Қазақстандықтардың дербес деректерін қорғау: Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін не өзгереді

Премьер-министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мадиев Қазақстанда жаңа Конституция қабылданғаннан кейін азаматтардың жеке деректерін қорғау күшейтілетінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Оның айтуынша, жаңа Конституцияда жеке деректерді қорғау қағидасы алғаш рет Негізгі заң деңгейінде бекітілді.
"Жеке өмір мен отбасы құпиясын қорғау құқығы, сондай-ақ деректерді, соның ішінде цифрлық технология арқылы өңделетін ақпаратты заңсыз жинау, сақтау, өңдеу немесе таратуға жол бермеу заңмен кепілдендірілген.", – деді Мадиев.
Министр бұл шаралардың саладағы заңнаманы одан әрі дамытуға негіз болатынын атап өтті. Оның айтуынша, әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодекс, Қылмыстық кодекс, деректерді қорғау және киберқауіпсіздік туралы заңдар сияқты бірнеше заңға өзгерістер енгізу жоспарланып отыр.
Жұмыс екі бағытта жүргізіледі:
1. Ұйымдастырушылық және техникалық шаралар.
- Деректерді қорғаудың заманауи әдістерін енгізу, оның ішінде деректерді кодтау және маскировка жасау.
- Мемлекеттік базалардан деректерді жүктеу тек заңда көрсетілген ерекше жағдайларда ғана рұқсат етіледі.
- Деректерді өңдейтін операторлардың және сенімді шетелдік деректер алушылардың тіркелімін жасау.
2. Жауапкершілікті күшейту.
- Операторлар уәкілетті органдар мен азаматтарды деректердің тарап кету фактісі және оларды өңдеудің басталуы туралы хабардар етуге міндетті болады;
- Деректерді көпшілікке тарату үшін қылмыстық жауапкершілік енгізіледі;
- Әкімшілік айыппұлдар 5 мың айлық есептік көрсеткішке дейін өсіріледі;
- Мемлекеттік бақылау күшейтіліп, азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеу жүйесі жетілдіріледі.
Мадиевтің айтуынша, бұл шаралар деректерді сенімді қорғау жүйесін қалыптастыруға және оларды өңдеудегі жауапкершілікті күшейтуге бағытталған. Сол арқылы азаматтар цифрлық қызметтерге және мемлекеттік органдарға сенім артатын болады.
"Сап-сау баламды мүгедек қылып алдым": Қазақстандық әйелдің көзінше баласы азелит ішіп, өңешін күйдіріп алған