Нейрохирург комадан оянып, о дүниені көргенін айтты
Фото: sfam_photo / Shutterstock / Fotodom
Комадан оянған АҚШ-тың танымал нейрохирургі о дүниеде өз әпкесімен кездескенін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Daily Mail-ге сілтеме жасап хабарлайды.
72 жастағы Эбен Александер – Гарвард медициналық мектебінің дәрігері әрі лекторы. Ол бұған дейін өлімнен кейінгі тәжірибеге қатысты барлық мәселеде күмәншіл көзқараста болған. Алайда 2008 жылы ол вирустық менингитпен ауырып, жағдайы нашарлаған. Дәрігерлер оның өмірін сақтап қалу үшін жасанды комаға енгізген. Жеті күн бойы оның ми белсенділігі толықтай тіркелмеген.
Александердің айтуынша, осы кезеңде оның санасы өзі “жұмақ” деп атаған өзге әлемге ауысқан. Саяхат “алғашқы тұманнан” басталып, кейін керемет сұлу алқапқа тап болған. Онда әсем сарқырамалар, әуендер және бәрін біріктіретін терең байланыс сезімі болған.
“Мен өзімді миллиондаған өзге көбелектерден құралған лүпілдеген шоғырдың ішінде, көбелектің қанатындағы сананың бір бөлшегіндей сезіндім”, – деп еске алады ол.
Бұл әлемде оған жол көрсеткен көгілдір көздері мейірімге толы әйел.
“Сен сүйіктісің, қамқорлыққа бөленгенсің және әрдайым солай боласың. Қорқатын ештеңең жоқ”, – деп ол оған телепатиялық түрде тіл қатқан.
Бір аптадан кейін дәрігер есін жиды. Эбен Александер бала кезінде асырап алынған, ал есейген соң өзінің биологиялық ата-анасын тапқан. Алайда бірнеше жыл бұрын өмірден өткен әпкесі Бетсимен кездесіп үлгермеген. Ғажайып оянуынан және толық сауығып кеткенінен бірнеше ай өткен соң ол алғаш рет Бетсидің суретін көріп, ондағы бейненің өзіне жол көрсеткен әйел екенін таныған.
Бұл жайт оның бастан кешкенінің шынайылығына еш күмән қалдырмай, барлық ғылыми қағидаларды қайта қарауға мәжбүр еткен. Қазір ол сана мидан тәуелсіз түрде өмір сүре алады дегенге сенеді.
Айта кетейік, бұған дейін екі мәрте өлім аузынан қалған 80 жастағы әйел о дүниеде көргенін баяндағаны хабарланған еді.
"Әлемде мейірім барына сендіретін жандар": 2025 жылғы жан жылытар әрекеттер мен халықты тәнті еткен қазақстандықтар