі де әсер еткен. Ал өзбек пен ұйғыр тілі қыпшақ емес, қарлұқ тобына жатады", – дейді филолог.
Қазақтар мен өзге түрік халықтарының туыстық деңгейін анықтау үшін ДНҚ сараптамасы көмектеседі. Қазақстандық ғалымдар Орталық Азия, Еуропа, Моңғолия мен Қытайдағы түрлі ұлт өкілдерінің генетикалық портретін салыстыру үшін сараптама алған.
Тілдік тұрғыдан қазақтар қарақалпақтар мен ноғайларға жақын. Тарихшы Жақсылық Сәбитовтің сөзінше, генетика тұрғысынан да дәл сондай.
"Бір жағынан қазақтарға қарақалпақтардың жақын екенін көріп отырмыз, тіл тұрғысынан да, түрін де ажырату қиын. Қарақалпақтардан ДНҚ сараптамасын алғанда бригадирлері қатты таңданған. Себебі оларды қазақ деп ойлап қалған. Сондықтан қазақтарға антропология мен генетика тұрғысынан ең жақыны қарақалпақтар, одан кейін ноғайлар. Ноғайлар Астрахань, Ставрополь, Шешенстанда тұрады. Сонымен қатар қырғыздар да бар. Олардың тілдері өзгеше, бірақ ноғайлармен ұқсастық бойынша 2-3 орында тұр", – деді ол.
Ғалымдар тілдік және генетикалық тұрғыдан қазақтар мен ноғайлар ұқсас болса да, бөлек халықтар екенін айтады. Себебі 5 ғасырда көп нәрсе өзгерген.
"Бұлар – бөлек халықтар. Әдеби тілі, ұлттық деңгейде бөлек. Қарақалпақтар, ноғайлар мен қазақтар бір халық деу – қателік. Украина мен Ресей бір халық дегенмен тең. Бұрын бөлініп кеткен және дәстүрі де өзгеше", – дейді Жақсылық Сәбитов.

"Бор мен қағазды өзіміз сатып аламыз": Қазақстандық мұғалімдер мектеп басшылығына шағымданды
