Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Риддер қаласында ғимарат шатырынан мұз құлап 76 жастағы зейнеткер зардап шекті

Фото: Желі кадрларынан скрин

Шығыс Қазақстан облысының Риддер қаласында ғимарат шатырынан құлаған мұздан 76 жастағы зейнеткер зардап шекті. Тұрғындар күн жылынғалы төбедегі мұздардың қауіпті түрде адамдар жүретін жолға құлап жатқанын айтып шағымдануда. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Оқиға 11 ақпан күні таңертең Тәуелсіздік даңғылы, 12 мекенжайында болған. Орталық алаңның маңында 76 жастағы әйелдің үстіне шатырда қатқан мұз құлаған. Құлаған кезде үй терезесінен көріп тұрған тұрғын жедел жәрдем шақырған.

“Қазір мұз әйелдің үстіне құлады. Тез жедел жәрдем шақырдым. Осы мәселемен біреу айналысады ма өзі? Үйдің осы бөлігінен, тіпті подьезден балалармен шыға алмай отырмыз. Себебі осындай оқыс оқиғадан қорқып үш күннен бері үйден шықпай отырмыз. Бұл мәселені біреу қолға ала ма?”, – деді тұрғын. 

Шығыс Қазақстан облысының Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметінің мәліметінше, зардап шеккен әйелді Риддер қалалық ауруханасының травматология бөліміне жатқызды. Оған жабық бас ми жарақаты, ми шайқалуы, қабырға, оң иық буыны және бел омыртқасының соққысы диагнозы қойылған.

Қар мен мұз құлаған үй қаладағы қарбалас аймақта орналасқан. Мұнда бірінші қабаттарында дүкендер жұмыс істейді. Дегенмен тұрғындардың айтуынша, кәсіпкерлер шатырды тазалау шығындарына қатысқысы келмейді. Тұрғындар өз қаражатына жұмысшылар жалдап, кіреберіс жақты тазартуға мәжбүр.



Үйде 140 пәтер бар. Ал Кооператив коммуналдық қызмет ұзақ уақыттан бері жоқ және шатырдың жағдайына жүйелі бақылау іс жүзінде жүргізілмеген. Ең қауіпті бөлік жаяу жүргіншілер жолы.  

Әкімдік қазір шатырды тазалау үшін техника жіберуге және тротуардағы мұзды кетіруге уәде берді. Сонымен бірге қала билігі үйді күту тұрғындар мен коммерциялық нысандардың иелерінің міндеті екенін атап өтті.

Риддерде бірнеше жыл бұрын өлімге әкелген жағдайлар тіркелген. Мұнда кем дегенде үш адам мұз құлап қаза болған.  

STAN.KZ
Сәрсенбі, 11 Ақпан, 2026 13:15