Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алматыда тұрғын үй кешенінде курьер ескерту жасағаны үшін күзетші әйелді ұрып кеткен

курьер күзетші әйелді ұрып кеткен

Фото: Натальяның жеке архиві/Tengrinews.kz

Алматыдағы тұрғын үй кешенінің бірінде курьер күзетші әйелге шабуыджаған. Ол әйелге екі рет соққы беріп, қасын жарып, қанатып, кейін қашып кеткен. Күзетші курьер жауапкершіліктен құтылып кете ме деп алаңдайтынын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengrinews.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Оқиға 3 қарашада шамамен 16:00-де Керемет шағын ауданында болған. Наталья Попова осы кешенде күзетші болып шамамен төрт жылдан бері жұмыс істейді. Наталияның айтуынша, курьер электромопедпен балалар ойнап жүрген аулаға кіруге тыйым салынғанын елемей, екі бақылау постынан тоқтамай өткен.

"Аулаға кіруге қатаң тыйым салынған. Ал ол ол бұған бағынбады. Мен оған ескерту жасау үшін жақындап, мопедінің нөмірін фотоға түсірдім", – дейді Попова.

Курьердің бұған реакциясы агрессивті болған. Ол күзетшіге қатыгез сөйлеп, қорлаған, сосын мопедін тастап, әйелге жақындап екі рет соққы берген.

"Бірінші соққы жеңіл болды. Бірақ кейін ол күртемнен ұстап, екінші соққыны жасады. Сол кезде сол жақ қасым жарылды", – деді Наталья.

Ол кезекшіліктегі бастығын, жедел жәрдемді және полицияны шақырған. Дәрігерлер жараны тіккен. Наталья ауыр зақым болмаса да, басы әлі де ауырып жүргенін алға тартты.

"Мені дереу ауруханаға жеткізді, жараны тігіп шықты. Қазір тігіс орны мен басым ауырады. Әсіресе ауа райы өзгергенде. Өзім жүре аламын, бірақ әлсіздік бар", – деп қосты ол.

Наталья полицияға арыз жазған. Бірақ  курьерді әлі таба алмай жатыр. Ал оның мопеді басқа адамның атына тіркелген. Наталия ер адамға тек әкімшілік жауапкершілік қана қарастырылуы мүмкін деп алаңдайды.



"Мен полицияға өзім келіп арыз жаздым. Тексеру үшін сот-медициналық сараптама жасау керек деді. Бірақ ол кезде шамам болмады. Маған мопед пен құжаттар жалған екені айтылды. Ал полиция курьерді әлі таба алмай отыр. "Яндекс" полицияның сұрауына байланыс ақпаратын берді. Бірақ олармен тікелей байланыс болған жоқ", – деді Наталья.

Компания ішкі тексеріс жүргізіп, шабуыл жасаған курьер шынымен олардың сервисімен байланысты екенін анықтайтынын айтты.

"Егер курьер Яндекс қызметтерімен байланыста болса, заң бойынша шара қолданамыз. Тергеуге толық көмектесеміз", – деп хабарлады компания.

Ал Алматы полиция департаменті күзетшіге шабуыл фактісі бойынша 108-1-бап (Адам денсаулығына жеңіл зиян келтіру) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.

"Курьердің кім екенін анықтадық. Оны ұстау бойынша шаралар қабылданып жатыр. Қылмыскерді жауапқа тарту үшін барлық тергеу іс-шаралары жүргізілуде", – деді полиция.

STAN.KZ
Бейсенбі, 06 Қараша, 2025 14:46
Талқылау