Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Луврдағы ұрлық: Екі күдікті кінәсін ішінара мойындады

Лувр ұрлық жасағандар кінәсін ішнара мойындады

Фото: Reuters

Париж прокуроры Лора Беккон Лувр музейін тонауға қатысы бар деп күдікке ілінген екі адамның кінәларын ішінара мойындағанын мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Euronews порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Полицияда 96 сағат тергеуде болғаннан кейін күдіктілер тергеу судьясының алдына шығарылды. Оларға "ұйымдасқан ұрлық жасау" және "қылмыстық келісімге келу" баптары бойынша айып тағылды.

Прокурор оларды қамауда қалдыруды сұраған. Күдіктілердің бірі – 34 жастағы жұмыссыз Франция мен Алжир азаматы, ол Алжирге ұшпақ болған кезінде Руасси әуежайында ұсталған. Бұрын да полиция базасында тіркелген. Ал оның ДНҚ-сы ұрлықта қолданылған скутердің үстінен табылған. 

Екінші күдікті – 39 жастағы француз азаматы, ол Обервиль қаласында ұсталған. Бұрын ауыр қылмыс жасағаны белгілі. Оның ДНҚ-сы сынған терезелердің бірінен табылған.

Тергеу мәліметінше, ұрлыққа тағы екі адам қатысқан болуы мүмкін. Бірақ прокурор бұдан да үлкен ұйымдасқан топтың бар екенін жоққа шығармайды.

Баспасөз конференциясына Бандитизмге қарсы бригада (BRB) мен мәдени құндылықтардың заңсыз айналымымен күрес басқармасының (OCBC) өкілдері қатысты. Олар осы істі тергеп жатыр.



"Жүзге жуық тергеуші бір апта бойы, күндіз-түні қылмыскерлердің кім екенін анықтап, ұрланған әшекейлерді табуға тырысты", – деді прокурор.

Лувр музейінен ұрланған бұйымдардың ішінде Бірінші және Екінші империя дәуіріне тиесілі, сапфир мен изумрудтармен безендірілген зергерлік әшекейлер бар. Олардың жалпы құны 88 миллион еуроға бағаланады.

"Ұрланған әшекейлер әлі табылған жоқ, бірақ мен олардың қайта табылып, Лувр музейіне, жалпы алғанда, ұлтқа қайтарылатынына үміттенемін", – деді прокурор Бекко.

Еске салайық, бұған дейін Парижде Лувр мұражайынан бағалы зергерлік бұйымдар ұрланғанын жазған едік. Франция президенті Эмманюэль Макрон бұл оқиғаға байланысты пікір білдіріп, ұрланған жәдігерлердің міндетті түрде қайтарылып, кінәлілердің жауапқа тартылатынын айтты. Ал осыдан бұрын Павел Дуров Луврдан ұрланған зергерлік бұйымдарды сатып алуға дайын екенін мәлімдеген еді.

STAN.KZ
Бейсенбі, 30 Қазан, 2025 08:51
Талқылау