Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Түркі тілдес елдермен тайталасатын деңгейде": Еуропалықтар арасында тоғызқұмалаққа қызығушылықтың артуына не себеп

тоғызқұмалақ

Фото: Stan.kz

Төрт мың жылдық тарихы бар тоғызқұмалақ ойыны бүгінде еуропалықтарды да қызықтырып отыр. Зейінді дамытып, ойлау қабілетін ұштайтын тоғызқұмалақ әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдерін бір тақтада тоғыстыратын деңгейде. Тіпті Чехия мен Румыния, Испания сынды елдерде арнайы топтар құрылып, төл ойынымызды жарыса ойнайды екен. Stan.kz тілшісі дәл осы атмосфераны сезіну үшін Алматыда өтіп жатқан оқушылар арасындағы әлем чемпионатына барып, 20-дан аса елден келген қатысушылардың қызықты оқиғаларын тыңдап қайтты.

чемпионат

Фотода Чолпонай Кадырбекова

Чолпонай Кадырбекова – Қырғызстаннан келген жас спортшы. Өз елінде республикалық және облыстық жарыстарда жүлдегер атанған ол алғаш рет әлемдік деңгейде бақ сынап жатыр.

"Қырғызстанда тоғызқұмалақ жақсы дамыған. Жеке федерация да бар, қатарластарым да тоғызқұмалақ үйірмесіне қатысады. Бұған дейін Талас облысы бойынша өткен жарыста екі жыл қатарынан чемпион болдым. Ал Әлем чемпионатына алғаш қатысуым. Алматы әсем қала. Мұнда да жеңіс серігім болады деп сенемін", – дейді ол.

Чолпонай тоғызқұмалақты алғаш рет 4 жыл бұрын ойнапты. Түркі халықтарына ортақ бұл ойынмен әжесі таныстырған.

"Әжем тоғызқұмалақ ойнағанда алдына жан салмайды. Сөйтіп 9 жасымда маған да үйретті. Көбіне сабақтан келген соң 2-3 сағат, кейде 5-6 сағат ойнайтын едік. Қазір бұл отбасылық ойынға айналған. Үйде мен, әпкем, әжем, сіңлім мен інім де тоғызқұмалақ ойнайды. Әжемнен үйренген соң мектептегі үйірмеге қатысып, әрі қарай қабілетімді шыңдадым. Төрт жылдың ішінде біраз жетістікке де жеттім", – дейді Чолпонай Кыдырбекова.

13 жастағы Чолпонай тоғызқұмалақ көп нәрсеге үйрететінін айтады. Тіпті математикадан үлгерімі жақсара түскен.

"Тоғызқұмалақ сыни ойлауға, тереңірек үңілуге, алдын ала жоспар құруға үйретеді. Себебі ойын кезінде қандай жүріс жасайтыныңды есептеп, ескеріп отыруың керек. Ойынның арқасында математикам шыңдалды, қазір озат оқушылардың бірімін. Болашақта мен де жаттықтырушы атанып, балаларды сайыстарға дайындағым келеді", – деп түйіндеді ол.

чемпионат

Жарысқа дайындалып жатқан қырғызстандық спортшылар

Тоғызқұмалақ Еуропа елдерінде де кең тараған

Тоғызқұмалақтың тарихы 4 мың жылдық кезеңді қамтиды. Қазір тек түркі тілдес елдерде емес, Еуропада да қызығушылық танытатындар көбейген. Мәселен, 2023 жылы өткізілген оқушылар арасындағы алғашқы әлем чемпионатында Испания елінің қатысушысы үшінші орын алыпты. Ал жыл сайын еуропалықтардың ойнау шеберлігі де артып келеді дейді сайыстың бас төрешісі Әлімжан Қыдырбаев.

"2023 жылы 20 мемлекеттен қатысушылар келген еді. Ал биыл 25 мемлекеттен қатысу туралы ұсыныс түсті. Осы орайда Еуропадан келген қатысушыларды ерекше атағым келіп тұр. Рапидтен жарыс өте тартысты өтті. Қазір түркі тілдес елдің қатысушыларымен тайталасқа түсетін деңгейде. Оның үстіне шетелдіктер біздің спортшылармен онлайн ойнай алады, интернет болса жеткілікті. Еуропалықтар интеллектуалды ойындарға көп көңіл бөледі, бізден кітаптар мен тақталар сұратады. Арадағы байланыс та дамып келеді", – дейді бас төреші Әлімжан Қыдырбаев.

Биыл сайысқа Қазақстан, Түркия, Қырғызстан, Өзбекстан, Монғолия, Ауғанстан, Румыния мен Чехия және т.б. елдер қатысып жатыр.

Чехиялық Ваклав Вокурка әлем чемпионатына екінші рет қатысып отыр. 2023 жылы Алматыға алғаш келсе, 2024 жылы Көшпенділер ойынында бақ сынаған.

чехия

Фотода Ваклав Вокурка

"Тоғызқұмалақты алғаш рет үш жыл бұрын ойнадым. Жеңіл, үйрену оңай, ойлауыңды дамытады. Осы аралықта төрт рет ірі сайыстарда бақ сынадым. Қазір Чехияда тоғызқұмалаққа қызығатындар көбейіп келеді. Арнайы топтар құрып, бірге дайындаламыз. Өзге елдердің өкілдерімен танысамыз", – дейді ол.

Ал Клаудиа крина Балинт – Румыниядағы татар диаспорасының өкілі. Қазір жастарға тоғызқұмалақ ойынын үйретіп жүр екен. Алматыдағы әлем чемпионатына оның 7 шәкірті қатысып жатыр.

чемпионат

Фотода Клаудиа крина Балинт

"Қазір Румынияда тоғызқұмалақты насихаттау үшін 20 мың оқушыны қамтитын үлкен жоба бастадық. Тоғызқұмалақтан бөлек балалар "Асық ату", "Қазақ күресі" сынды спорт түрлерімен айналысамыз. Ал келесі әлем чемпионатын Румынияда өткізуді жоспарлап отырмыз. Тоғызқұмалақ татарлардың да ұлттық ойыны болып есептеледі. Астанада өткен Көшпенділер ойынында Румынияның намысын қорғадық. Сондықтан балаларға дәстүрлі ойынды үйрету біз үшін де үлкен жауапкершілік", – деді Клаудиа крина Балинт.

Мучика Разван Андрей – румыниялық Клаудиа Балинттің шәкірті. Стратегиялық ойындарды жақсы көремін деген жас спортшы Алматыдағы чемпионатта өзінің мықты екенін дәлелдегісі келеді.

Фотода Мучика Разван Андрей

"Алғаш рет 2022 жылы осы ойынды ойнап, кейін алғашқы әлем чемпионатына қатысқанмын. Биыл да жіберген есемді қайтарып, татар ұлтының да тоғызқұмалақтан мықты екенін дәлелдегім келеді. Алматы – әсем қала, мұнда тек сайысып қоймай, әсем табиғатқа қарап, рахаттанып жүрміз", – дейді ол.

Франку Янис те Румыниядан келген спортшылардың бірі. 2024 жылы Астанада өткен Көшпенділер ойынында жүлделі орын алған ол биыл да жеңіс тұғырынан көрінуді мақсат етеді. 

Тоғызқұмалақтан Румыния құрамасы

"Тоғызқұмалақ шахмат секілді. Жылдамдық керек емес, мұнда бастысы зейін қойғаныңда. Стратегия мен есепті қажет етеді. Тоғызқұмалақ сонысымен қызықтырды. Ойнауды үш жыл бұрын бастап, талай жетістікке жеттім. Енді бұл ойын түрі әлемнің өзге елдеріне тараса деген тілегім бар. Сонда спорт дамып, жаңа деңгейге жетер еді", – деп түйіндеді ол.

Айта кетейік, Алматыда тоғызқұмалақтан өтіп жатқан оқушылар арасындағы екінші Әлем чемпионатының бас демеушісі – KMF Банк. Биыл тамызда банк лицензиясын алған компания ұлттық құндылықтарды дәріптеп, қолдау көрсетуді жалғастырып келеді. Тіпті банк символы ретінде қазақтың құмай тазысы таңдалғаны бұған дейін айтылған еді.

Банк операцияларын жүргізуге ҚНРДА 12.08.2025 жылы берген № 1.1.120 лицензиясы

STAN.KZ
Жұма, 21 Қараша, 2025 10:00
Талқылау