Қытайлық инвесторлар Қазақстанда мақтаның рекордтық өнімін өсірді

Қазақстанға былтыр Қытайлық компания келіп мақта еккенен кейін елде өнім көлемі 55%-ға артып, 21 жылдағы рекордтық деңгейге жеткен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2025 жылы Қазақстан соңғы жиырма жылдан астам уақыт ішіндегі ең мол мақта өнімін жинады. Жалпы өнім көлемі 465,9 мың тоннаға жетті – бұл соңғы 21 жылдағы ең жоғары көрсеткіш және өткен жылмен салыстырғанда шамамен 55%-ға көп.
"2025 жылы мақтаның жалпы түсімі 465,9 мың тоннаға жетіп, соңғы 21 жылдағы рекордты көрсетті. Өткен жылмен салыстырғанда өсім шамамен 55%. Көрсеткіш 2000 жылдардың басындағы жоғары деңгейге жетті. 2004–2007 жылдары өнім көлемі төрт жыл қатарынан 430 мың тоннадан асқан",– делінген хабарламада.
Осы кезеңнен кейін мұндай жоғары нәтиже тіркелмеген. 2008–2024 жылдары өнім көлемі 239,8 мыңнан 396,7 мың тоннаға дейін ауытқып, орташа есеппен 320,5 мың тоннаны құраған.
Қазақстандағы мақта шаруашылығы толықтай бір өңірде – Түркістан облысы аумағында шоғырланған. 2025 жылы бұл өңірде 145,6 мың гектар жерге мақта егілген. Рекордтық өнім де осы аймақта жиналған.
Сарапшылар өсімнің басты себебі ретінде қытайлық Xinjiang Lihua холдингінің келуін атайды. 2025 жылы шетелдік кәсіпорынға 50 мың гектар егістік жер бөлінген. Осылайша компания елдегі мақта алқаптарының шамамен үштен біріне ие болып отыр. Холдинг Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданы аумағында орналасқан және елдегі ірі агроөнеркәсіп кәсіпорындарының бірі саналады. Қытайда компания шамамен 1,2 миллион му (80 мың гектарға жуық) жерді өңдейді.
-
Қытай Астанадағы LRT жобасы үшін қазақстандық жұмысшыларды оқытып жатыр
Data Hub мәліметінше, холдинг әлемдік брендтермен, соның ішінде Louis Vuitton және Gucci компанияларымен ынтымақтастық орнатқан. Компания 2025 жылдың қазан айынан бастап Қазақстанда дайын өнім шығаруды жоспарлаған. Алайда ресми статистикада тоқыма бұйымдары мен киім өндірісінің айтарлықтай өскені байқалмайды.
Мақтаның негізгі бөлігі бұрынғыдай өңделмеген талшық түрінде шетелге экспортталады. Дегенмен экспорт көлемі азайған: 2025 жылдың 11 айында 57,1 мың тонна өнім сыртқа шығарылған. Бұл 2024 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 27,8%-ға төмен.
Data Hub қорытындысына сәйкес, Қазақстан әзірге киім-кешекпен өзін толық қамтамасыз ете алмай отыр. Өндіріс пен экспорт көлемі импортпен салыстырғанда өте аз. Яғни ел негізінен дайын өнім емес, шикізат жеткізуші күйінде қалып отыр.
"18 жыл бойы несиесін өзім төледім": Ақтөбеде 72 жастағы зейнеткер жалғыз ұлымен үйді бөлісе алмай жүр