“Ninety one” тобының продюсері мен Зайытов бетпе-бет кездесті
Белгілі айтыскер ақын Ринат Зайытов “Орда” тобының мүшесін “қылмыскер” деп айыптаған болатын. Артынша ақынның сөзіне Тоқтар Серіков пен Төреғали Төрәлі қосылды. Осылайша әншілер арасында дау туып, осы күнге дейін жалғасып келеді. Даудың басы “Ninety one” тобының қазақ эстрадасының қатарын толықтыруынан басталды.
Бұл туралы Stan.kz хабарлайды.
Күні кеше “Айтуға оңай” бағдарламасында Бейсен Құранбек даттаушылар мен жақтаушылардың басын қосып, Ринат Зайытов пен “Ninety one” тобының продюсері Ерболат Беделханды бетпе-бет кездестірді. Жұлдыздар халық алдында пікір алмасып, ойларын ашық жеткізді.
Әнші Беделхан бұл топты шығарудағы мақсатын “Басынан бастап осы жастарға назар аударайық, осы жастар үшін еңбек етейік деген ұстанымда болғанбыз. Жастардың ештеңесіне мән бермейміз… Оларға ұсынатын ешнәрсе жоқ. Мен тек музыка мәдениетін емес, хип-хоп бағытын таңдағанмын. Жаңағы рэпті істеген америкалықтар. Хип-хоп, рок-н-ролл сынды бағыттар бар. Оны жасаған еуропалықтар. Англияда шығатын “Rolling Stone” деген журнал бар… Сол жерде соңғы жаңалықты Азия мемлекеттерінен күтеміз деп жазып кеткен болатын. Айтқаны сол еді 4-5 жылдан кейін “к-рор” бағыты пайда болды. Оны Корея мемлекеті шығарды. Соған байланысты біздің азиялық түрімізді бүкіл әлем тани бастады” деп түсіндірді. Мұнымен қатар, аталған бағыттың “Кю-поп” деп аталатын, яғни қазақ поп бағыты пайда болғанын айтты.
Өз сөзін “көздеріңше айтайын” деп бастаған Ринат Зайытов “86 жылы боздақтарымыз алаңға шаққанда не үшін шықты? Қазақ елін қазақ басқаруы керек, қазақы болмысымызды жоғалтып барамыз деп шықты… Қазір бүкіл дүние жүзінде осындай азғындалған ұлттарды жойып жіберу үрдісі жүріп жатыр. Ол бірінші дінін, екінші салт-дәстүрін жоқ қылады, үшінші сол мемлекеттің есейіп келе жатқан азаматтарын жояды. Бұл – еуропаның үстінен басып тастаған үрдіс. Елтон Джон секілді әншілер “бұл – жаңашылдық” деп айтқалы бері бәленбай ұлт бұзылды. Балалардың музыкалық бағытына тағар мінім жоқ, мәселе бұлардың сыртқы болмысында” деп “Ninety one” сынды топтардың өсіп келе жатқан ұрпаққа жаман тәрбие беретінін айтты.
Ары қарай өз ұстазының сахнаға дәрет алмай шығармайтынын айтып, “Ninety one” тобынан кейін балаларына бүгін түскен суреттерін қалай көрсететіндігін сұрады.
Ерболат Беделхан топты құрмас бұрын Кореяға арнайы барып, “к-рор” бағытында қалай жұмыс істеу керектігі бойынша тәжірибе жинаған. Артынша елге оралып мықты стилист маман жалдаған. Стилист өз кезегінде осылай киініп, шаштарын бояуының аталған стильге тән екенін айтты. Тіпті олардың киімдері шок қалдыруы тиіс дейді.
Әнші Ерболат Беделхан “Мен Ринатты жақсы түсінемін. Бұл балалардың әке-шешесіне дейін осындай сөз шығады деп ескерткен болатынмын… Мен сенен үш жас үлкенмін. 90-жылдары мектепте оқып жүрген кезімізде қандай қиын кезең болғанын білесіздер. Мен мектептен шығып кеттім. Бізде аяқ киім тонау, мылтық алып жүру жәйдан-жәй бола беретін… Сол кезде хип-хоп бағыты пайда болды. Сол кездегі заманға, сол өңірге сай стиль болды. Бұлар керісінше агрессия шақырмайды. Ал бізде 100% агрессия болатын. Бұл балалар керісінше қолымен жүректі көрсетіп, “мен сені жақсы көремін”, “бақытты болыңыздар” деп тұрады” деп өзінің шәкірттерін ақтап алды.
Ерболат Беделхан оралман екенін ашып айтып, Отанға 68 адам болып келгенін жасырмады. Мұндағы мақсаттары – қазақ болу екен. Келген соң тілден зардап шегіп, не қазақ, не орыс, не моңғол емес, әсіресе Қарағанды қаласында оқуға тапсырған кезде қатты қиналған. Осыдан көп жыл бұрын Ресей мен Лондон сахнасына шығу мүмкіндігі бұйырып тұрғанда, “азиялық түріне” байланысты шеттетілген. Дәл қазір жер бетіндегі 242 мемлекеттің тең жартысы қазақ тіліндегі “Айыптама” атты әнді тыңдап, қазақ тілінің кереметтегін айтқанда қатты қуанатын көрінеді.
Шәкірттерін ақтаған әнші Ринат мырзаны түсінетіндігін, оның жолының үлкендігін мойындайтынын жеткізді. Бірақ әріптесін жастарға “қайғыру музыкасын” бермеуге шақырды.
Эстрада әншілері Жұбаныш Жексенұлы мен Роза Рымбаева аталған топты жақтай түсті. Бірі олардың сүйкімділігін айтса, енді бірі мұндай топтың қазақ еліне қажет екенін тілге тиек етті. Ал Асқар Жүнісбеков бұл топты шығарудағы мақсатты табыс көзі деп түсіндірді.
Көптен бері шешілмей келе жатқан даудың бұл жолы да нүктесі қойылмады. Жұлдыздардың әрқайсысы өзінің пікірінде қалатынын жеткізді. Осы бағдарламадан кейін топтың тыңдармандары азайа ма, әлде көбейе ме ол жағы да белгісіз.
Естеріңізде болса, осы уақытқа дейін Ерболат Бедалханның әнші Төреғали Төрәліні әжуалап жатқаны туралы жазған болатынбыз.