Соңғы жаңалықтар

Айықпас тері дертіне шалдыққан астаналық бала суға түсіп жан сауғалайды

Нұр-Сұлтан қаласының тұрғыны Зинаида Никитина - үш баланың анасы. Үлкені - Никита - 7 жаста, айықпас дертке - ихтиозға шалдыққан. Осы уақытқа дейін бірқатар БАҚ-қа көмек сұрап барған ана отбасының басты проблемасы әлі шешімін таппағанын айтып налыйды. Stan.kz редакциясы Зинаида Никитинадан ұлы мен отбасының қазіргі жағдайын сұрап біліп, мұңын тыңдады.

"Түнде балам қиналып оянғанда, ваннаны суға толтырамын. Суға түссе, ауырсынғаны басылады. Көктем-жазда құлағының терісі түсіп, беті жарылып кететіні бар. Қол-аяғына жақпа май жағып, бинтпен ораймыз. Ол жазылғаннан кейін жаңа жаралар пайда болады. Қолдан келетін дүние – тек терісін ылғалдандырып отыру, май жағып, суға түсіру. Ұлымның өмірі осылай өтіп жатыр", - дейді барлық уақыты баласының күтіміне кететін әйел. Одан басқа Никита А, Е дәрумендерін, кейде тыныштандыратын супрастин қабылдайды.

 

- Зинаида, аурудың белгілері қалай пайда болды? Тұқымнан берілді ме?

– Нақты тұқым қуалау арқылы берілді деп айтуға келмейді. Отбасында, жалпы әулетте осынай бүкіл денесіне зақым келген жалғыз Никита ғана. Күйеуімнің денесі құрғақ: қолы, шынтақ, жамбас тұстары болмаса, одан артық ештеңе жоқ. Балам дені сау болып туғанын білем. Бір жасқа келгенде аурудың белгілері пайда бола бастады: ауруханаға барып тиісті анализдерді тапсырдық. Алты жасында ғана нақты диагноз қойылды. Оған дейін дәрігерлер әртүрлі диагноздар қойып жүрді, былайша айтқанда, белгісіздікте жүрдім, бұл мен үшін ең қорқыныштысы еді. Бес жасқа дейін түрлі ем жасадық, ақырында мұның жазылмайтынын түсініп, жағдайды осы қалпында қабылдадым. 

- Сабағына қалай үлгереді?

– Үй жайында оқытуды қаламадым. Себебі өзін барлығы сияқты сезінуі керек деп ойлаймын. Толықтай мектепке барады. Өте жақсы оқиды. Алайда түнде ұйықтамағандықтан, сабақ кезінде ұйқысы келуі мүмкін. Түнде 3, 4-те ұйықтайтын кезде, таңертең 7-де тұрғызып жіберемін. Мектеп жанымызда, сынып жетекшісі қарайласады. Ұйқысы қанбай тұрғанын көрсе, қатты қинамайды, кейде үйге жібереді, сонда өзіміз сабағын үйде оқимыз. 

- Ұлыңыз емделеді деген үмітіңіз бар ма?

– Екі жасынан бастап дәрігерлерге барып, ұлымның қанын тазалауды сұрадым. Бес, алты жасына дейін осы қан тазалату мәселесімен біраз жүгірдік. Аяғымыз баспаған дәрігер кабинеті қалмады. Бізге мұндай процедура жасауға тыйым салды. Айтуларынша, бұл қауіпті және қан тазалау жағдайымызды одан бетер асқындыруы мүмкін. Тек 18 жаста жасауға болады деді. Яғни, жыныстық жетілуін күтуіміз керек. Дерт толық кетпесе де, денесінің кейбір бөліктерінде ғана сақталуы мүмкін. Кейде қалаға шыққанда кей адамдар қашқақтайды, жұғады деп ойлайтын болса керек.

- Қазір қандай көмекке мұқтажсыздар?

– Ең басты мәселе, баспана. Балаға қарап, жағдайын жасау үшін өзінің бөлмесі болу керек. Шенеуніктердің кабинетінің табалдырығын тоздырып, кезіп жүргеніме төрт жылдың жүзі болды. Көз жұма қарайды, ешқандай көңіл бөлмейді, қанша арналарға хабарластым. Өзіміз қаражат жинайық десек, жинайтын да ештеңе жоқ. Кезекте тұрған пәтерді қырық жылдан кейін аламыз. Сатып алу құқығынсыз пәтер алуды ұсынады. Олай алсақ, бізбен бірдеңе болса, балаларымыз қайда барады?! - дейді үш баланың анасы.

Зинаида Никитина мемлекеттің басқа жолдармен көмек көрсетуге ынтасы жоқ екендігін айтады. Бір бөлмелі жалдамалы пәтерде тұратын отбасы үшін кейбір түндер қиын өтеді. Қатты қиналған түндері отбасы түгелдей оянып, түн ұйқылары төртке бөлінеді екен. Ондай кездері анасы Никитаны тыныштандыру үшін суға түсіріп, майын жағып, дәрісін береді. 

Жуырда отбасы туралы отандық БАҚ-тың бірі жазып, қайырымды жандар баланың еміне 900 мың теңгедей жинап беріпті. Айгүл Мүкей, бірқатар блогерлер әлеуметтік желіде жазып, көпшіліктің назарын аударыпты. Жиналған ақшаны отбасы депозит ашып, соған салыпты. 

Әйел мемлекеттен емес, адамдардан көмек сұрауға ұялады, дегенмен басқа амалым жоқ дейді. Себебі мемлекеттен тегін берілмейтін бағасы қымбат дәрілерді сатып алу да отбасыға қиынға соғуда. Одан басқа кейде пәтерді жалға алуда да қиындықтар туындайды екен. Баласының денесін әрдайым майлап тұру керек болғандықтан, барлық жерде ізі қалады. Ал пәтер иелері мұндай жағдайда үйді бүлдіреді деп жалға беруден бас тартады екен. 

"Кез-келген уақытта пәтерді босатыңыздар деген сөзді ести алатыныңды сезіну, білу қиын. Осының бәрін ұлым түсінеді, ешқашан қысым жасамайды, қарсы шықпайды. Ақшаның барлығы өзіне кетіп жатқанын көріп жатыр. Азық-түлік, мектепке ақша кетеді. “Маған сатып алып бере алмайсыңдар”, “Ештеңе істей алмайсыңдар” деп бір ауыз айтқан емес. Сондықтан өз бетіммен адамдардан баспана алуға көмектесулерін сұраймын деп шештім", - дейді Зинаида. 

Әйелдің айтуынша, ұлы өте мейірімді, нәзік.

"Мені еңсем түскенде көтереді, мені оны қолдаймын. Кейде эмоционалды тозып кететін кездер, істегісі келгенін істей алмағанда болады. Мен оны кішкентай кезінен ең жақсы баласың деп тәрбиеледім. Басқалардан өзгешелігі болса да, өміріне әсер етпейтінін айтып түсіндіремін. Кәдімгі сау бала ретінде өсіремін, қатардағы қарапайым балалармен бірдейсің деймін", - деп әйел тәрбиелеу әдісімен де бөлісті. 

 

Сұхбаттасқан: Назерке МҰСА

Никитаға көмек көрсетем деушілер үшін байланыс нөмірі:

Никитаның анасы: 87054201352

Каспий голд 5169497143943078

 

Талқылау
Пікір
Қазір оқып жатыр
Çàãðóçêà...
Қазір оқып жатыр