"Елге алғысым шексіз": Ресейге кіруіне тыйым салынған Нұрлан Сабыров алғаш рет мәлімдеме жасады

Ресейге кіруіне 50 жылға тыйым салынған танымал әзілкеш Нұрлан Сабыров алғаш рет жағдайға қатысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Ол ақпарат тарағаннан екі күннен кейін ғана байланысқа шығып, Instagram парақшасында жазба қалдырды.
“Қалыптасқан жағдайға қатысты пікір білдірмеймін, заңгерлер бар, олар өз деңгейінде барлық құзырлы органмен бірге бұл мәселемен айналысады. Уақыт бәрін өз орнына қояды”, – деп жазды ол.
Сабыров шығармашылық жолы 15 жыл бұрын Ресейде басталғанын айтып, осы уақыт ішінде елдің көптеген қаласында болып үлгергенін, ол жақта оны әрдайым жылы қарсы алғанын жеткізді.
“Стендап-комик ретіндегі жолым шамамен 15 жыл бұрын Екатеринбургте басталып, кейін Мәскеуде жалғасты. Осы жылдар ішінде Ресейдің көптеген қаласында болдым, кейбіріне бірнеше рет бардым. Барлық жерде мені жылы қарсы алды. Шығармашылық тұрғыдан дамуға мүмкіндік берген, әртіс ретінде қалыптасуыма ықпал еткен елге алғысым шексіз. Ресейде де, одан тыс жерде де көпұлтты үлкен аудиторияға ие болдым. Рақмет сіздерге!” – деп жазды ол.
Ол сондай-ақ БАҚ өкілдерінен отбасының жеке өміріне қол сұқпауды өтінді.
“Журналистерге, блогерлерге және БАҚ өкілдеріне жеке өтінішім бар. Өтініш, отбасымның жеке өміріне – жұбайым мен балаларымның, ата-анамның және жақындарымның тыныштығына құрметпен қараңыздар”, – деп жазды ол.

2026 жылға арналған Ораза кестесі жарияланды
Айта кетейік, бұған дейін ресейлік БАҚ-та қазақстандық танымал әзілкеш Нұрлан Сабыровқа Ресейге 50 жылға кіруге тыйым салынғаны жөнінде ақпарат тарағаны хабарланған еді.
Кейінірек комиктің Ресей азаматтығын алудан бас тартқаны белгілі болды. Сондай-ақ Сабыровтың Ресейге қайтып оралу шарттары жарияланды.